Тәрбие тұнып тұрған ғибратты хикаялар(2)

Асыл сөз /
Қамқор шайтан
Бір қария мешітке намаз оқу үшін келе жатады. Әбден қартайған, әлі жоқ. Жолда екі рет құлап қалады. Сонда да қайтпай, қайткенде де намазға үлгеріп, Алланың разылығын алу үшін жүріп келеді. Бір кезде, қайдан сап ете қалғаны белгісіз бір бала кеп, қолтығынан демеп:
— Мен сізге көмектесейін. Жүріңіз, — деп жетектей жөнеледі.
Қарияның жүрісі өніп, жағдайы түзеліп, жаны кіріп қалады.
— Рахмет, балам! Өркенің өссін! Алла сауаптан жазсын саған. Кімнің баласысын, шырағым?! – деп мейірлене әңгімеге тартады.
— Мен шайтанмын, — дейді бала.
Қария шошып кетеді. Сосын таң қалып:
— Онда, неге маған көмектесіп келесің, — дейді.
— Сенің Аллаға жан жүрегіңмен беріліп, осынша ауыр хәлде болсаң да мешітке барсам деген ниетің үшін Алла саған жәннат сыйламақ. Сен жолда екі рет оңбай құладың. Енді сүрінсең — өліп кетуің мүмкін. Өлсең – жәннатқа кетесің. Сондықтан мен сенің бұл күйіңде өлуіңе қарсымын. Жер басып, жүре тұрғаның жақсы. Әйтеуір бір қате қадам жасап, күнәлермен былғансаң – тозаққа лайық болып қаласың. Сол үшін мен бұрынғыдан да қатты жұмыс жасауым керек. Абайла! Құлап қалма! – депті.
Жетпіс бес қабат
Демалуға келген үш жігіт номерді отельдің жетпіс бесінші қабатынан алған. Кешке таза ауаға шығуды шешкен үш жолдас шыға берісте әкімшіліктегілерден түнгі сағат 10-нан кейін лифттің істемейтінін біледі. Кешікпеуді жөн санап, саябаққа қарай бет алған жігіттер отельге түнгі сағат оннан кешігіп келген еді. Жетпіс бесінші қабатқа жаяу шығу ақылға сыймайтынын айтып әкімшіліктегілерге қанша жалынғанмен, нәтиже болмады. Ескерту де жасалған, тек кешігушілер өздері кінәлі.
Сонымен, алда жетпіс бесінші қабаттағы номерге жаяу көтерілу мәселесі тұр. Үш жігіт әр жиырма бес қабаттан бөліп алып, әңгіме дүкен құруды өз мойындарына алады. Араларындағы бірінші жігіт жиырма бесінші қабатқа дейін көңіл көтеріп, небір күлкілі оқиғаларды еске алып, көңілді біраз көтеріп тастады. Келесі кезекті алған жігіт ой қосарлық мәні бар салмақты әңгімелер айтып, кезекті үшінші жолдастарына берген еді. Үшінші жігіттің әңгімелері мұңды екен. Жетпіс бесінші қабатқа да жетіп қалған жігіттер кілт тоқтады: араларындағы біреуі өкінішті және ғибратты хабары барын айтты:
-Жаяулатып жетпіс бесінші қабатқа да келіп қалыппыз, қатты өкініп тұрмын. Бірінші қабаттағы әкімшіліктегілерден бөлмеміздің кілтін алуды ұмытып кетіппіз. Жігіттер, жетер межеге келіп, амалсыз өкініп тұрғаннан сақтасын. Жұмыр бастының ғұмыры қазіргі сәттегі жағдайға ұқсайтынын қараңдаршы, жиырма бес жасқа дейін ойын-күлкімен өтетін жастық шақ, одан әрі отбасын құрып, иттірліктің қамына көшуді бұйыртса, пайғамбар жасының ар жақ бер жағында адам ана өмірге камдана бастайтынын байқауға болады. Адамдар өмір бойы жүректерінің түбіндегі «кілтті» ұмытумен өтеді. Мейірімді Жаратушымыз осындай жағдайдан сақтасын.
Бір жас жігіт Қағбада «Ей дұрыстардың көмекшісі болған Аллаһым! Ей харамдардан сақтанғандардың көмекшісі болған Аллаһым саған шүкір етемін!» деп қайталай береді. Біреу келіп «неге қайта қайта бір дұғаны қайталай бересің одан басқа ешнәрсе білмеймісің?» деп сұрайды. Оған былай деп түсіндіреді:
“Осыдан 7-8 жыл бұрын Қағбада жүргенде ішінде мың алтыны бар қалташық тауып алдым. Ішімнен бір дауыс «бұл алтындармен мына мына нәрселерді жасайсың!» деп құтыртып жатқан еді. Өз-өзіме «жоқ, бұл меніңкі емес, біреудің затын қолдануым харам болады” дедім. Осы кезде біреу «Мынадай қалташық тауып алған адам бар ма?» деп айғайлап жүр еді. Оны шақырдым. Қалташықтың қандай екенін суреттеді және ішінде 1000 алтын бар» деп айтты. Қалташығын бердім. Ол да маған қалташықтан шығарып 30 алтын берді.

Базарға бардым. Таза реңді бір жас тұтқын баланы мақтап сатып жатқан еді. Ол жас баланың тазалығы менің назарымды тартты. «Бұл тұтқын үшін қанша сұрайсың?» дедім. 30 алтын деп жауап берді. Алтындарды беріп ол жас баланы сатып алдым. Арадан бір-екі жыл өтті. Жас бала өте еңбекқор және әдепті еді.

Бір күні онымен кетіп бара жатқанда алдымыздан үш кісі келе жатқанын көрдік. Жас жігіт маған «Мырзам, мен Фас әміршісінің баласымын. Мына келе жатқандар әкемнің адамдары. Мені іздеп жүргендер. Сенен мені сатуыңды сұрайды. Сен жақсы адамсың, 30 000 мың алтыннан төмен сатпа!» деді. Үш кісі қасымызға келіп «бұл тұтқынды бізге сатасың ба?» деді. «Сатамын бірақ 30 000 алтыннан төмен болмайды» дедім. Біраз саудаласып болмаған соң амалсыз қабыл етті. Алтындарды беріп жас жігітті алып кетті.

Мен бұл алтындармен жұмыс орындарын ашып сауда-cаттықпен айналысып одан да байып кеттім. Бір күні туыстарым «Өте бай бір отбасының жақсы бір қызы бар. Әкесі жақында қайтыс болды. Онымен сені үйлендірейік» деді. Мен де «болады» деп жауап бердім.

Неке қиылды. Түйеге артылып қыздың жасауын алып келді. Жасауының арасынан бір қалташық менің назарымды тартты. Жұбайыма «бұл не?» деп сұрадым. «Ішінде 970 алтын бар, әкем бір кездері Қағбада жоғалтқан екен. Тапқан адамға 30 алтынын беріпті. Қалғанын маған сыйлады, жасауыңа қосарсың деді.» деп жауап берді.
Демек бұл алтындар менің рызығым екен. Қайтарып бермегенімде харам жолдан келер еді. Қазір болса халал жолдан қайта өзіме келді. Маған көмектесіп харамдардан қорғаған, көптеген ниғметтер сыйлаған Раббыма шүкір етемін… Ащы да болса шындықты айтыңдар. Бәрібір тағдырға жазғанын көресің… Несібеңнен артығын көрмейсің…
Алынған жері.
Шынайы жолаушы
Өмірді танығысы келген бір жас жігіт дүниені аралап, саяхаттап жүрген елдерінің бірінде мәшһүр бір ғалымның үйіне қонаққа барады.

Саяхатшы ғалымның тұрған үйінің дуалдарының кітаптарға толы екендігін көреді. Қатты таң қалады әрине. Бірақ мұның мәнісіне бара алмайды. Үйде жерге төсеулі бір кілем, дуалдың түбінде бір төсек, ортада тұрған бір столмен орындықтан басқа ешнәрсе болмайды. Таңданысын жасыра алмай сұрайды:
— Неліктен ешқандай заттарыңыз, жиһаздарыңыз жоқ?

Ғалым қолымен әлгі заттарын меңзеп жауап береді:
— Бар, міне олар!..
— Енді… Айтайын дегенім басқа жиһаздарыңыз, бұйымдарыңыз қайда?

Ғалым бұл сұрағына сұрақпен жауап береді:
— Балам сенің де артықша ешқандай заттарың жоқ. Тек мына арқалап жүрген сөмкең ғана бар. Ал сонда сенің заттарың қайда?

Жас жігіт бұл күтпеген сұраққа былай деп жауаптайды:
— Бірақ көріп тұрсыз ғой мен жолаушымын…

Ғалым күлімдеп дұрыс айтасың дегендей болып басын изейді де:
— Мен де!.. Мен де ақырет жолаушысымын… — дейді.

5 пікір

AL-ASTER
link 1

Жақсы әңгімелерге рахмет.
Jako
Жақсы әңгімелер екен, бірақ алынған жерінің сілтемесін қойғаның жөн болар еді.
Kan
Осы жазбалардың m3 жазбаларынан тыңдаған едім. Керемет тұнып тұрған ғибратты хикаялар. Рахмет.
Korkem
тамаша, жақсы көрем осындай ғибадатты әңгімелерді. Ұнайды
бірінші бөлімі қайда? сілтемесін берсеңіз
Тек тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады.