Сократтың айтқандары...

Асыл сөз /
Асыл сөз: Сократтың айтқандары...

Найзайғай және жауын

Ұзақ әңгіме-дүкеннен кейін Сократ достарымен үйіне қайтып келеді. Алдынан шыққан әйелі Ксантиппа оны аямай ұрсады, онымен қоймай үстіне су шашып жібереді. Сонда Сократ мыңқ етпеген күйі:

– Дұрыс, осылай болуы керек. Алдымен найзағай. Оның артынан жауын, – деген екен.

Өзімнің ештеңе білмейтінімді білем

– Бір білетінім – өзімнің ештеңе білмейтінім, – дейді Сократ. – Ал мына жұрт бірдеңе білетін сияқты болып жүреді, анығында еш нәрсе білмейді. Сонда өзімнің білмейтіндігімді білетіндіктен мен басқалардан көбірек білетін болып шықтым.

Есекке адам ренжитін бе еді?

Бірде қызу пікірталас кезінде қарсыласы өзін ұстай алмай кетіп Сократты қойып қалады. Алайда, артынша қатесін түсінеді, «сотқа бермей-ақ қой» деп жалынады. Сонда Сократ:

– Өзің ойлашы, егер есек теуіп жіберсе, мен оны сотқа берер ме едім? – депті.

Сократтың тамағы

Сократ дүниенің қамын ойлайтындарды ылғи әжуа етумен болған. Ол:

– Мен ғой өмір сүру үшін тамақ ішем. Ал кей адамдар тамақ ішу үшін өмір сүреді, – дейді екен.

Әркім өзіне керектіні алады

Бірде базар ішімен өтіп бара жатқан Сократ:

– Бұл дүниеде адамға пайдасы аз зат дегенің көп екен ғой! Жұрт базарға келіп, қымбат нәрселер сатып алады, сонымен рахатқа бөленеді. Ал мен рахатты өзімнің ақыл-ойымнан тегін алам, – депті.

Көңіл-күй қайтсе көтеріңкі болады?

Бір шәкірті Сократтан:

– Қашан болсын көңіл-күйіңіз жақсы жүресіз. Соның себебін түсіндіріңізші, – деп өтініпті. Сонда Сократ

– Өйткені, менің айырылып қалсам қайтем деп уайым ететін ештеңем жоқ, –деп жауап берген екен.

Төмен қарай оңай

Бірде Каллисто атты гетера (еркектің көңілін көтеруді кәсіп ететін әйел) Сократқа «Қаласам, сенің бар досың, бар шәкіртің менікі болар еді. Ал менің достарымды өзіңе тартып алу сенің қолыңнан келмейді» деп тиісіпті. Сонда философ:

– Әрине, саған оңайырақ. Өйткені, сен төменге шақырасың, ал мен жоғарыға, – деп жауап беріпті.

Қарызды өзіңнен ал

Ақшаны бей-берекет шашумен аты шыққан бір танысы Сократтан «Кімнен қарыз алсам екен?» деп ақыл сұрайды. Сонда Сократ:

– Өзіңнен ал. Шығыныңды азайт, – деп кеңес беріпті.

Үйлену жайлы

Бір шәкірті Сократқа «Үйленсем деймін. Қандай ақыл айтар едіңіз?» депті. Философ былай деп жауап береді:

– Өзің ойлан, тек балық құсап жүрме. Балықтар торға түссе босап шығуға жанталасады, ал бос жүргенінде торға ұмтылады емес пе? Үйлен-үйленбе, артынан бәрібір өкінесің.

Гераклит туралы пікір

Гераклиттің шығармаларын оқып шыққан Сократ:

– Мынадан түсіне алғанымның бәрі – керемет нәрселер. Түсіне алмағаным да сондай керемет шығар, – депті.

Өлер адамға жақсы киім керек пе?

Сократты құдайларға бас имейді деген айыппен өлім жазасына кеседі. Ол у ішіп өлуге тиіс болады. Жаза орындалардың алдында достарының бірі түрмеге келеді. Сөйтіп, Сократқа өзінің қымбат плащын ұсынады. Сократ болса:

– Сонда қалай, өз плащым өміріме жарап, өлімге жарамайтын болғаны ма? – деп алмай қойған екен.

Бәрібір емес пе?

Өлім жазасына кесілген Сократты соңғы рет көріп қалу үшін Ксантиппаны кіргізеді. Әйелі кетерінде:

– Сен кінәсіз өліп бара жатырсың ғой! – деп зарлайды. Сонда Сократ дым болмағандай:

– Саған менің кінәлі болып өлгенім керек еді ғой, солай ма? – деп жауап беріпті.

Қайсысы жақсы?

Өлім жазасы туралы үкім шыққаннан кейін соңғы сөз алған Сократтың айтқаны:

– Құп, мен өлу үшін кетем. Ал сендер өмір сүруге қаласыңдар. Бұл екеуінің қайсысы жақсы? Адам баласы мұны біле алмайды.

(В. Бутромеевтің «Әлем тарихы. Тұлғалар» атты кітабынан)

Аударған Е.Әбдіраман

6 пікір

yesbolat83
Ғибрат аларлықтай жақсы айтылған философиялық ойлар. Сөздерін оқып отырып иманжүзді жан болған екен деп түйесің екен, тек қана үйленгелі жатырған шәкіртіне айтқан сөзінен басқасы.
Әсіресе, неге екені алғашқысы ұнады:
Найзайғай және жауын

Ұзақ әңгіме-дүкеннен кейін Сократ достарымен үйіне қайтып келеді. Алдынан шыққан әйелі Ксантиппа оны аямай ұрсады, онымен қоймай үстіне су шашып жібереді. Сонда Сократ мыңқ етпеген күйі:

– Дұрыс, осылай болуы керек. Алдымен найзағай. Оның артынан жауын, – деген екен.
Jako
Сократтың сабырлылығын көрсететін сияқты ма деп ойладым.
satirik92
Мына өмірден өз іздегенін тапқан адам. Бізден көрі Сократ иманды болған ба деп қалдым?! Шыны керек.
mairosh
Өз өлімімен өлу бұйырмаған екен ғой…
Jako
Инквизицияның құрбандарының бірі ғой.
maulen
Ия, керемет айтылған ойлар екен! Түсінгенге берері көп дүние, Сізге рахмет айтамын Jado аға, осындай дүниені жеткізгеніңіз үшін!
Тек тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады.