Өзге емес өзім айтам... 3-серия!

Уай, ассаламуалейкум, а десе ауыздарынан сөздері төгіліп, ар жағынан жүректері көрінетін, айт десе, аңыратып, тоқта десең кермені үзе тоқтайтын айтаберлік ағайын! Өзімнің қандай екенімді таныстырудың үшінші сериясына да кеп қалыптық. Не айтам енді деп ойланып тұратын уақыт жоқ. Не дейміз енді, сөзге кедейміз демейміз тағы. Бағыда, баяғыда дегенде, осы былтыр жатақханадан бір себептермен шығып қалдым. Оны осы сайттың ең белді мүшелерінің бірі, ай десе аузы, күнде десе көзі бар Қырмызы біледі. Содан не керек, біраз уақыт, жатақ ала алмай жүрдім. Өзімнің де мінезім, адам түсінерлік мінез емес. Ит байласаң тұрмайтын жер сияқты мінез. Қай жетіскен дейсің. Содан соның шаруаларымен тоздырмаған табалдырығым жоқ. Қақпаған есігім жоқ. Кімнің есігін қақпаған болсам, олар ренжімес. Себебеі, қағып, әбдер шаршағаннан соң, қолымды бірақ сілтегем. Сіздерге бір әңгіме айтып берейін, бұ да бір мен туралы ақпар беретін хаттар.
Қайрат өзі де пысықтау жігіт. Жылда факультеттегі шаралардың басында жүріп, « бармақ басып, көз қысатандардың » бәрімен дос болып алған. Әншейінде көзге ілмей, көзге түгіл шаруа соңында еңбегі еленбей, сөзге де ілінбей қала беретін бұ жігітті, Қалтай атамыз айтқандай: « фамилияларының соңында құйрығы барлар » мереке кезінде жерге түсірмейді. Ондай кезде Қайратымыз – Қайеке! Қалай екені белгісіз сол белсендіміз биыл жатақхана ала алмай қалыпты. Басқа белсенділердің тізімінен қалай түсіп қалғанын өзі де түсіндіре алмай депрессияға ұшырады. Замдеканның есігін қаға – қаға екі қолы да жара болыпты. Оны айтсаң, « қол сынса жең ішінде » дейді екен. Табалдырғы тозған орынбасардың есігін басымен де қаққан көрінеді. Басы жарылған жігітің саспай, « бас жарылса, бөрік ішінде емес пе?! » депті. Қанша дегенмен қазақы тәрбие көрген жігіт қой. Есікті теппепті. Не көрсе де төзе беретін қазақтың баласы да сабырлықты медет етіпті. Бағына орай, ешкімге ұстатпай, ешкімге көрінбей борсықша ініне тығылып алған замдекан да алдынан атып шықпасы бар ма Не керек, содан әлгі жерде біраз әңгіме болып, бірер күнде мәселесі шешілетін болады. Бірер күні бір аптаға жете жығылып, жатақ алады. Оған да тәубе депті « тәубәшіл » қазақтың баласы. Бір ай болғанда аяқтан да айырылар едім ғой деп әзілге айналдыратын көрінеді. Араға уақыт сала, алдынан шыққан замдекан:
— Қайрат, орналастың ба? Депті
— Иә, апай, орналастым.
— Осы сендерде ұят деген бар ма өзі? Жатақхана алғанша алдымнан кетпейсіңдер. Алып алған соң рахмет айтып келмейсіңдер деп, қандай рахмет күткені белгісіз, айқайлай жөнеліпті.
« Құдай –ау, бұл жатақхана деген үкіметтің шарапаты емес пе?! Әлде замдекандардың үйі ме? Өзіңіздің үйіңізді бергендей болдыңыз ғой » деп, Қайраттың орнында мен болсам, тентектігіме салар ем. Бірақ Қайекеміз әріден салып:
— Кешіріңіз, апай, қарбалас боп кетті. Өзім де айтпақшы ем. Үйіңіз не деген үлкен. Бір емес, екі емес тоғыз қабат. Осындай үйге қалай ие боп отырсыз? деп, салмақтана, түрін бұзбастан сұрақ қойыпты. Апайымыз жауап қатпай, бұрылып кетіпті.

P.S. «жатақхана туралы жыр қозғала басталған да замдекандардың нілдей бұзылатыны қызық. Бұзылмайтындары да бар, әрине. Қолымыз жетпей қалады ғой. Шетінен « жұлдыз »… деп, мен де нілдей бұзылып жүрмін.

2 пікір

mairosh
Қайтар рөліндегі жігіт сен ау шамасы))))))Қателеспесем
Тек тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады.