Абайдың Қара сөздері. Төртінші сөзі

Асыл сөз /
Әрбір байқаған адам білсе керек; күлкі өзі бір мастық екенін, әрбір мас кісіден ғафил көп өтетұғынын да, әрбір мастың сөйлеген кезінде бас ауыртатұғынын. Бұлай болғанда, күлкіге салынған кісі не шаруадан, не ақылдан, не бір ұят келерлік істен құр, ғафил көп өткізіп отырса керек. Өлмеген кісінің не дүниеде, не ахиретте басы бір ауырмай қалса керек.
Әрбір уайым қайғы ойлағыш кісі не дүние шаруасына, не ахирет шаруасына, өзгеден жинақырақ болса керек. Әрбір жинақылықтың түбі кәніш болса керек. Олай болғанда уайым қайғыменен жүре аламызба? Үнемі күлмей жан шыдай ма екен? Жоқ, уайым қайғыменн бірге бол демеймін. Уайым қайғысыздығыңа уайым қайғы қылдағы, сол уайым қайғысыздықтан құтыларлық орынды, харекет табу керек һәм қылу керек. Әрбір орынды харекет өзі де уайым қайғыны азайтады, орынсыз күлкіменен азайтпа, орынды харекетпен азайт!
Шығар есігін таба алмай, уайым қайғының ішіне кіріп алып, қамалып қалмақ, ол өзі де антұрғандық. Және әрбір жаман кісінің қылығына күлсең, оған рахаттанып күлме, ыза болғаныңнан күл, ызалы күлкі өзі де қайғы. Ондай күлкіге үнемі өзіңде салынбассың, әрбір жақсы адамның жақсылық тапқанына рахаттанып күлсең, оның жақсылықты жақсылығынан тапқандығын ғибрат көріп күл. Әрбір ғибрат алмақтың өзі де мастыққа жібермей, уақытымен тоқтатады. Көп күлкінің бәрін де мақтағаным жоқ, оның ішінде бір күлкі бар ау, құдай жаратқан орныменен іштен, көкіректен, жүректкен келмейді, қолдан жасап, сыртыменен бет аузын түзеп, бай бай күлкінің әнін сәндеп, әдемішілік үшін күлетін бояма күлкі.
Адам баласы жылап туады, кейіп өледі. Екі ортада, бұ дүниенің рахатының қайда екенін білмей, бірін бірі аңдып, біріне мақтанып, есіл өмірді ескерусіз, босқа, жарамсыз қылықпенен, қор етіп өткізеді де, таусылған күнде, бір күндік өмірді бар малына сатып алуға таба алмайды.
Қулық саумақ, көз сүзіп, тіленіп, адам саумақ өнерсіз иттің ісі. Әуелі құдайға сыйынып, екінші өз қайратыңа сүйеніп, еңбегіңді сау, еңбек қылсаң, қара жер де береді, құр тастамайды.

1 пікір

Kan
Мен осын Абайдың төртінші қара сөзімен өстім десемде болады. мен оны енді аңғарып тұрмын өткен өміріме қарасам үнемі осы қара сөзді еске алып қуансам қатты күлмеуге,қайғырсам қайғыға салынбауға тырысыппын. Әрі менің жанымда мына бір сөз өшпестей сақталып қалыпты «Адам баласы жылап туады, кейіп өледі» неткен әсері ауыр сөз десеңізші.
Рахмет сізге жариялаушы Сізге Алла разы болсын. Мен қара сөздерді оқымағаныма быраз болып еді. Мені қайтадан иман байлығыма оралттыңыз
Тек тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады.