Шәкен Аймановқа - 98 жыл

Мен ҚАЗАҚПЫН! /
Бүгін, яғни 2012 жылғы 15 ақпанда қазақ кинематографиясының мэтрі — актер, режиссер, сценарийші, КСРО халық әртісі Шәкен Кенжетайұлы Аймановтың дүниеге келгеніне 98 жыл толды.
1914 жылы қазіргі Павлодар облысының Баянауыл ауданында туған. Ауыл мектебін бітіріп, Семей мұғалімдер техникумында оқып жүргенде 1932 жылы Алматыдағы Қазақ драма театрына шақырылады. Айманов 1932 – 33 жылғы маусымнан театрға жұмысқа қабылданды. Ол алғашында бірқатар рөлдерді ойнады. Көп ұзамай классикалық пьесалар бойынша қойылған спектакльдерде басты рөлдерді шебер орындауымен көпшілік көзіне түседі. Әсіресе оның орындауындағы Ақан сері, Қобыланды, Сатин, Петруччо, Отелло рөлдері ұлттық театр тарихында өшпес із қалдырды.
Айманов актерлік өнерімен қатар режиссерлік шығармашылықпен де айналысып, спектакльдер қояды. 1947 – 51 жылдары қазіргі Қазақтың академиялық драма театрының бас режиссері болды. «Абай әндері» (1945), «Жамбыл» (1947) көркем фильмдерінде күрделі экрандық бейнелерді сомдады. 1953 – 70 ж. "Қазақфильм" студиясының көркемдік жағын басқарып, қазақ кино өнерінің өркендеуіне үлкен үлес қосты. Оның қойған көркем фильмдері: «Махаббат туралы аңыз» (1953), «Алдар көсе» (1965), «Атамекен» (1966), «Найзатас баурайында» (1968), т.б. Көрермен қауымның ой-талғамынан шыққан «Біздің сүйікті дәрігер» (1958) мен «Тақиялы періште» (1969) фильмдері ұлттық кино өнерінде комедиялық жанрды дамытудағы соны ізденістерімен ерекшеленді. Оның соңғы қойған «Атаманның ақыры» (1970) фильмі режиссер Айманов шығармашылығының биік шыңына айналды.
Шәкен Кенжетайұлы Қазақстан Кинематографистер одағын ұйымдастыруға қатысып, одақ басқармасының 1-хатшысы (1958 – 70) қызметін атқарды. КСРО Мемлекеттік сыйлығының (1952) және Қазақ КСР-і Мемлекеттік сыйлығының (1968) лауреаты. 1970 жылы 24 желтоқсанда Мәскеу қаласында жол апатынан қайғылы қазаға ұшырады; Алматы қаласында жерленді. Алматы қаласының көшесі (1972) және "Қазақфильм" студиясы (1984) Айманов есімімен аталады. Ол тұрған үй мен киностудия ғимаратына мемориалдық тақта орнатылған.

Материал www.kinostan.kz сайтынан..!

1 пікір

Jako
Шәкең — қазақ киносының атасы.
Тек тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады.