Асығыстық жасамаңыз!

Асыл сөз /
Асығыстық жасамау керектігін біле тұра сын сағаттарында соны жадымыздан шығарып алып жатамыз.«Асыққан-шайтанның ісі» деген сөз де бекер айтылмаса керек.Әр ісін байыппен, салмақтап, парасатылыққа негіздеп жасау кісінің танымының кеңдігі мен ақылының көптігіне байланысты сияқты.Осы тақырыпқа орай ел аузында жүрген ғибратты әңгімені ұсынбақпын.
Баяғыда бір ауылда қарт кедей кісі өмір сүріпті. Оның ақбоз тұлпары бар екен. Сол елдің ханы сәйгүлікке
аңсары ерекше ауып, оны иемденуге ұмтылады. Қанша ақша ұсынса да қария атын бере қоймапты. «Бұл жай ғана
тұлпар емес, мен үшін таптырмас дос. Досты сату мүмкін емес»,– деп көнбейді.
Бір күні әлгі жануар ұшты-күйлі жоғалады. Мұны естіген көрші-қолаңдары: «Ақымақ екенсің! Ханның талабын
орындай салғаныңда мұндай болмас еді. Ол сенен қалай алам десе де алады ғой. Ең дұрысы тұлпарыңды ханға сатқаныңда,
ақшаның астында қалар едің. Енді не болды? Ат та, ақша да жоқ»,– дейді. Қария: «Асығыстық жасамаңыздар» деді
де, сөзін әрі қарай сабақтап: «Біз қазір тек аттың жоғалғанын ғана білеміз. Мұның соңы немен бітері әлі белгісіз. Бар
болғаны осы. Анау еді, мынау еді деп болжауға болмайды», – дегенде ауылдастары қарттың берген жауабына күліп,
үйлеріне тарайды.
Арада бірнеше күн өткенде ат үйіне қайта оралды. Сөйтсе, ешкім оны ұрламапты, тауда жүріпті. Өзімен бірге 12
жабайы жылқыны ерте келіпті. Ауылдастары мұны көріп, қариядан кешірім сұрапты.
– Уа, ақсақал! Сіздің сөзіңіз жөн екен. Атыңыздың жоғалғаны бақытсыздық емес екен,– дегенде ол:
– Тағы да асығыстық жасап жатырсыздар. Жануардың қайтып келгені рас. Біздің білетініміз осы ғана. Кейін не
боларын көре жатармыз. Кітаптың алғашқы бетін ғана оқып, ол жайлы қалайша пікір айта аласыздар?!, – дейді. Бұл
жолы қарияны мазақтауға қысылса да, араларыңда кейбіреуі іштей: «Алжыған болар» деп тарасады…
Бір апта өтпей, жабайы жануарларды жуасытамын деп қарттың жалғыз ұлы аттан құлап, аяғын сындырып алады.
Отбасын асырап отырған жігіт төсек тартып жатып қалады. Көршілері: «Өткендегі сөзіңіздің жаны бар екен. Жабайы
жылқының кесірінен жалғыз ұлыңыз жарақат алды. Одан басқа кіміңіз бар еді?» – деп көңіл айтады. Сонда қария:
«Сендер асығыс шешім қабылдайтын дертке шалдыққан екенсіңдер. Неге асығыстық жасайсыңдар? Баламның аяғы
сынды. Ақиқат осы ғана. Қалғанының бәрі сендердің ойларың. Өмір осындай сынақтардан тұрады. Ертең не болары
бізге беймәлім», – деп ашуланғандай сыңай танытады.
Арадан көп уақыт өтпей көрші ел кенеттен шабуыл жасайды. Ханның жарлығымен барлық жас жігіттер әскер
қатарына алынады. Қарияның ауылдастары шалға келіп:
– Айтқаныңыз рас болып шықты. Аяғы сынып, ұлыңыз қасыңызда қалды. Біздің балаларымыздың соғыстан
аман-есен оралуы екіталай, – деп мұңдарын шағады. Сонда көпті көрген қарт:
– Әлі де асығыстық жасап жатырсыздар. Алда не күтіп тұрғанын ешкім біле алмайды. Біз тек қана менің балам
қасымда, сендердікі әскерде екенін білеміз… Мұның қайсысы бақыт, қайсысы бақытсыздық екенін айта алмаймыз,–
дейді.

1 пікір

pernebekova96
Ияя шын мәніндее көп асыгыстық жасайды екенбыз! Оте керемет жазылгаан!
Тек тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады.