LINUX дистрибутивтері: Ubuntu – Адамдыққа жақын Амалдық Жүйе!

IT information /
Linux дистрибутивтері деп (Linux ядросын қолданатын амалдық жүйелердің жалпылама атауы) — амалдық жүйенің құрылымдаушылар тарапынан толыққанды жасақталып көпшілік қолданысқа шығарылған түрлерін айтамыз.
Жалпы, Linux ядросы ашық GNU лицензиясымен таратылғандықтан кез-келген амалдық жүйелерге негізделген маман қайнар кодтың негізінде өзінің дистрибутивін жасақтай алады. Қазіргі таңда IT information: LINUX дистрибутивтері: Ubuntu – Адамдыққа жақын Амалдық Жүйе!Linux дистрибутивтерінің ақылы да тегін түрлерін көптеп кездестіре аласыз. Бүгінгі тілімізге тиек болатын жүйелердің бірі – Ubuntu.
Ubuntu – Debian деп аталатын дистрибутив негізінде құрылған қазіргі қолданушылары ең көп болып саналатын амалдық жүйе. “Ubuntu” сөзі зулу тілінен аударғанда “адамгершілік”, “адамдық” деген мағынаны береді. Аталмыш Амалдық Жүйенің құрылымдалуынан бастап қолданысқа берілгенге дейінгі қамқорлықты Canonical компаниясы өз мойнына алған. Аздап тарих-атаға ат ізін сала кететін болсақ, алғашқы шығарылым 2004 жылдардан бастау алады. АЖ бастапқыда No-Name-Yet (Әлі-Атауы-Жоқ) деп аталған. 2005 жылы Ubuntu Қоры ашылып, жүйенің болашақтағы тұрақты жұмысын қамтамасыз ету мақсатында он миллион доллар көлеміндегі инвестиция тартылды.
Ubuntu негізі Debian болғанымен ондағы көпшілік бағдарламалық пакеттер үнемі бір-бірімен үйлесе бермейді. Амалдық жүйе бастапқыда GNOME қолданбалы графикалық ортасын пайдаланғанымен, 11.04 нұсқасынан бастап жұмыс үстелі Unity ортасына ауыстырылды. Бұл да өз кезегінде әлемдегі қолданушылар арасында кейбір реніштерді туғызды. Өйткені, Unity қолданушыларға графикалық ортада жұмыс істеудің мүлдем басқа форматын ұсынып отырған еді. Бірақ, негізгі мәселе онда болған жоқ. Жаңа нұсқаларында аталмыш графикалық орта әлі толыққанды жұмысқа дайын емес еді. Соған қарамай негізгі Ubuntu релизіне еніп кетті. Бұл қателік кейіннен өз қалпына келді. Қазіргі нұсқаларында Unity жұмысы анағұрлым тұрақталды. Бірақ, қолданушылар арасында ескі GNOME досымен қалғандар да баршылық. Сондықтан, сізге орнатылғандағы графикалық орта ұнамаса, ескі қалыпқа Ubuntu Software Center-ден GNOME графикалық ортасын қарапайым түрде орнату арқылы қайтуыңызға болады.
Өз кезегінде Ubuntu Software Center жайлы да сөз қозғай кетсек, дәл уақыты осы болар. Ubuntu АЖ бағдарламалық қамтамасыз етудің ең қарапайым да, тиімді жолын ұсынып отырған аз да саз дистрибутивтердің бірі. Жүйенің негізінде Ubuntu Software Center атты бағдарламалық орта орнатылған. Ол жерден өзіңізге қажетті кез-келген бағдарламаны бір рет тінтуір пернесін басу арқылы ғана еш қиындықсыз орната аласыз. Өткен балладамызда айтып өткеніміздей, Linux жүйелерінің басты артықшылықтарынан бірі (өзі де) бағдарқордан кез-келген қажетті дүниені тегін жүктей аласыз. Тек қана интернет болса болғаны, әрине. Ubuntu Software Center қорындағы бағдарламалар тізбегі үнемі жаңарып және тексеріліп отырады. Сондықтан, кез-келген қажетті бағдарламаның соңғы ресми релизін қиындықсыз табыңыз да, еш уайымсыз қуанышыңызға қолдана беріңіз.
Енді, Ubuntu амалдық жүйесінің ішкі дүниесіне кеңінен енсек. Орнатылым барысы өте қарапайым болып келеді. Жоқ, сіз мені түсінбедіңіз. Шынымен өте қарапайым. Орнатылым үшін қажет етілетін нәрселер: Ubuntu соңғы релизі жазылған диск немесе флэш карта. Бастапқы қосқанда орнатудан да бұрын Амалдық Жүйемен жоғарыдағы тасымалдаушылардың көмегімен таныса аласыз. Яғни, компьютер қосылғанда BIOS-ты өткергеннен кейін «бірден орнату» немесе «әуелі танысу» деген мәзірлер шығады. Екіншісін бассаңыз, жүйе автоматты түрде тасымалдағыш негізінен стандартты конфигурация бойынша толыққанды ортаны ашып береді. Бұның бір жақсы жері сіз Амалдық Жүйеңізді өз дискіңізде яки, флэш картаңызда алып жүре аласыз.
Қызық па? Онда жалғастырамыз...
Орнатпай жатып жүйемен танысқан соң, сол жерде-ақ орнату белгісін басып процесті бастап жібере аласыз. Үдеріс өте тартымды. Тілдік таңдаулардың арасынан орысшаны таңдап әуре болмасаңыз да болады. Өйткені, Ubuntu АЖ қазақша сөйлей алады. Аталмыш жағы жүйені қазақ тілді қолданушылар арасында өте жоғары бағаға лайық ететіндегі рас. Ubuntu «темірдосыңызға» орнатылуы үшін 512МБ жедел жад, қатқыл дискіде 5ГБ орын болуы жеткілікті. Ал, негізінде Ubuntu үшін бұдан да төмен қуатты компьютерлерде жұмыс істеуге толықтай мүмкіндігі бар. /Тіпті, бір мекемеден қажетке жарамсыз болып қалған Windows XP амалдық жүйесін де көтере алмайтын компьютерлерді сатып алып, оларға Ubuntu орнатып, тұрғылықты жерінде кішігірім интернет-кафе ашып алған жігіттерді білемін./ Айтып отырған минимал қажеттіліктер компьютеріңіздің жылдам жұмыс істеуіне сөзсіз ықпал етеді. Ubuntu орнатылғанда онымен қоса автоматты түрде жұмысқа қажетті Libre Office құжаттық редакторы, Mozilla Firefox браузері, Thunderbird 7 пошталық клиенті т.б. бағдарламалар дайын тұрады. Бұл өз кезегінде стандартты жұмысқа қажетті бағдарламаларды жүктеу уақытын үнемдеп бірден шаруаңызға кірісуге көмегін тигізеді. Тағы да бір ерекше атай кететін жайт, АЖ компьютердің стандартты қалыптағы құрылғыларымен ешқандай қиындықсыз жұмыс жасай береді. Бұл дегеніміз – сізге аудио, видео, сымсыз желі драйверлерін арнайы іздеп көшіріп отыруыңызға қажеттілік жоқ. Мәселен, Windows жүйесіндегі компьютерлерге қосымша модем кірістіргенде олардың драйвері болмаса, құрылғы жұмыс істемейді. Ал, Ubuntu жүйесінде көп жағдайда олардың арнайы драйверлері қажет етілмейді. Ішкі библиотекада бұл мүмкіндіктерді толықтай, кейде жартылай шешуге жағдайлар жасалған.
Ubuntu АЖ негізінде жасалған арнаулы салаларға арналған дистрибутивтер де бар.
Xubuntu, Lubuntu, Ubuntu Studio, Mythbuntu, Kubuntu, Edubuntu сияқты т.б медиа, ғылым, мемлекеттік құрылым, бизнес, білім беру орындары, желілік қауіпсіздік салаларына арналған көптеген түрлері кездеседі.
Ал, практика жүзіндегі АЖ жағдайын Вики мәліметтеріне сүйенсек, 2007 жылы Франция Парламенті Windows жүйесінен бас тартып, толықтай Ubuntu жүйесіне көшті. Атақты Google компаниясы да өз жұмыстарында құрылымдаушылар үшін арнаулы жүйе ретінде Ubuntu негізінде жасалған Goobuntu дистрибутивін қолданады. Ресей Үкіметі де осы жүйеге көшуін мәлімдегенін техникалық БАҚ сайттарынан көзіңіз шалған да болар. Айта берсек, мысалдар жетерлік.
Қазіргі таңда Қазақстандағы аталмыш амалдық жүйенің қолдану аясын дәл айту қиын әрине. Бірақ, елімізде Ubuntu-дың десктоптық түрін қолданатындар салыстырмалы түрде әлі де аз. Мұның басты факторы ретінде біздегі қарапайым қолданушылардың ақпараттық сауаттылығының әлі де жеткіліксіз қалпын айта аламыз.
Linux Амалдық жүйелері серверлік нарықта өте жоғары көрсеткішке ие екендігін өткен мақаламызда айтып өткен болатынбыз. Біздегі Отандық хостинг компаниялары да бұл көрсеткіштің дәрежесін аз да болса көтеріп тұрғандай. Қазақтелеком, Skilltex, Hoster секілді компаниялар да аталмыш жүйенің серверлік нұсқасын қолданып қана қоймай, виртуалды сервер қызметін қолданғысы келетіндерге арнайы таңдау мүмкіндіктерін береді. Әрине, түптеп келгенде қызмет тұстарын АЖ арқылы емес, қолдау сапасы бойынша бағалаймыз.
Сонымен, қысқаша...
Атауы: Ubuntu
Графикалық интерфейсі: Unity
Соңғы релизі: 12.10 (қазан, 2012)
Лицензиясы: Ашық
Ресми сайты: www.ubuntu.com
Бағалау бойынша:
Қол жетімділік: 5
Орнатылу үдерісі: 5
Тіл табысу: 5
Серверлік жұмысы: 4
Мультимедиа: 4
Қолдау тобы: 5
Арнайы it-tirlik.kz/ үшін. Авторлық құқықты сақтаңыздар.

4 пікір

Jako
Ойбооой Садық, мынау менің миыма ауырлық түсіретін дүние екен…
followme_alik
Ағасы,қолданып көрсеңізші
ereke_enu
Бір досым баршага жар салып Linuxка ауыстым деп еді, сол күйі виртуалды әлемнен көрінбей кетті)) Білмейм енді, не себеп болғанын. Ubuntu кемшіліктерін жаза кеткенде болушы еді…
korwinin_kyzy
Негізі ше өз өзің сыйлайтын адам УБЫНТУДЫ тандамайд ше. Бұл менің пікірім
Тек тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады.