Абайдың Қара сөздері. Он Үшінші сөзі.

Асыл сөз /
Иман деген Алла табарака уа тағаланың шәриксіз, ғайыпсыз бірлігіне, барлығына уа әр түрлі бізге пайғамбарымыз саллалаһу ғалайһи уәссәлләм арқылы жіберілген жарлығына, білдіргеніне мойын ұсынып, инанмақ. Бұл иман дерлік инануға екі түрлі нәрсе керек. Біріншісі, не нәрсеге иман келтірсе,, соның хақтығына ақылы бірлән дәлел жүргізерлік болып, ақылы дәлел испат қыларға жараса, мұны якини иман десе керек. Екіншісі, кітаптан оқу бірлән яки молдалардан есту бірлән иман келтіріп, сол иман келтірген нәрсесіне соншалық берік болуға керек. Біреу өлтіремін деп қорқытса да, мың кісі мың түрлі іс көрсетсе де, соған айнып, көңілі қозғалмастай берік болуы керек. Бұл иманды иман таклиди дейміз.
Енді мұндай иман сақтауға қорықпас жүрек, айнымас көңіл, босанбас буын керек екен. Якини иманы бар деуге ғылымы жоқ, таклиди иманы, бар деуге беріктігі жоқ, я алдағанға, я азғырғанға, я бір пайдаланғанға қарап, ақты қара деп, я қараны ақ деп, өтірікті шын деп ант ететұғын кісіні не дейміз? Құдай тағала өзі сақтасын. Әрнешік білмек керек, жоғарғы жазылмыш, екі түрліден басқа иман жоқ. Иманға қарсы келерлік орнында ешбір пенде құдай тағала кеңшілігімен кешеді дағы демесін, оның үшін құдай тағаланың ғафуына яки пайғамбарымыздың шафағатынада да сыймайды, мүмкін де емес. "Қылыш үстінде серт жоқ" деген, "құдай тағаланың кешпес күәсі жоқ" жеген жалған мақалды қуат көрген мұндай пенденің жүзі құрысын.

3 пікір

yesbolat83
Аллаһу тәбәрәкә уә таъалә дүние жүзіндегі бааарлық пенделердің жүрегіне иман бергей!
m170785
Әмин, айтсын. Иманын берсін, көзін де ашсын Есеке. Солай болсын игі
Kan
Абай атаның ана бір өлең сөзі «Алланы сүй не қызы бар дүниеде одан басқа» деген сөзіне әлі қайранмын.
Тек тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады.