Қазақ тарихы.Ашаршылықтың ащы шындығы

Мен ҚАЗАҚПЫН! /


Отызыншы жылдардағы аштық — Ұлы Ашаршылық.

Қазақ даласының тарихындағы ең жан түршігерлік аштықтың себебі — сол кезде жүргізілген КСРО-ң ішкі саясаты деуге болады. Қазақстанда болған (Украинада, Поволжьеде т.б. жерде) бұл аштықтың себептерін түсіну үшін КСРО-ң өткен ғасырдың 20-шы жылдардың аяғы, 30-шы жылдардың басындағы саясатына қысқаша сапар жасау қажет.

1927 жылы өткен ВКП(б) ХV съезінде «КСРО-ң халық шаруашылығын дамытудың бірінші бесжылдық жоспарын жасау жөніндегі директивалар» қабылданды. Осы директиваларға сәйкес бірінші бесжылдық жоспар жасалынып, онда КСРО-да ұжымдастыру мен индустрияландыруды бастау мақсаты қойылды. Алға қойылған іс-шаралардың бойынша КСРО-а қуатты қорғаныс өнеркәсібін құру мақсаты қойылды. Қорғаныс өнеркәсібінің мақсаты, біріншіден — елдің қорғаныстық қабілетін қамтамасыз ету болса, екіншіден — болашақ жылдарда Европадағы көрші елдерге коммунистік экспансияны әрі қарай жалғастыру еді. Әрине, мұндай мақсат көп қаражатты қажет етеді. Ірі өндірістік кәсіпорындарды ашуға, ең бастысы, заманауилы жоғары технологиялар сатып алуға кеңес үкіметі ақшаны аяған жоқ. Ақша жинау көздері, оның ауырлығы негізінен алғанда шаруаларға түсті. Тіпті «қаражатты ауыл шаруашылығынан өнеркәсіпке айдау» деген термин ойлап шығарылды. Ауылдың тұрғындарын колхоздарға айдап әкелді, мал (егіншілігі нашар дамыған Қазақстанда негізгі құндылық мал болатын) ортақтандырылды.

20-шы жылдардың аяғы мен 30-шы жылдардың басындағы Қазақстанда кеңес үкіметі «қаражат айдаумен» ғана тынған жоқ. Қазақтардың мал шаруашылығы көшіп-қоу жағдайында жүргізілгендіктен үкіметке малшыларды бақылап қолында ұстап тұру қиын болатын.Сол себептен де қазақтардың көшіп-қону өмірін тоқтатып, жерге байлауға шешім қабылданды. Осы мақсатта қазақтардың малы тартылып алынып, қазақтар Қызыл армияның бөлімшелерінің және милицияның көмегімен «отырықшылдандыру нүктелеріне», колхоз ұйымдастырылып жатқан жерлерге айдап әкелінді. Бір жерге айдап жиналған мал саны көп болғандықтан олар сол жердің шөбін тез жеп қоятын, сол себептен де оларды жаппай сойып тастауға мәжбүр болды. 1933 жылдың басында қазақ даласында бұрын болған 40 миллион бас малдың оннан бірі ғана қалды.Нәтижесінде, осы жүргізілген саясаттан қазақтар жапа шекті, себебі олар үшін күнкөрістің бірден бір көзі мал еді.

Қазақтарды зорлап отырықшылдандыру «Кіші Октябрь» деп аталды. «Кіші Октябрьдің» негізгі дем берушісі, орындаушысы аты көпке мәлім, патшаның отбасын атып тастауды ұйымдастырушылардың бірі Филип Исаевич Голощекин еді. Ол 1924 жылдың қазан айынан бастап 1933 жылға дейін Қазақстан компартиясының орталық комитетінің бірінші хатшысы қызметін атқарған. Оның Қазақстанда өткізген алғашқы іс-шарасы 1928 жылдың күзінде өткізген малды кәмпескелеу болды. Кәмпескеге 700 шаруа қожалығы ілініп, олардан 150 мың мал басы (ірі қара мал басына айналдырғанда) тәркіленді. Бұл жердегі «ірі қара мал басына айналдырғанда» деген нені білдіреді? Бұл сталиндік статистиктердің мал басын азайтуды жасыру үшін ойлап шығарғаны болса керек. Статистиктердің айтуынша, бір ірі қара мал басы, мысалы 1 сиыр — 2-3 шошқаға немесе 10 қойға тең. Егер 150 мың ірі қара бас малын қойға айналдырсақ, онда әңгіме кем дегенде 1,5 миллион қой туралы айтуға тиіспіз… 700 шаруа қожалығының мүшелерінің отбасының тағдырының қаншалықты қайғылы болғаны жайлы айтпаса да болады.

Мал жоқ жерде, тамақ жоқ, тіршілік жоқ. Қазақтар тұратын ауылдар жаппай қырыла бастады. Тарихшы А.Н.Алексеенконың айтуынша «...әртүрлі есептеулер мен түзетулерге сүйенгенде 1930 жылғы қазақ халқының қырылуы 1млн 840 мың адам немесе жалпы қазақтың 47,3 пайызын құрайды.Бәрінен ең көп қырылған республиканың шығысының қазақтары болды. Бұл жақта 379,4 мың адам немесе 1930 жылғы халықтың 64,5 пайызын құрады. Бұл аймақтың халқы көрші елдерге Ресей мен Қытайға жаппай ауып көше бастады. Солтүстік Қазақстан аймағы қазақтардың жартысының көбінен — 410,1 мыңнан немесе 52,3 пайызынан айрылды, Батыс Қазақстан 394,7 мың немесе 45,0 пайыз, Оңтүстік — 632,7 немесе 42,9 пайыз қазақтан айрылды. Аздау өлім Орталық Қазақстанда — 22,5 мың немесе осы аймақтың 15,6 пайызы орын алды. Басқа халықтарда да шығын аз болған жоқ: украиндер — 200 мың (23 пайыз), өзбектер — 125 мың (54 пайыз), ұйғырлар — 27 мың (43 пайыз). Тек қана 1931 жылда 1 млн 30 мың адап көшіп кетті, оның 616 мыңы қайтқан жоқ. Жүздеген мың қазақ Қытай жағына қашты. Олардың көп көшкендігі сонша Қытайда 1954 жылы Іле-Қазақ автономиялық округі құрылып орталығы болып Құлжа қаласы белгіленді.

Өз малын тонаудан қорғаған, кәмпескеден қашқан қазақтарға Қызыл армияның әскерлері жіберіліп, өзі аштықтан титықтаған қазақтарды аяусыз қыруы ашаршылықты одан да бетер өршітті. Кейбір ауылдар мен рулар малын сақтамақ болып көше бастағанда олардың алдынан, соңынан Қызыл армияның отрядтары жіберіліп оларды «басмашы бандылар» ретінде жоюға, тұтқындауға бұйрық берілді. Шын мәнінде олар өз малы мен отбасы мүшелерін аштықтан аман алып қалу мақсатында аштығы жоқ Қытай мен Ресейге көшуді ойлаған бейбіт жандар болатын. Қытайға көшушілерге тосқауыл қоюға шекарашылар да өз үлесін қосып оларға пулеметпен оқ атқан кездері де болды. Соншама болған тосқауылдарға қарамастан жүздеген мың аштықтан қашқан қазақтар ауыл, ауыл болып Қытай асты.

Сүйтіп, кеңес үкіметі жасаған екі ашаршылықтың нәтижесінде қазақтар бар болғаны 10-15 жылдың ішінде халқының жартысынан айрылды. Әлем тарихында мұндай көлемдегі трагедия ешбір халықтың үлесінде болған емес. 1970 жылы ғана қазақтар 1926 жылғы деңгейдегі халық санына жетті.

Бұл жерде бүгінгі биліктің Ұлы Ашаршылықта қырылған боздақтарды еске алуға байланысты жүргізіп отырған саясатын айтпасқа болмас. Осындай ашаршылықты бастан кешкен украиндықтар өз астанасы Киевте ашаршылық құрбандарына арналған теңдесі жоқ ескерткіш салған кезде, қазақстандық билік «болашақта салу ойымыз бар» деген хаттамадан артыққа бара алмады. Алматының скверлерінің бірінде (таң қалатын жері бар — бұл жердің қарсысында 1930 жылы қанқұйлы НКВД «сұр үйі» орналасқан екен) «бұл жерде отызыншы жылдардың аштық құрбандарына ескерткіш орнатылады» деген тас қойып барлық мәселені «бітіріп» отыр. Бұл тас 1992 жылы қойылған болатын. Содан бері 18 жыл өтті, оның 8-і, яғни 2000-н 2008 жылдары Қазақстанның экономикасы үшін қаржының «тамылжып құйқылжыған» табысты жылдарында ел билігі ескерткіш салуға қаржы таба алмады. Өз өмірін коммунистік режимнің зорлықпен жүргізген ұжымдастыруына, индустрияландыруға және басқа да толып жатқан қанды сынақтар үшін құрбан еткен туған халқының, ата-бабасының, әруақтарының рухын мәңгілеуге, еске алуға қарсы биліктің осындай қиянат, сұрқия алдамшылық жасап отырғанына ешбір ұялатын түрі жоқ.
Мінбер.kz — Ашаршылық зобалаңы(деректі фильм)1

Мінбер.kz — Ашаршылық зобалаңы(деректі фильм)2

«Ашаршылық» («Нәубет») — Деректі фильм

Ашаршылыққа 80 жыл

Көк тудың желбірегені — Ермұрат Зейіпханұлы


Аллаға мың шүкір! Тарихымызды ұмытпайық!

6 пікір

Jako
«Абай.кз»лықтар бізге де сыналап кірген сияқты ма?..
ereke_enu
Осындай тарихи посттар маған да қатты ұнайды. Іске сәт! Автор көбірек жазып тұрың
qyrmyzy
тарихты қайта қарап шығу керек, негізі. Детальдарға, дата, цифрларға мән беріп… Неден бастауымды білмей жүргем. Рахмет. Толығырақ тауып алармын тағы. Сосын ақпарат көзін жаза кетсеңіз сенімдірек болатын еді, + оқырманға жол сілтейді. АРБ!
qyrmyzy
үйіліп жатқан мәйіттер, құбыжыққа айналған адамдар, бітпейтін адам сүйектері… шығармаларды оқысаң, денең түршігеді.
dimash
Сіздің пікіріңізден Адам Мекебаевтің "Құпия сандық" деген кітабы көз алдыма келді.
Соны оқып жүргенімде тамақ ішкенде бүртүрлі болатын едім…
Kan
Ондай опан қайта тусасын деп дұға етелік. Ескерткіш салынар, аштықтан өлгендер еск алынар. Бірақ солардың сол түстағы қайғысымен,қасіретіне кінәлілар қайда? кім жауап береді? әрине кінәліні таппасың, ешкімді соттап жаппасың. өткен іс, көрген түс. Бізге айтуға оңай… тек енді аштық болмаса болғаны… Алһамдулла
Тек тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады.