“ІТ-тірлік” журналының #2 саны

IT information /
Армысыздар, әлеумет!

Сонымен, араға жарты жыл салып барып, өздеріңізбен қауышып отырмыз. “Ештен кеш жақсы”. Қолдарыңызға тиіп отырған журналымыздың бұл екінші санында сіздер өткен 2012 жылдағы ІТ оқиғаларды көз алдарыңыздан өткізетін инфографикадан бастап, биылғы жылы сұраныста тұрған, яғни 2013-тегі ең негізгі ІТ қабілеттермен таныс боласыздар. “Нұр Отан” партиясы мен ІТ технология екеуі екі бөлек дүние болса да осы партияның хатшысы, еліміздегі ІТ оқиғаларға мейлінше демеушілік білдіріп, өзі де мұрындық боп жүрген ұлтжанды ағаларымыздың бірі берген тамаша сұхбат та осы санымызда өздеріңізге жол тартты.

Бұл күндері көпшілік қауым “уиндоус” десе ішкен асын жерге қойса да соңғы кезде open source бағдарламалар өздерінің өміршеңдігін дәлелдеп-ақ келе жатыр. Біздің бірінші санымыздағы “Линукс туралы балладаны” оқысаңыздар, енді соның жалғасы есепті Линукстің Убунту атты дистрибутиві жөнінде, сондай-ақ, Линукстегі өзге де операциялар жөнінде мол мағлұмат беріледі.

ІТ саласы қанша қарыштап дамыса, күннен күнге сонша тренд пайда болуда. Сол замануи үрдістердің бірі, ол – cloud computing. Бұл жолы да бұлт технологияға негізделген тақырыпты біз назарға алдық.

Естеріңізде болса, былтырғы жылдың соңғы айында бүткіл ҚазНеттегі дүйім жұрт Елордаға жиналып, “Астана Интернет Форумын” өткізген етін. Соған барып, қатысып келген біз “Ол жерде не талқыланды, кім келді, жалпы не болды?” деген сұрақтарға жауап беруге тырыстық.

Ақпараттар ағыны кеу-кеулеген кезде біреуден біреу асып түсуді көздейді, ел назарын өзіне тартуды мақсат тұтады. Қысқаша түрде мұны “PR” деп атап жүргенде, мемлекеттік тұрғыдан осыған жіті мән беруді жете түсіндірген “Мемлекеттік PR” атты мақаланы көзден таса қылып алмаңыз. Ал Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы өзінің соңғы халыққа жолдауында латын әліппесіне көшу туралы тағы бір тілге тиек етсе, энтузиастар кириллицадағы мәтінді латынға бірден транслит жасайтын конвертер құрастырып үлгерді. Ол туралы, әрине, “Автоматтандыруға ыңғайлы латын әліппесі” мақаласынан оқи аласыздар. Айтпақшы, осы күні Қазнеттің еңсесі биіктеп, жағдайы әжептәуір жақсарып қалған. Әрине, салыстырмалы түрде. Дейтұрғанмен, соның өзінде қазақ сайттарының бақандай бес проблемасы бар екен. “ҚазНеттің 5 проблемасын” оқып, келіспесеңіздер, қарсылықтарыңызды дәйекті түрде жазып жіберіңіздер немесе сол олқылықтарыңызды жөндеуге жұмыстанғандарыңызды қалаймын.

Әр ел мен жердің өзінің атрибутикасы болатынын ескерсек, біздің ұлттық нақыштарымыздың бірі – ою-өрнек. Моңғолия жеріндегі тумаластар арнайы біздер үшін, қазақ дизайнерлері үшін журналымыз арқылы тәп-тәуір дүние ұсынды.

“Аитишниктер” немесе халық аузында “програмистер” деп аталатын адамдарға ең көп қойылатын сұрақ: “Қандай тегін антивирус бар?” болса керек. Бұған да жауап беруге тырыстық. Сондай-ақ осы ІТ саласында АҚШта білім алып, қазір сол жақта ІТ-тірлік кешіп жатқан бір бауырымыз өз тәжірибесі бойынша байқаған 12 сабақты жеткізіп бақты. Оған салыстырмалы түрде еліміздегі жағдайлар туралы өмірден біраз түйгені жазылған “Бір жобаның тарихы” да өзінше қызық оқиға.

Жалпы, өздеріңізге сағынысып қауышқалы отырған бұл журналда өзге де ірілі-ұсақты тамаша дүниелер бар. Ендеше, біз ұсындық, сіздер қабыл алыңыздар, қадірлі оқырмандар!

Көп рахмет!

Журналды оқу үшін мына сілтемеге өтіңіздер:: it-tirlik.kz/

Өздеріңізге деген шексіз құрметпен,

“ІТ-тірлік” журналының редакторы: Тимур Бектұр

6 пікір

ereke_enu
Ұнады. Жарайсыңдар!!!
AKA
Еңбек, таза еңбек!
ZevsKO
Жақсы екен! келесіде тың да қызықты біз кезіктірмеген прогграммалар мен қатар сайттарға да шолу жасап өтсеңіз керемет болар еді
followme_alik
Сапалы.Танымды.Оқуға жеңіл..._ Артық не қажет !?..
Дүниеге келсе жазылып та қояр м`едік
Chan
37 signals-дың «Re:work: кітабың элект-ды нұсқасың оқу үшін қаражат жоқ. Нұрлан Нәбиев жалпы өзін оқысаң, бізбен бөліссейш, былай енд, қазақпыз ғо:) 22 бетте.
Тек тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады.