Абайдың Қара сөздері.

Асыл сөз /
Біреулер Құдайдан бала тілейді. Ол баланы не қылады? Өлсем орнын бассын дейді, артына құран оқысын дейді, қартайған күнімді асырасын дейді. Осыдан басқасы бар ма?
Балам орнымды бассын деген сөз? Өзіңнен қалған дүние иесз қалар дейсің бе? Қалған дүниенің қамын сен жемекпе едің? Өліп бара жатқанда өзгеден қызғанып айтқаның ба? Өзгеге қимайтұғын сенің не қылған артықша орның бар еді? Баланың жақсысы қызық, жаманы күйік, не түрлі боларын біліп сұрадың? Дүниеде өзі көрген қорлығың аз болды ма? Өзіңнің иттігің аз болды ма? Енді бір бала туғызып, оны да ит қылып, оған да қорлық көрсетуге мұнша неге құмар болдың?
Артымнан балам құан оқысын десең, тірлікте өзіңнің жақсылық қылған кісің көп болса, кім құран оқымайды? Егер жаманшылықты көп қылған болсаң, балаңның оқыған құраны сені неге жеткізеді? Тірлікте өзіңе өзің қылмаған істі, өлген соң саған балаң кәсіп қылып бере ала ма? Ахирет үшін бала тілегінің балам жасында өлсін дегенің. Егерде ержетсін десең, өзі ержетіп, ата анасын тұзақтан құтқарарлық бала қазақтан туа ма екен? Ондай баланы сендей әке, сенің еліңдей, ел асырап өсірмек пе екен?
Қартайғанда асырасын десең, о да бір бос сөз. Әуелі өзің қаруың қайтарлық қартаюға жетемісің, жоқ па? Екінші балаң мейірімді болып, асырарлық болып, туа ма, жоқ па? Үшінші, малың болса, кім асырамайды? Малың жоқ болса, қай асырау толымды болады? Баланың мал табарлық болары, мал шашарлық болары, ол да екіталай. Хош, құдай бала берді, оны өзің жақсы асырай білесің бе? Білмейсің. Өз күнәңді өзің көтергеніңмен тұрмай, балаңның күнәсіне тұрмай ортақ боласың.
Және мал тілейсіңдер, неге керек қылай деп тілейсіңдер? Әуелі құдайдан тілеймісіңдер? Тілейсің. Құдай берді, бергенін алмайсың. Құдай тағала саған мал табарлық қуат берді. Кәсіп қыларлық орвнға жұмсаймысың? Жұмсамайсың. Ғылым берді, оны оқымайсың. Ұғарлық ақыл берді, қайда жібергеніңді кім біледі? Оның саған керегі жоқ. Біреуден алдап алсаң болды, іздегенің сол.
Бұл құдайдан тілегенің емес. Бұл абыройын, арын сатып, тіленшілік. Хош, сөйтіп байыдың, мал таптың. Сол малды сарып қылып, ғылым табу керек. Өзің таппасаң, балаң тапсын. Ғылымсыз, хаирет те, дүние де жоқ. Және де оқылған намаз, тұтқан ораза, қылған хаж, ешбір ғибадат, орнын бармайды. Ешбір қазақ көрмедім, малды иттікпен тапса да, адамшылықпен жұмсаған. Бәрі де иттікпен табады, иттікпен айырылады. Бейнет, күйігі, ызасы сол үшеуінен басқа ешнәрсе бойында қалмайды. Барында баймын деп мақтанады. Жоғында «маған да баяғыда мал бітіп еді» деп мақтанады. Кедей болған соң, тағы қайыршылыққа түседі.

0 пікір

Тек тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады.