Программистке күйеуге шығатындарға/шыққандарға алтын сырға...

Programming Solutions /
Жұмбақтың шешуін алдын ала білетін адамдар, үндемесін. © 40 жұмбақ кітабы, 1-бет

Программистке күйеуге шығатындарға/шыққандарға алтын сырға…

Бақытыңызға/өкінішіңізге орай, программистке күйеуге шықтыңыз. Әдетте программистер “маған күйеуге шық!” деп қинамайды, себебі, ол баяғыда-ақ компьютеріне үйленген.
Қыз-келіншек табиғатынан қылықты ғой, сондықтан программист-күйеуіңіздің қасынан әрлі-берлі жүріп, комплимент күтіп жүретініңіз рас. Алайда программист-күйеуден оны күтпей-ақ қойыңыз. Оның Сізді әйелдікке алғанының өзі — бүкіл өміріңізге жететін комплимент болуы керек.
Программист қайсыбір жобаларды алғанда, не өз бетімен код кеміруді бастайын деп жатқанда бақұлдасып, сөйлесіп қалыңыз. Редакторды ашып алғашқы сөздерді тере бастағанда-ақ сыртқы дүниемен байланысы үзіледі. Күйеуіңізден анда-санда «қап, әкеңді!», «қазақша әріп құртты ғой!», «си пи он екі елу бір деп қойыппын ғой», «ремембе дедім ғой саған!», «аха», «эхе» деген сияқты міңгірлеген хабар-ошар болып тұруы мүмкін. Олардың шешімін іздемей-ақ қойыңыз. Сосын «не боп қалды?» деп те сұрамаңыз. Жалпы код кеміру сияқты майдан кезінде дым айтпаңыз.
Программист дегенмен сүтқоректі болып тұрғандықтан, ішіп-жем қажетсінетіні рас. Арасында дәретке тұруға мәжбүр болған кезде, бірдеңе бере салыңыз жейтін. Алайда ол қайсыбір ресторанның сайтында ілулі тұрған қымбат тағамның суретін қарап алып, тоқ жүре беруі де мүмкін. Тәтті немесе дәмі жаман деудің орнына «фотограф — мал екен!» немесе «дизайнерге — респект» дейді де қояды. Тамаққа байланысты нағыз программисті айыратын мынадай бір тест бар. Оған жұмысқа кетерде «тоңазытқышта тамақ бар!» деп айтып кетіңіз. Егер келгенде тамақ әлі орнында тұрса — құттықтаймын, күйеуіңіз — нағыз программист! Себебі ол Сіздің не айтып кеткеніңізді естімей де қалған…
Жасап жатқан дүниесінің қиын тұстарында сыраға сұранысы арта бастайды. Бұған ішімдік ретінде емес, отын ретінде қараңыз. Будақтатып көк түтін қылмас үшін, оның жұмыс үстелін мұржасы бар жерге орналастырған дұрыс. Мысалы, ас бөлмедегі газ плитаның орнына…
Отыратын орындығы қаратопырақты жерге жақын болмағаны лазым. Әйтпесе бір айдан кейін күйеуіңіз тамыр жайып, бүршік атып тұруы да ғажап емес…
Жалпы, программисті таң қалдыратын дүниеде бірде-бір уақиға жоқ! Сондықтан оның назарын жаңалық айту арқылы аударамын деп, әуре болмаңыз. Сіздің құрбыңыз Әсия, күйеуіңіз үшін — қайсыбір программаның лақап аты ғана. Құда қайтыс болыпты дегеннен гөрі, Кнут қайтыс болыпты десеңіз, елең етуі мүмкін. Жалпы өлім дегеніңіз — программист үшін айнымалының логикалық мәні ғана…
Ал енді ай сайын шашын алдыру да жүз пайызға Сіздің мойныңызда! Әйтпесе, шашқа берген ақшаңызға бір қорап CD-R алып, ыржиып келіп тұруы мүмкін…

Ерлан Оспан, Азаннан — кешке дейінгі ITтірлік

20 пікір

ereke_enu
)))))))))))))))))))))))))))))))))))))))))жарылдым…
ereke_enu
программистке қараған қызда ес жоқ шығар)
Abylai
си шарпта программаламаушы ма едің амиго :)
ereke_enu
Басқа тілдер — бір төбе, си шарп — бір төбе ғой)))
AL-ASTER
Бұл әзіл ғой. :-) Қыздарымыз аман жүрсін дегеннен басқа айтар жоқ.
ereke_enu
Программист пен программистка отау құрса, не болады екен?)))
AL-ASTER
Ой курсын, е мейлды сындырып кирип хай вай болар)
Abylai
баяяяғыда желтоқсан айында мылрудағы блогыңнан оқып едім )) күшті жазылған
banzaika1990
мына жазбаңыздың арқасында үйдегілерді бір уақ сериалдарынан айырып бір күлдіртіп алдым. КЕРЕМЕТ, ыржиып отырм
AL-ASTER
Біздің блог та осы амигоның құрметімен аталад)
torpedaip
ия, қыздардың таңдау мүмкіндігі сейіліп бара жатқан секілді
AKA
Отыратын орындығы қаратопырақты жерге жақын болмағаны лазым. Әйтпесе бір айдан кейін күйеуіңіз тамыр жайып, бүршік атып тұруы да ғажап емес…
MSHERIMBEK
Баяғыда қарындасым арқамнан тұрып мазақтайды екен:) Соны сезбегем ғой:) Кейіннен барып, жұмыс істеп отырып басқа нәрселерге назар аударуды үйрендім. Бірақ, соның зиянын көріп жүрмін:)
Sabions
мен компта отырғанда мыңқ етпейтінмін қасымдағы нәрсеге, кейін комптың, инеттің қызығы басылған соң біреу шақырып, комптан тұрғызып алса екен деп ойлайтын боп жүрм. шақырса атып тұрам
followme_alik
Бағдарламашыларымыздың еңбегі өстіп таң-кеш көз ілмей сайтты паналап жүргеніміз. Керемет _)
Jako
Өлдім,өлтірдің, былайша бәрі шын ей…
qyrmyzy
нәәәән қола сырға кен.
Тек тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады.