Бала тәрбиесі

Мен ҚАЗАҚПЫН! /
Бір әкеден туған, мінез-құлықтары мүлде үйлеспейтін екі ұл болыпты. Олар өсіп, мектепті тамамдап, кәсіп таңдайтын жасқа да жетіпті. Балалар ақыл сұрап, әкесінің алдына келеді.
— Әке, менің бай болғым келеді. Бірақ маған мұғалімім сен сараңсың деген еді, сараң адам ешқашан бай болмайды екен, ендеше мен де ешқашан бай болмайтын шығармын.
— Балапаным-ау, мүлде керісінше ғой. Сен үнемшілсің, сондықтан бай боласың.
— Менің де бай болғым келеді – дейді екінші ұл. – Бірақ та мен ақшаны үнемдегеннен гөрі жұмсағанды жақсы көремін. Мен ешқашан бай болмайтын шығармын.
— Балам-ау, қайта сенің ақшаға байланып қалған емессің. Ендеше, оны бизнеске көп ойланбай батыл түрде салатын боласың. Сондықтан сен бай болмағанда кім бай болады.
— Мен сондай, қыңыр-қырсықпын,- дейді біріншісі.
— Жоқ, сен сондай өткір, өжетсің, сондықтан бай боласың.
— Мен барып тұрған жайбасар, ынжықпын,- дейді екіншісі.
— Жоқ, сен әр қадамыңды бүге-шігесіне дейін есептейсің, сондықтан бай боласың.
— Мен сондай сабырсызбын, ұшып-қонып отырмасам болмайды. Жүйкем сыр бере бастаған сияқты.
— Керісінше, сен керемет жігерлісің, асып-тасыған күш-қайратыңды әзірге қоярға жер таппай жүрсің. Оны керек жерге жұмсай білсең, сенен асқан бай адамды шырақ алып іздесең таба алмайсың!
— Мен кержалқаудың өзімін.
— Жоқ, олай емес, сен жақсы тынығуды және күшіңді қалай бөлуді білесің, сен бай болмағанда кім бай болады.
— Мен туралы есер деген сөз жиі айтылады.
— Мүлде басқаша ғой, сен әсершілсің, өз сезіміңді жасырмайсың. Бұл кісіні өзіне тартып тұрады. Бұл деген жақсы ғой.
— Ал мен томаға-тұйықпын.
— Қандай ғажап, бәсекелестерің сенің не ойлағаныңды ешқашан біле алмайды. Бизнес үшін таптырмайтын қасиет.
— Мен сондай ызақормын,- дейді біріншісі.
— Ызақор емес, талапшылсың.
— Мен болсам, тым жұмсақпын.
— Ендеше, адамдар саған шын ықыласымен көмектесетін болады.
— Мен тым сыңаржақпын.
— Тамаша, мақсатыңа жетпей қоймайсың.
— Ал мен болсам, алқа-салқа, жағасы жайлау бір жанмын.
— Шырағым-ау сен нағыз шығармашылықтың адамысың ғой.
Осылайша, ақылды әке мінез-құлқы әркелкі қос ұлына бақытқа барар жол сілтепті деседі.Бұл өмірде әркімнің өз бақытын табуға мүмкіндігі мол екендігін ұмытпайық!

Мен ҚАЗАҚПЫН!: Бала тәрбиесі

vk.com/omir_kz

4 пікір

bambad
Бәрекелді, керемет оқиға! Өнеге болуға тұрарлық. Екіншісінің мінезі меніңкіне жақын келеді екен. Өзіме жұбаныш болар жауапты тапқандаймын! Рахмет!
Korkem
Әке болу үшін сабыр керек. Ал сіз дайынсыз ба? ))
AL-ASTER
Біз дайын болсақ, қыз дайын ғо. ;-)
saryqazaq
«Дайынмын» деп ойлағаныңмен күн жақындаған сайын қорқыныш болады екен бәрібір.
Тек тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады.