Нұрлы жол – ел бірлігінің белгісі

Мен ҚАЗАҚПЫН! /
Жаратқан ием, бізге бәрін қазақтың пейіліне сай етіп берген.
Жер де берген, кен де берген, сол жерге, сол кенге ие бола алар ел де берген. Сол елдің еңсесін түсірмейтін ер де берген.
Тек тіл көзден сақтасын, көп көрсетпесін.
(Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев


Қазақ жері тек қана кәсіпорындар мен қалалардың, автомобиль жолдары мен электр станцияларының жиынтығы ғана емес, бұл ұлттық нысандарымызға толы атамекен туған жер. Физика ғылымының барлық заңдарына қарама қарсы, Үстірттің ми қайнатқан аптабы мен Хан тәңірінің жеті қат көкті тіреген мұзарт тауларының ұлттық санаға «ыстықтығы» бірдей.
Қазақ елі қашаннан бері талайды көрді, төзді, үдесінен шыға білді. Жаһандану заманындағы жаңа бір қиындықтар белесі тағы да күтпеген жерден алдымыздан шықты. 2007 жылы әлемді дүр сілкіндірген дағдарыстың дәуірі басталды, әлемдегі экономикалық бәсекелестіктің саяси текетіреске сипатына қарай ұласты, Америка мен Еуропаның Ресейге жасап отырған санкциялары, Ресей мен Қытайдың тығыз қарым-қатынас орната бастауы секілді Жер шарының алпауыттарының арасындағы шиеленістердің ушығуы, еліміздің геосаяси тұрғыдан күрделі жағдайға тап болуы – міне, мұның бәрі Қазақстанның басына төніп тұрған бұлт секілді сын-сағаттардың белгісі. Республика ішінде де шешімін күткен мәселелердің шоғырланып қалуы да көп қиындық әкелді.
Төтеннен келген қысылтаяң жағдайлардан жолын тауып шыға білу – бірінші тынымсыз еңбек пен сарабдал саясаттың арқасы, ал екінші халықтың ауызбіршілігі мен татулығының жемісі.
2014 жылдың қараша айының 12-ші жұлдызында «НұрОтан» партиясының саяси кеңесінің кеңейтілген отырысында күтпеген жерден халыққа өзінің кезекті Жолдауын жолдады. «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» деген атқа ие болған бүл Жолдау жылдағыдан ертерек шықты әрі зор маңызға ие болды. «Нұрлы Жол» Жаңа Экономикалық Саясаты – әлемдегі дамыған 30 елдің қатарына кіруге жасалған ғаламат қадам» – деп көрсетті Елбасы бұл Жолдауында. Болашақты болжай білетін басшымыздың сындарлы саясаты арқасында қазақстандықтар болашаққа сенімді болмақ. Президенттің 11 қарашадағы Жолдауы қаншалықты қарқынды және күтпеген жерден болса, атқарылатын жұмыстардың соншалықты маңыздылығын және аса жауапкершілікпен, жылдам, нәтижелі орындалуы керектігін көрсетті. Жолдауды мерзімінен ерте жариялаудың бірден-бір себебі, соңғы уақытта орын алған әлемдегі геосаяси қайшылықтардың себебінен туындаған экономикалық дағдарыстың жаңа қарқынмен үрдіс алуы. Елбасы айтқандай, экономикамыз қиын кезеңді бастан өткергелі отыр.
Астанадан тарам-тарам жолдардың басталуы – жүректен шыққан тамырларының бейнесіндей болады деген образ да маған жақсы әсер етті. Халық арасында «жол – өмір» деген сөз де бар ғой. Және бұл жол шын мәнінде бәріне өмір беретін, жақсы тұрмысқа жеткізетін жолдар болмақ.
Қазіргі таңда жүргізіліп жатқан даму бағдарламалары Қазақстанды озық 30 елдің қатарына қосылуына зор пайдасын тигізуде. Бүгінгі таңда елімізге әлемді шарпып отырған қаржы дағдарысынан айналып өту әрі даму міндеті қойылып отыр. Уақыттың қысқалылығына байланысты осы жолдауда Елбасы жаңа экономикалық саясатты жариялады. Мұнда елдің дамуы және әлеуметтік көркеюімізбен бірге еліміздегі маңызды әлеуметтік мәселелер де қамтылып, жолдауда өз орнын тапқан.
Нұрсұлтан Назарбаев қашаннан-ақ Қазақстан халқының бірлігіне үлкен маңыз беріп келеді. Қазақ халқының «Бір күн ұрыс-жанжал болған үйден қырық күн несібе кемиді» деген мақалы тегін айтылмаған. Кең-байтақ Қазақстанды мекендеген ұлт пен ұлыстардың татулығы мен бірлігі кез келген күрделі мәселенің кілті секілді. Ел бірлігі барда шешімін таппайтын іс жоқ.
Тарихтың ұзына бойында қазақ тұрғындарының этникалық немесе діни мәселелер жөнінде айтулы ұлттар өкілдеріне қарсы бір де бір орынсыз бас көтергенін ешкім білмейді. Бұл да Қазақстанды мекен етіп жүрген барша диаспоралар үшін үлгі болар өнеге.
Өмір – асау өзен. Оның да өз арнасы, жаңару ағысы болады.
Бұл оқиға нарықты экономикаға бетбұрысты кезеңде жетекші, қуатты қозғаушы күшке айналуға, ұлттық мақтаныш сезімді, қазақстандық патриоттық саналылықты оятуға тиісті.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Мәңгілік Ел» жалпыұлттық идеясы да елімізге деген әр қазақстандықтың патриотизмінен бастау алады.
«Ұлттар достығы – біздің тыныс-тіршілігіміз!» деп бір сөзінде Елбасы атап айтқандай, егемен еліміз алған биіктер мен табыстар ұлтаралық татулық, өзара келісім мен бірліктің арқасында келіп отырғанын жастардың ойына сіңіру керектігі туралы пікірі де көптің көңілінен шықты деп ойлаймын. Бүгін еліміз бағыт ұстап отырған «Мәңгілік Ел» болудың нұрлы жолында барша қазақстандықтар жұмылған жұдырықтай қимылдап, ортақ Отанымыздың гүлденуіне үлес қосуы керек деуі де орынды. Болашақ – жастардың қолында екені де шындық. Жолдауда аға ұрпақтың қолымен жасалған құндылықтарды көздің қара-шығындай сақтау қажеттігіне маңыз берді. Алда атап өтілетін Қазақстан Республикасы Конституциясының, Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығы, Қазақстан мемлекеттілігінің түпқазығы Қазақ хандығының 550 жылдығы сияқты мерекелерді қазақстандық патриотизмді қалыптастыру бағытында ұйымдастыру туралы ойлары да ұтымды.

Ел тірегі – Елбасы айтқандай «Mәңгілік Ел – елдің біріктіруші күші, ешқашан таусылмас қуат көзі. Ол «Қазақстан-2050» Стратегиясының ғана емес, XXI ғасырдағы Қазақстан мемлекетінің мызғымас идеялық тұғыры! Жаңа Қазақстандық патриотизм дегеніміздің өзі – Мәңгілік Ел! Ол – барша Қазақстан қоғамының осындай ұлы құндылығы.» Мәңгілік елдің жарқын болашаққа жабырқамай жетуі үшін салынған даңғыл жол – осы «Нұрлы жол». Осы себепті біз – тәуелсіз Қазақстанның гүлденуі, жаңаруы және жаңғыру үшін барымызды да, нарымызды да салып күресуіміз қажет.

0 пікір

Тек тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады.