Өзгенің «өнегесі» елжандылыққа тәрбиелей ала ма?

Мен ҚАЗАҚПЫН! /
Көбіңнің бұндай ұзақ жазбаны оқымайтындарыңды да білемін, сонда да жігіттер оқып шықса жақсы болар еді, қыздарға оқымаса да болады.

Мен ҚАЗАҚПЫН!: Өзгенің «өнегесі» елжандылыққа тәрбиелей ала ма?Қазақстан Республикасы Президентінің

көмекшісі-Қауіпсіздік Кеңесінің хатшысы

Қ. П. Қожамжаров мырзаға

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік

хатшысы М. М. Тәжин мырзаға

Бүгінгі күні елдің алдына шығып, кеудесін керіп, аузын толтырып, көсемсіген кейбіреулер: «Жастарды тәрбиелеу», «жемқорлықтың тамырына балта шабу», «діни теріс ағымдармен күресу», «лаңкестікке жол бермеу», «сапалы білім беру», «ұлттық құндылықтарға сусындату», «жақсы болайық», «бір болайық», «күшті болайық»… деген «ақылдарын» қанша айтқанымен, нақтылы іс қолға алынбаса ешқандай нәтиже болмасы анық.

Өзімді толғандырған жайларды ортаға салғаныммен: «жұртың бәрі білетін нәрсемен, басты ауыртып, соны да ақылды сөз айттым демексің бе? » дегенді есітіп қаламын ба деп сақтанып отырмын.

«Ашық хат» етіп «айқайлатып» беруге «сыртқа сырым» ашылмасын деген мақсатпен барынша ықшамдап, іште тұншыққан ойларымды осы хатпен жолдап отырмын.

Бұл хаттың көшірмелерін «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Б.Қ.Байбекке, бұрынғы Хатшысы Е.Т. Қаринге жолдадым.

«Рейтинг kz» зерттеу агенттігі мен «Казпотребнадзор» қоғамдық бірлестігі қазақстандық армия мен жалпыға бірдей әскери міндет мәселелеріне қатысты интернет арқылы сауалнама жүргізіп, Қазақстанның Қауіпсіздік Кеңесіне ұсыныс жасаған.

Нақтырақ айтқанда, «Жалпыға бірдей әскери міндеттен бас тартып, еркін түрдегі (келісім-шарт қызметі) әскери қызметіне көшу»… «Әскери қызметті насихаттау үшін қаржы көлемін ұлғайтып, АҚШ тәжірибесін жүзеге асыруға болады»… «Армия резервін даярлау үшін ақылы әскери курстарға азаматтарды тарту тәртібін оңтайландыру керек» деген тәрізді ұсыныстар жасады.

Осы «ұсыныс» қолға алынатын түрі бар.

Бүгінгі күні сын да, ұсыныс та, ақыл да айтқыштар көп.

Бір кезде «Мемлекеттік тергеу комитеті» деп учаскелік инспекторы мен МАИ-ы жоқ, милицияның екінші түрі құрылды. Жабылды. Қылмыстық-атқару жүйесін ІІМ-нен алып, Әділет министрлігіне берді. Берекесі кете бастағасын қайтарды. (Тергеудің мектебін көрмеген, кәсіби тәжірибесі жоқ маманның тергеуді қалай қадағалайтыны бөлек әңгіме!) Бұл-сабақ алатын жайттар.

Ал, әлгі ұсыныс жасап отырғандардың «ақылдарының» түпкі мақсаттары, алыстан орағытып, қандай мүддені көздеп отырғандары беймәлім.

Меніңше, ұсынып отырған осы «үлгі » қазақ елінің, «мемлекет құрушы ұлттың» азаматтарын тәрбиелеуде өрескел қателіктерге ұрындыруы мүмкін.

Қазақстан Республикасының Президенті – Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың «Қазақстан – 2050» Стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты халыққа Жолдауы әлемді жайпап бара жатқан «жаһандану» атты тажалдың адымына тұсау, арынына бөгеу қойып, қаймана жұртын бейқам, бей-жай күйден арылтты.

Жолдаудың футурологиялық-этнохрондық астар-аңсарын түсіне білген зиялы қауым елдік мұрат, ұлттық мүддені жалау етіп, нақты іс-әрекетке көшер кезеңге жеттік деп тұжырымдады.

Бағыт-бағдар берілді. Енді зиялы қауым қалай қарекет қылуға тиіс? «Жібекті түте алмаған жүн етеді», «әп-әдемі ән еді, пұшық шіркін қор еттінің» кебін кимесек екен деген ой қатты мазалайды.

Елбасы Н.Ә. Назарбаев бұрында «Интеллектуалды ұлт – 2020» бағдарламасының басты мақсаты жастарға рухани тәлім-тәрбие беру екенін атап көрсеткен еді. «Әлемді жаулаған жаһандану үрдісіне біз мықты ұлттық, мәдени құндылықтарымызды, ұрпағымыздың имандылығын қарсы қоюға тиіспіз».

«Терең білім, кәсіби алғырлық, жоғары біліктілік ұлттық мүддеге қызмет етпесе, ел алдындағы парыз ұғымына сүйенбесе, рухани құндылықтарға негізделмесе, жасампаз күшке айнала алмайды!» «… бізде ұлттық нигилизм жайлаған…

Ұлттық менталитетімізді жоғалтпау жайында ұлт жанашырлары бас қосып, бастарын көбірек қатырса, көп мәселенің басы өзінен өзі шешіліп кететіндей көрінеді маған (2007-12-14).

Осы өзекті мәселе бойынша біздің әлі болса да басымызды қатырғымыз келмейтін сияқты.

Атаққұмар, мансапқұмар, талантсыздардың әр жерден ұрлап алып жасайтын көбік реформалары мен көпірме жиындары, концерт қойып, плакат іліп, кептер ұшырып, дуалға жазып, даңғаза қылып, тастан қашалған ескерткіштерді самсату сияқты елге кері әсер ететін әрекеттердің тасасында қалмай, нақты жұмыс жоспарын белгілеу қажет-ақ (өкінішке орай, қылмыстық топтардың, қылмыс әлемінің, діни лаңкестік ағымдардың, жеке ұйымдардың қимыл-әрекеті мен бағдарламаларының механизмі әлде қайда нақтылы)!

Кеше Абайды күңіренткен, бүгін Н.Ә. Назарбаевты налытатын «қазақ» деген халықтың ұлттық санасын әнмен, заңмен, әлдимен тәрбиелеу мүмкін емес сияқты.

«Кәрісі кімнің жоқ болса, жасы болар диуана» деп Махамбет айтқандай үлкеннің, әкенің, әкімнің, ғалымның сөзі құлаққа ілінбейтін кезеңде «мемлекет құрушы» ұлтты тәрбиелеу үшін тереңнен ойластырып, тезден өткен «Жалпыға бірдей әскер міндетті» өзгерту емес оны одан әрі оның пәрменін күшейтіп, тиімді пайдалану қажет.

Қараңызшы, революцияға дейінгі поэзияны, көркем әдебиетті, мәдениетті, философияны, тарихты, географияны т.б. жетік меңгерген «Қайран, Россия» деп тебірененетін орыс офицерлерінің зиялығы сол мектептен қалыспайтын «Қазағым» деп шырылдаған «Алаш» партиясының ұлтжанды азаматтарын қалыптастырған оқыту тәсілдерінен өнеге алу керек.

«Алғашқы әскери дайындық» пәнін мектептегі қылмысқа, әлімжеттікке тосқауыл қоюға, баланың теріс жолға түспеуін қадағалауға пайдалану керек. Осы пәннің мұғалімі мектептегі «бірінші» әрі, «жұмбақ» адам, «мемлекеттік органдарды тірек еткен» тұлға ретінде әлеумет психологиясына әсер, етіп ұлдардың құлағына сыбырлап, «осы елдің ер-азаматысың», «мемлекеті құрушысың», «сендер ғана елдің тірегісіңдер» деген сөздерді сіңіру арқылы жүректегі патриоттық сезімдерін оята алса, арнайы «бағдарламамен» тәрбиелесе, бала өзін басқаша сезінер еді.

Алдағы уақытта ден-қары сау, ақыл-есі саламат, өмірге «қазақ» болып келген барлық баланы міндетті түрде 2 жылға әскер қатарына шақыруды жоспарлау керек. Себебі, олар еркек ретінде шынығып, шыңалады әрі кімнің-кім екені, қандай қарым-қабылеті бары, мінездемесі «Жеке іс парағында» жасақталады. Сүйенері жоқ, «талағының биті бар» қазақ баласының болмысын танып, жетекке алудың жолы осы болмақ.

Ауыл шаруашылық, Темір жол, Құрылыс, Байланыс, Төтенше жағдай, Шекара, Ішкі әскерлері сияқты жауынгерлік құрамалар түрлерін көбейтіп, қазіргі кезде шәкіртақы төлеп, қайта мамандық беруге, керексіз той-жиныдарға, қазақ тілін «оқытуға» кетіп жатқан қыруар қаржыларды сонда жіберген жөн.

Бүгінгі жұмыссыз қазақ, бюджеттік мекемедегі қазақ, жеке фирмада істейтін қазақ, діндар қазақ, лаңкес қазақ, қылмыскер қазақ, мәңгүрт қазақ деген сияқты топырлаған тіркестер пайда болды. Олардың арасында орта немесе жоғары білім алмағандары да, халық қамы, ел мұратын қарақан басының қамынан жоғары қоятын ұлтжандылары қаншама?!

Біз оларды шартты түрде бөле-жіктеп, ортақ игіліктен неге шеттетеміз?! Тіпті, «мемлекеттік қызмет» деп, алақандай елдің аз халқын ақ пен қараға айыратын Агенттіктің мақсаты қызметке таңдау, тарту емес, тірліктен түңілдіру сияқты.

Агенттіктен «жаңылтпашты» жаттап алып, тесттен ұпай жинағандардың шын сапасын анықтау мүмкін емес. Соның дәлелі: тәрбиесіз білім алған, парасатсыз, дарынсыз, адамгершілігі, өмірлік позициясы жоқ, тіпті, психикасы дұрыс емес «қызметшілер» жанымызда самсап жүрген жоқ па!

Сәл шегініс жасайықшы.

Өткен тарих сабақтарын, өзгенің ұтымды тәсілдерін үйренудің ешқандай сөкеттігі жоқ. АҚШ-тың ОББ-сының (ЦРУ-дың) әлемдегі бүкіл саланы бақылауында ұстауы немесе кешегі Совет заманындағы Армияның, КГБ-ның тәсілдерін қарайықшы.

Біз кешегіні еске алғанда: «демократияны тұншықтырды», «ашаршылық», «асыра сілтеу», «Сталин мен Берия жендеттер», «ЧК, НКВД-жазалаушы орган»… дегенді ғана айта беруден аспаймыз. Әрине, ол-тарихи шындық. Бірақ, құр күңіреніп, қарғай бергеннен не шығады!?

Сұмдықтарынан жиренейік!

«Ұлтсыздандыру» үшін жасаған сөзінен ісі бөлек неше түрлі құйтұрқы «әдіс-айлаларына» талдау жасап, тұжырым түйіп, «ұлтты» қалыптастыру үшін үйренетін тұстары жоқ па?

«Партия заманымыздың ақыл-ойы және ар-ожданы», «Еңбек даңқы», «Журналистер — заманымыздың алдыңғы қатарлы идеологтары», «Өнердің ішіндегі ең маңыздысы-кино», «Партиялық ұйым және партиялық әдебиет», «Газет – үгітші, насихатшы ғана емес, ұйымдастырушы», «Дін-апиын», «Фашизмге қарсы еврейлер ұйымы», «Чекист таза қолды, ыстық жүректі, салқын қанды… болуы керек» дегендей ұстанымдарды бетке ұстап, әскери-патриоттық тәрбиені алдыңғы орынға қойған сол Советтік идеологияның жан-жағынан жау анталағанына қарамастан СССР-ды құрып, нығайтқан, құдыретті дәрежеге жеткізген әдіс-тәсілдерін, механизмін неге қолданысқа алмасқа.?!

Бүгінгі күні шебер «әдіс-тәсілдерді» меңгерген, апандай арандарымен мемлекет келешегіне қатер төндіріп отырған сыбайлас жемқорларға құр айқай, жалаң ұранмен тосқауыл қою әсте мүмкін емес.

Атомды бомба емес энергия көзіне айналдырып, удан неге дәрі жасамасқа.

Ұжымдарда «Саяси хатшы» тағайындалып, кадрды тәрбиелеу, саяси-идеологиялық жұмыс сындарлы түрде қолға алынбаса, ақпараттық басқыншылық пен әркімнің өресіне қарай айтар «өз жыры» (бүгінгі күні жалғыз «алмас қылыш» – А. Платонов, ұлт үшін «бас тәрбиеші» – Айгүл Бабаева) қандай тәрбиеге жол береді?!

Ауылда ата-анасының зейнетақысы мен баланың нәпақасына ортақтасып, бейқам жатқан арамтамақтың, қалада мақсатсыз сенделген қаңғыбастың, санасыз мемлекеттік қызметшіні, кәсіпкерді, білімі бардың да, білімі жоқтың да, «талағының биті бар» баланың да ұлттық-патриоттық сана-сезімін көтеру үшін «Жалпыға бірдей әскери міндеттілік», «Толыстағылардың (запастағылар) әскери дайындығын көтеру»,

«Әскери-мемлекеттік құпияны сақтау» жосындарын қалқан етіп, әсіресе, «мемлекет құрушы ұлттың» еркек кіндігін аудандардағы әскери комиссар арқылы тізімін жасап, Қорғаныс министрлігінің, ҰҚК- нің, ІІМ-нің құзіреті аясында дабырлатпай «әскери-саяси тәрбие беруге» көшу керек.

«Әскери жаттығу жиынының» мақсаты – атыс-шабыс, жаттығу емес ұлтжанды саясаткерлерден, мемлекет және қоғам қайраткерлерінен, тарихшылардан, қаламгерлерден дәріс алу, ұлтжандылық тағылымдарын бойға дарытып, ойға сіңіру болуы қажет. «Әскери жиында» болған запастағы офицер мен қатардағы жауынгер де «жүрген жерімде сыбайластық, жемқорлық, лаңкестік сияқты ағымдармен күресемін», «Отанға жан-тәніммен қызмет етемін», «Қазақстанның қауіпсіздігі үшін күресемін» деп, «Мемлекеттік-әскери құпияны сақтау» үшін «дайындалса».

Бұл – жеке адамның, басқа ұлт пен ұлыс өкілдерінің заңды мүдделері мен құқыларына нұсқан келтірмейтін заң шеңберіндегі «Нұсқаулық» пен «Ережені» пайдаланып жұмыс істейтін бағдарлама болуға тиіс.

«Әскери комиссардың» тізіміндегі әскери-саяси сабақтан өтіп, «тапсырма алатын», «дабыл» кезінде дайын болатын, «формасыз», жүрегінде «Біріңді қазақ, бірің дос, көрмесең істің бәрі бос», «Әр қазақ менің-жалғызым» дейтін намысты сезім барлардың Армиясын жасақтау кез-келген істе, (тіпті, жемқорлық, сыбайластық, діни лаңкестік сияқты қылмыстармен күресте, барлауда) оң нәтиже беруі тиіс.

«АҚШ-тың тәжірибесі, ақылы әскер» деген сияқты «реформалар» ұлттық мүддені көгерте ме? «Ас ішіп, аяқ босатар», керегінде шетке қашар» болып шықпай ма?

Қазіргі кезде, ең алдымен, тұрғылықты жері бойынша әскери есепке тұруды күшейту – басты мәселе.

Учаскелік полицей, салық жүйесі, зейнетақы қоры арқылы бос жүргендерді анықтап, запастағы азаматтардың «әскери дайындығын» желеу етіп, жұмысқа тұрғанша «партизан» етіп алып, «ерікті түрде мәжбүрлеп» жұмыс жасату, арамтамақтың өзін де атқарар іс табуға итермелейді.

Өткен ғасырдың 70-жылдары марқұм Д.А. Қонаевтың «жасырын» тапсырмасымен «қиын» заманда әртүрлі институт бітірген қазақтың жас мамандарын офицер етіп әскерге алынған болатын. АЗВИ, СХИ-ды бітірген жас мамандар солтүстік облыстарға жіберілген. Астары белгілі.

Бүгінгі таңда жершілдік деген маңдайға сор болатын түрі бар. 1986 жылғы оянған сана өшіп барады. «Южандар» деп оңтүстікті «жалмауыз» етіп көрсетушілер көп. Теріс пиғылды адам болмаса, «оңтүстік» барша қазақтың ұйтқысы, алтын діңгегі екенін мойындауға тиісті. Оңтүстіктің қадыр-қасиетін көтеріп, түсіндіруіміз керек. Сондықтан «бауырластыруды» қолға алмаса болмайды.

Солтүстіктің жас мамандарын «оңтүстік» мектептен өткізу, оңтүстіктің «балаларына» басқа өңірлерге «жолдама» беретін бағдарлама жасалуы керек. Сонда дәмін татқан, дос-жаран тапқан, қызықты жастық күндері өткен адамның көзіне ыстық көрінетін «екінші» ауылы, «жерлестері» пайда болады. Оған дәлел жалынды жастық шағы өткен Қарағандыны немесе Атырауды ыстық көретінін, іштартатын жасырмайтын үлкен азаматтардың бар екендігі.

Қазір қаламгерлер, газет жарықтық әркімнің жеке мінберіне айналды. Әр саланың қаптаған басылымдары, арзан кіптаптар бар. Марапат, жалындағансыған жасық, қызыл сөз өткел бермейді. Бұл қалам ұстағандардың қадырын кетіріп, қағазды ысырап етіп, қорлау ғана емес, ең жаманы – естіліктен елді адастыру. Асыл сөздер шу-шудан есітілмей, қор болды.

Баспасөзді қару еткен, оған бағыт-бағдар беріп, «арбасына мінгізіп, өлеңін айтқызған» кеңестік биліктің жиренбей үйренетін жеріне тағы да бір көңіл бөлейікші. «ЦК» сол кезде-ақ, елге айтарлары бар Ә. Кекілбаев, С. Сматаев, К. Қазыбаев сынды мықтыларды тартып, идеология майданында шебер пайдаланған.

Сондықтан, мемлекеттік қызметке кіретін БАҚ-ты жасасақ, ұмтылушылар көп болары анық. Талантты қаламгерлерді таңдап, бағыт-бағдар беріп, цензурасыз идеология майданына салсақ, ұлт мұраты майданында ұтарымыз анық.

Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі, кәсіпкер мен билік арасындағы түсіністікке қол жеткізу керек. Ауыл шаруашылығын көтеру үшін, ауылдардан министрліктердің, қуатты кәсіпорындардың мүдделерін сақтай отырып тиімді қосалқы шаруашылықтарын (подхоз) ашу «Дипломмен ауылға» барғандардың жұмыспен қамтылуын шешеді.

Әйтпесе, (талантсыз біреулердің құлағы шалғанды ұрлап алған бастамасымағы) дипломмен ауылға барған агроном, инженер, экономист, бағдарламашы, сәулетшіні бөлек-бөлек шағын қожалықтар ұстап отырмайтыны белгілі ғой.

Ал, құқықтық реформа, әскердегі әлімжеттіке қарсы ұсыныстар бөлек әңгіме.

Бұл көрсетілгендер тек менің емес, талай жаны-тәні, жүрегі қазақ деп соққан еліміздің патриот азаматтарының жаның жеп, толғандырып жүрген жайлар.

Бұған дейін осындай толғандырған ойларды «дабырлатып», «институт құру немесе қалыптастыру», деп ел алдында жүрген азаматтарға жолдадым. Жауап болмады.

Мемлекеттік басқару бей-берекетсіздікке соқтыратын «реформаларға» жол бермей, қолда бардың қадірін түсіну қажет-ақ.

Серік Есенов,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, заңгер.

Ұлт порталы

7 пікір

Jako
Өз Отанын, өз ата-бабасынан мұраға қалған жерін, өз елі өз қазағын ақылы әскермен қорғаймыз дегенге түсінбейтін мен сияқтыларға жақсы жазба екен.
Madi
былтыр келесі жылы әскерге шақыратын шығар деп ойлап жүргенде биыл шақырмады. Бітті ғой деймін, енді шақырмайтын сияқты өзім әскерге контрактімен жұмыс істеуге бармасам…
zhangul
«Асыл сөздер шу-шудан есітілмей, қор болды.» рас-ей!
Kan
Жалдамалы әскердің сапасы мен салмағы жақсы жазылған екен
Kan
«Д.А.Қонаевтың „жасырын“ тапсырмасымен» ұлы тұлға едіау.
adai_make
«Кеше Абайды күңіренткен, бүгін Н.Ә. Назарбаевты налытатын «қазақ»»- мынау алтын мен шошқаның тезегін салыстырғандай әңгіме болды ғой! Жалдамалы әскер дегеніңіз-кім көп төлесе соның жаңына шығып кететін адамдардың тобыры емес пе?
Соңғы өңделген уақыты:
Jako
«АҚШ-тың тәжірибесі, ақылы әскер» деген сияқты «реформалар» ұлттық мүддені көгерте ме? «Ас ішіп, аяқ босатар», керегінде шетке қашар» болып шықпай ма?

Менің де миым жетпейді,өз еліңді, жеріңді патриотизм болмаса, ақшаға жалданғандар қалай қорғамақ? Ертең ақша төлей алмайтындай қиындық туып жатса не болады, жалданғандар жан-жаққа қашып кетпей ма, гастрбайтерлар сияқты.
Соңғы өңделген уақыты:
Тек тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады.