Абайдың Қара сөздері. Жетінші сөзі.

Асыл сөз /
Жас бала анадан туғанда екі түрлі мінезбен туады; біреуі, ішсем, жесем, ұйықтасам деп, бұлар тәннің құмары, бұлар болмаса, тән жанға қонақ үй бола алмайды. Һәм өзі өспейді, қуат таппайды. Ал біреуі; білсем, көрсем, танысам екен деп, не көрсе, соған талпынып, жалтыр жұлтыр етукен болса, оған қызығып, аузына салып, дәмін татып қарап, тамағына, бетіне басып қарап, сырнай керней болса, дауысына ұмтылып, ержеткен соң, ит үрсе де, мал шуласа да, біреу күлсе де, біреу жыласа да, тұра жүгіріп; «ол немене?, бұл немене?» деп, «неге үйтті?» деп, " ол неге бүтті" деп, көзі көрген, құлағы естігеннің бәрін сұрап, тыныштық көрмейді. Мұны бәрі жанның құмары дейді. Білсем екен, көрсем екен, үйренсем екен деген.
Дүние көрінген сырын түгендеп, білмесе де, орны болмайды.Білмеген соң, ол жан адамы жаны болмай, хайуан жаны болады.Қуат жетпеген, ми толмаған ессіз бала күндегі «бұл немене, ол не?» деп, бір нәрсені сұрап білсем екен дегенде, ұйқы, тамақ, есімізден шығып кететұғын құмарымызды, ержеткен соң, ақыл кіргенде, кісісін тауып, ғалым тапқандардың жолына неге салмайды екеміз?
Сол өрістетіп, өрісімізді ұзартып, құмарланып жиған қазынамызды көбейтсек керек, бұл жанның тамағы еді. Тәннен артық еді, тәнді жанға бас ұрғызса керек еді. Олай қылмадық, шулап, барқылдап, ауылдағы боқтықтан ұзамадық. Жан бізді жа күнімізден билеп жүр. Күш енген соң, оған билетпедік, жанды тәнге бас ұрғыздық, көңілменен қарамадық, көзбен де жақсы қарамадық, көңіл айтып тұрса, сенбедік. Көзбенен сыртынан көргеннен ақ тойдық. Сырын қалай болатынын көңілге алмадық, оны білмеген кісінің несі кетіпті дейміз. Кеткенін айтса да, ұқпаймыз.
Көкіректе сәуле жоқ, көңілде сенім жоқ. Құр көзбенен көрген біздің хайуан малдан неміз артық?Қайта, бала күнімізде, жақсы екенбіз.Білсек те, білмесек те, білсек екен адамның баласы екенбіз.Осы күннен хайуаннан да жаманбыз. Хайуан білмейді, білемін деп те таласпайды. Біз түк білмейміз, біз де білеміз деп надандығымыздың білімділікке бермей таласқанда, өлер тірілерімізді білмей, күре тамырымызды адырайтып кетеміз.

2 пікір

Kan
Керемет жазған. Әлдене сын айту қолдан келмейді
m170785
Қара сөздері өте керемет Канеке, әттен кейбіріміз оның терең түсіне ұғына алмаймыз, Қазіргі Заманда Һакім Абай атамыз болса қара сөздерін толтырып жазып кетерме еді…
Тек тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады.