Абайдың Қара сөздері. Үшінші сөзі

Асыл сөз /
Қазақтың бірінің біріне қаскүнем болмағының, бірінің тілеуінің бірі тілеспейтұғының, рас сөзі аз болатұғының, қызметке таласқыш болатұғының, өздерінің жалқау болатұғының себебі неде? Бүкіл ғаламға белгілі данышпандар әлдеқашан байқаған; әрбір жалқау кісі қорқақ, қайратсыз тартады; әрбір қайратсыз қорқақ, мақтаншақ болады; Әрбір мақтаншақ қорқақ; ақылсыз, надан; әрбір нақылсыз надан, арсыздау; әрбір арсыз жалқаудан сұрамсақ, өзі тойымсыз, өнерсіз, ешкімге достығы жоқ жандар шығады.
Мұның бәрі төрт аяқты малды көбейтеміннен басқа ойының жоқтығымен, өзге егін, сауда, өнер, ғылым солар секілді нәрселерге салынса бұндай болмас еді. Әрбір мал іздеген малым көп болса, өзімдікі де, балаларым да малды болса екен дейді. Ол мас көбейсе, малшыларға бақтырмақ, өздері етке, қымызға тойып, сұлуды жайлап, жүйрікті байлап, отырмақ. Қыстауы тарлық қылса, арызы жеткендік, сыйы өткендік. Байлық қызметінен біреудің қыстауын сатып алмақ, ептеп алмақ, тартып алмақ. Ол қыстауынан айырылған және біреуге тиіспек, я болмаса, орынсыздығынан елден кетпек, әр қазақтың ойы осы.
Осылар біріне бірі достық ойлай ма? Кедей көп болса, ақысы кем болар еді, малдан айырылғандар көбейсе, қыстауы босар еді деп, мен ананы кедей екен деп, ол мені кедей екен деп, әуелде ішімізбен қас сағындық. Әрі беріден сыртымыздан шықты, жауластық, дауластық, партияластық. Осындай қастарға сөзім өтімді болсын және де ептеп мал жинауға күшім жетімді болсын деп, қызметке болыстық, билікке таластық.
Сонан соң не момынның баласы бөтен жаққа шығып, еңбек қылып, мал іздемейді, егін, сауданың керегі жоқ болады. Өз басын өзі осындай таласпенен кісі көбейтеміз деп партия жиғандардың бүгін біреуіне, ертең біреуіне, кезекпен сатады да жүреді. Ұрылар тыйылмайды. Ел тыныш болса, оның ұрлығын ешкім сүймес еді. Ел екі жар болған соң, кім ант ішіп, ақтап, арамдығын жақтап, сүйеймін десе, соған жақ болып сүйеніп, бұрыңғыдан ұрлығын әлденеше есе асырады.
Елдегі жақсы адамдардың бәрінің үстінен бекер, өтірік, «шапты, талады» деген әртүрлі уголовный іс көрсетіп, арыз дайын. Оған дознание тергеу шығарады. Өтірік көрмегенін көрдім деуші куәлар да әлдеқашан дайындалып қойылған. Ол адам басын құтқарамын деу үшін жамандарға жалынса, оның да адамдығын кеткені, егер жалынбаса, тергеулі, сотты адам болып, ешбір қызметке жарамай, басы қатерге түсіп өтеді. Арамдықпенен болыстыққа өткен соң, момынды қадірлемейді, өзіндей арам, қуларды қадірлейді, дос қылып, жәрдемі тиер деп, қас болса, өзіме залал жасауға қолынан келеді деп.
Осы күнде, қазақ ішінде "ісі білмес, кісі білер" деген мақал шығып кетті. Мәнісі " ісінің түзулігінен жетпессің, кісіңнің амалшы, айлалығыннан жетерсің" деген сөз. Үш жылға болыс сайланады. «Сайламадың» деп бұлданғандығымен күн өтеді. Екінші жылы кандидатпенен күн өтеді. Үшінші жылы сайлауға күн жақындап, тағы да болыс болып қалуға болар ма екен деп аңдысып күн өтеді. Енді апырмай несі қалды? Қазақ халқының осындай бұзықшылыққа тартып, жылдан жылға төмендеп, бара жатқанын көру, менім ойыма келеді; Халықтың болыстыққа сайлаймын деген кісісі пәлен түген қадірлі орысша образованиесі болсын. Ондай кісісі жоқ, болса, яки, бар болса да сайламасада, уезный начальник пенен военный губернатордың назначениесімен болады десе, халыққа бек пайдалы болар. Себебі; әуелі қызметқұмар, қазақ балаларына образование беруге, ол да пайдалы іс, екінші назначениесімен болған болыстар халыққа міндетті болмас еді, ұлықтарға міндетті болар еді.
Уә және назначение қылғанда тергеуі, сұрауы барлығына қарамаса, өтірік арыз беретіндер азаяр еді. Яки жоғалар еді. Уә және әрбір болыс елде старшина басы бір би сайлағандық, бұл халыққа көп залал болғандығы көрініп, сыналып, білінді. Қазақ ішінде әрбір сайланған кісінің қолынан келмейді. Бұрыңғы "Қасым ханның қасқа жолын, Есім ханның ескі жолын, Әз Тәуке ханның кеңесі Жеті жарғысын білмек керек. Бұл жаңа заманға келіспей тұрса, орнына татымды, толық билік шығарып, төлеу саларға жарарлық кісі болса керек еді, ондай кісі аз, яки тіпті жоқ.
Бұрыңғы қазақ жайын жақсы білген адамдар, айтқан екен; «Би екеу болса, дау төртеу болады.» деп. Мәнісі тақ болмаса, жұп билер таласып, дау көбейте, береді дегенмен айтылған сөз. Олай өйтіп билерді көбейткенше, әрбір болыс, елден толымды бітімді үш ақ кісі билікке жыл кесілмей сайланса, олар түссе, жаманшылығы әшкере білінгендікпенен түссе, әйтпесе түспесе.
Ол билерге даугер адамдар қалмай, екеуі екі кісіні, билікке таңдап алып, үстіне біреуді посредникке сайлап алып, біте берсе; егер оған да ынтымақтаса алмаса, бағанағы үш бидің біреуін алып, яки жеребемен, сайлап алып жүгенсе, сонда дау ұзамай, бітім болар еді.

1 пікір

Kan
Казірге депутаттарға тура келеді деп ойлаймын. Сайлау кезінде жанталсып жанбағып, сайланып алғансоң билігін асыра пайдаланып немес жалқаулыққа салынып жиындарда ұйықтап отыратын сиқын алға тартуға болады. Абайдың қара сөзі тек ХІХ ғасырмен ХХ ғасырдың қоғамдық қатнастарын қамтымайды ХХІ ғасырды қоса жалпы кез-келген ғасырдағы қазақ қоғамының мінез-құлқына дөп клері анық. Себебі Абай әлдене бір уақытқа тоқталып емес жалпы қазақтың қанына сіңген мінезін жақсы айта білген деп білемін.
Тек тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады.