Тәрбие тұнып тұрған ғибратты хикаялар 3

Асыл сөз /
Анаға құрмет.
Атақты сахабалардың бірі, Пайғамбар (с.а.у.) ілімін жалғастырушы Әбу Хурайра өзінің барлық өмірінде анасына үлкен инабаттылықпен, сүйіспеншілікпен қарайтын. Әрқашан ол үйінен шығарда анасының бөлмесіне кірмей, есігінің жанына тоқтап :
— Анашым, саған тыныштық тілеймін. Аллаһ Тағаланың саған құрметі мен оның рақымы жаусын, – дейтін. Оған анасы:
— Саған да тыныштық тілеймін, ұлым. Аллаһ Тағаланың құрметін иелен, оның рақымы түссін, – деп жауап қайтаратын. Әбу Хурайра:
— Аллаһ Тағала саған, кішкентайдан мені өсіргеннің үшін рақымшылық берсін, – деп сөзін жалғастыратын Әбу Хурайра. Сонда анасы:

— Саған да Аллаһ Тағала маған деген қайырымдылығың үшін нұрын төксін, – дейтін анасы. Әр сапарының үйіне қайтып келгенде де Әбу Хурайра жүрек тербейтін осы сөздерді жиі қайталайтын болған.

Тереземіздің тазалығы

Жас жұбайлардың жаңа үйге көшкен кез. Таңертең жастар шәйға енді тұрса, көршілері жуылған кірлерді балконына жайып үлгіретін. Жас әйел күйеуіне 'Қарашы, кірлерді таза жумапты, түһ кір жууды да білмейді, арзан сабынмен жуған шығар' депті. Күйеуі бетіне бір қарап, үндемей таңғы асын іше беріпті. Бір ай бойы әйел көршісінің кір жуғанын көрген сайын айтқан сөзін қайталай беріпті. Бір күні қараса — көрші кірін тап-таза ғып жуып қойыпты. Аңтаң болған әйел 'О-о, мынаны қара! кір жууды ақыры үйреніпті ғой, кім үйретті екен...' десе, 'Мен таңертең сәл ертерек тұрып, терезелерді сүртіп шықтым' депті күйеуі.

Басқаларды қалай көретініміз — тереземіздің тазалығына байланысты.

86400 секунд
Банкте есеп-шотың бар делік. Сол шотыңа күн сайын таңертең 86400 доллар түседі және түскен ақшаны сол күні кешке дейін жұмсап бітіруің қажет. Бір шарты тағы бар: ол ақшаны басқа банкке аудару мүмкін емес және түгесілмеген жағдайда шоттағы сома келесі күні нөлге айналады. Ал енді не істейсің? Әрине, әйтеуір сол ақшаны не болса да жұмсауға, өз игілігіңе пайдалануға тырысасың. Мінеки, барлығымыз да “Уақыт” атты банкінің тұтынушыларымыз.

Күн сайын қолымызға пайдалансын деп 86400 секунд беріледі. Берілген бұл шектеулі уақытты басқа күнге не қоса алмайсың, не ертеңгі күннің уақытын мезгілінен бұрын қолдана алмайсың. Күндік уақыт қорымыз таңертең толып, кешке ада болып отырады. Өткен уақытты қайта иелене алмайсың.

Сондықтан, күнделікті қолыңа түскен осы қазынаны өміріңдегі бақыт, денсаулық, жетістік, ырыс-береке, бақ сияқты маңызды нәрселерге жұмса. Аллаға құлшылық қыл! Бес парызыңды түгел орында! Ата-анаңа жақсылық қыл! Заман зулап өтіп барады, күнде ең жақсысын жасауға тырыс. Уақыттың қадірін толығырақ түсіну үшін мына теңеуге бір қарашы:

· Бір жылдың қадірін мектепте сол сыныпты қайтадан оқуға қалған оқушыдан сұра.

· Бір айдың қадірін 8 айлық баланы туған анадан сұра.

· Бір аптаның қадірін апталық газеттің редакторынан сұра.

· Бір сағаттың қадірін сүйгенін күтіп отырған ғашық жаннан сұра.

· Бір минуттың қадірін пойыздан қалып қойған жолаушыдан сұра.

· Бір секундтың қадірін апат аузынан аман қалған жүргізушіден сұра.

· Ал бір миллисекундтың қадірін олимпиадада 100 метр қашықтыққа жүгіру сайысынан күміс медаль алған атлеттен сұра.

Мінеки, уақыт бізге берілген үлкен қазына. Осы қазынаны маңызды нәрселерге жұмса. Ұмытпа! Уақыт ешкімді күтпейді, өткен уақыт – тарих, ал келер шақ сырларға толы. Осы сырларды арзан нәрселерге айырбастама…

Миск ата

Ертеде құлшылыққа жаны құмар, Алланың назары түскен бір тақуа кісі өмір сүріпті. Өзіне пайдалы бір жұмыс істесе, құлшылығын екі есе қылып атқарады екен. Күндердің күнінде әлгі кісіні көрші үйде тұратын жалғызбасты бір әйел көмекке шақырады. Қайсыбір жанның сөзін жерге тастамайтын жаңағы ақкөңіл жан ойында ештеңе жоқ, көмекке шақырған әйелге жетіп барады. Барса әлгі әйелдің көмекке мұқтаждығы сезілмейді. Сонда әйел: Сені менімен бірге болуға шақырған едім, – дейді беті бүлк етпестен.

Мен Алладан қорқамын. Мен келісе алмаймын, – дейді көршісі. Сөйтеді артқа қарай енді қадымдай бергенінде әйел: – «Егер де менің ауламнан бір қадам аттап бассаң айқайлап, мені зорлады деп жала жауып, абыройыңды түсірем», – дейді.

Көршісі амалсыздан келіскен болып, дәретханаға барып келуге рұқсат алады. Рұқсат алып дәретханаға барады да, ондағы барды үстіне жағып әйелдің қасына жетіп келеді. Келсе жаңағы әйел жиіркеніп: «Кет! Кет ары!», – деп жанына жолатпайды. Тақуа жанға бағанадан бері керегі де осы еді. Жымиып қана есіктен шығып кетеді. Тақуаның мұндай күнәлі істен қашып, тапқан амалына Алла Тағала разы болып, оны ерекше хош иісті адамға айналдырған екен. Содан ол кісі ел арасында «Миск ата» деп аталып кетеді. Күллі мұсылман баласы ерекше әспеттеп үстіне сеуіп жүретін «миск – хош иіс» әтірі осы аңыздан қалса керек.

Мұсылман көрші

Бірде Осман мемлекетінің патшасы Фатих Сұлтан Мехмет тағамдардың сапасын және бағасын білу үшін киімін өзгертіп, базарға шығады. Бір дүкенге кіріп, сатушыға:

— Маған жарты келі май, жарты келі бал және жарты келі ірімшік беріңіз, — дейді.

Сатушы жарты келі май өлшеп, ақшасын есептеп болғаннан кейін:

— Аға, сұрағандарыңыздың қалғанын көршімнен алыңыз. Өйткені, оның заттары әрі жақсырақ, әрі көршім әрі ештеңе сатқан жоқ, — дейді.

Патша екінші дүкенге кіріп, ол жерде жарты келі бал алған соң, сатушы оған:

— Аллаһқа шүкір, аға, мен бүгін саудамды бастадым, балаларымның жейтін тамағының ақшасын таптым, ал көршім әлі ештеңе сатқан жоқ, жарты келі ірімшікті содан алыңыз, — дейді. Сонда патша:

— «Бұл халық осындай көркем мінезімен дүние жүзін өзіне қаратады: Халықтың осы таза кісілік қасиетін бұзған адамға Аллаһтың қаһары жаусын» — деген екен.

7 пікір

Kan
Бұл хикметтерді қайдан алдыңыз. Өзіңіз жаздыңыз ба әлде?
qyrmyzy
Басқаларды қалай көретініміз — тереземіздің тазалығына байланысты.
керемет айтылған.
Бір құрбым бар. Тұнып тұрған негатив! Барлық пікіріңді теріске шығарып, қол сілтей салады. Елге сенбейді, дәлелдеріңді де жоққа шығарады. Очм, онымен әңгімелескен қызықсыз!
Адамға берер тәрбиелік мәні мен пайдасы мол көркем жазбалар екен.
pernebekova96
Ия рахмеет улкен,
m170785
Пернебекова қарындасым өте жақсы, өте мағыналы, өте түсінікті, өтеее жақсы жазылған, міне осындай жазбалар көп бола берсе екен. Өте жақсы, тамаша, өзіме ұнады, жарайсыз
Тек тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады.