Ауылдың бір кеші

Ақ парақтағы ойлар /
Ой ауылды еске алсам балалық шақтарым көз алдымнан бейне бір кино таспасы сияқты өте бастайды. Қаланы қаншама шулы десекте, ауылдың да ию-қию, ызың –шуы өз басына жетіп артылып жататын. Әсіресе жаздың күні, аспанда шыжыған күннің аптабы, жерден сол күннен қызған құмның ыстығы жаныңды қоярға жер таптырмайды. Түс кезінде үлкен кісілер есік-терезені қараңғылап, қапырық үйдің ішінде бір мезгіл мызғып алады-ау, бірақ сол ыстықтан да қорықпайтынбіздер,қарасирақтар едік. Қора-қопсының көлеңкесін сағалап асық ойнаймыз, аптапта алаөкпе болып ләңгі тебеміз, ай әйтеуір бір демалмаймыз, шаршауда жоқ. Сөйтіп ойынның қызығымен жүргенде сағат та 5-6 болып қалады да ауылда қыбыр-жыбыр басталады. Мызғып жатқан апамдар ұйқыдан тұрады да есік алдына шығып айналаны күн сала бір қарап шығады, онысы бізді «жүр екен ғой жүгермектер»-деп бір шамалап қойғаны енді. Сонан соң күннің осы уақыттарында үйдің көлеңке түсетін жеріне орнатылған сәкіге бір қарап алады да, а көлеңке кепті ғой дегендей алашасын жайып, көрпесін төсеп қояды. Ауылдың тіршілігі енді басталады. Мана бір әзірде нан ашытып қойған, енді оны жабу (пісіру) басталады. Бірінші таба піскенде «Әй, Пәленше, Түгенше қайдасыңдар, қайтыңдар үйге, ойынан өлсеңдерде»-деген шешелеріміздің дауысын ести сала үйге қарай шабамыз. Апам: «Мына ыстық нанды суымай тұрғанда сарымайға шылап жеп алыңдар да, астауға мал ішетін су толтырып қойыңдар, әкелерің жұмыстан кеп қалады, еркін отырып демалсын, мазасын алмаңдар»- деп тиянақтап қояды. Оны апам айтпаса да өзіміз-ақ әкемнің көзіне түсе беруден қашқақтап жүреміз. Қойшы сонымен су толтыру басталады, бұның өзі бір жыр, құдығымыз қолмен кашайттайтын насос, «Сен 50 рет бас, сен 45-ақ бастың ғой»- дегендер кетеді.Бұл кезде апам да нанын жауып болып, күбі пісуге шығады.Бір қызығы апам ғана емес, келісіп алғандай бүкіл ауылдан күбінің дауысы естіледі емес пе. Өстіп жүріп мал өрістен қайтар уақытта жетіп қалғанын байқамайсың, бұл кез енді ауылда ұлан шу, көк-ала шаң. Қозы маңырайды, бұзау жамырайды, лақ бақырады, есек ақырады, қысқаша айтқанда ауылдың кешкі симфониясы басталады.Бір кезде апамның «Әй, жүгермек-ау көк қой жоқ қой, көршілердің қорасын қарасаңшы»-дегені естіледі. Кетеміз қора-қора аралап, барлық үйде осы қарбалыс. « Апа-ау, бөтен қой жоқ па?»-десең, ол кісі « Бөкенбай, жоқ ол, жүрген шығар бір жерде. Қол тимей жатса Бөкенбайы несі-ей, жүгермектің»-өзіңе ұрсып қояды. Сонымен не керек қой қораға қамалады, сиыр ашаға байланады, апамның көңілі жайланады да бәріміз сәкіге кешкі тамаққа дастарқан басына жиналамыз-ау,әйтеуір.Әкем мен шешем ауыл жаңалықтарынан, өз шаруаларынан әңгіме қаузай бастағаннан ақ біздің көзімізге ұйқы тығыла бастайды да, қалай ұйықтап кеткенімізді білмей де қаламыз.Осылай ауылдың бір күні өте шығады, ал сол күндердің жиынтығы көөөп, өте көп жылдар болыпты-ау. Сағынамиын сол кездерімді.

9 пікір

banzaika1990
«Мына ыстық нанды суымай тұрғанда сарымайға шылап жеп алыңдар
— сілекейім шұбырып, қарным шұрылдап кетті ғой тіпті, эхххххх апамның таба нандарын-ай…
Қойшы сонымен су толтыру басталады, бұның өзі бір жыр
— айтпаңыз бұл дегенің бір ырду-дырдуға толы керемет үрдіс. Кішкентай кезімізде ағаларымыз кәне 500ге дейін санап кезек-кезек басамыз, алдымен сен баста саған жол бердім дейтін. Жол бергеніне мен мәз боп санақты бастап құдықты басуды бастаймын. Бес жүзің не төрт жүзге жетпей ақ астау толып қалады, сонда ағам міз бақпай "Әттеген ай маған қалдырмадың ғой " деп өтірік өкініп жүре беретін, осылайша күнде алданып астау толтыратынымыз әлі есімде
followme_alik
Ойымыз 1 2 3 4 5 6 7 8 9 екен. Жарайсың, БанзайкаБірмыңТоғызжүзТоқсан.
alikona
Түс кезінде үлкен кісілер есік-терезені қараңғылап, қапырық үйдің ішінде бір мезгіл мызғып алады-ау, бірақ сол ыстықтан да қорықпайтынбіздер,қарасирақтар едік.
Ауылымды есіме салып жібердіңіз))сағыныып кеттім,қазір ауылға көп бара беруге қол тимейді ЕНТ анау мынау деп…
Delfina
« Апа-ау, бөтен қой жоқ па?»

Ауылға каникулға барғанымда бір рет қой бағуға барғанмын))) Інім екеуміз. Мені қырдың үстіне шығарды да өзі қазір келем деп жоқ болып кетті. Содан 3 сағат бойы отырдым ғой сол жерде әлі есімде.
Togzhan
Иә, қызыыыық) Ауылдың жүзін көрмегелі 10 жылдан асты-ау… Әлі де солай ма екен, қазір бәрі өзгерген шығар. Қой іздеу операциясы да таныс… Ауада жағылған қазанның түтініннің иісі күшті еді ғой!
Delfina
Ауада жағылған қазанның
қалай? қалай?)))
Togzhan
Енді далада дегенім ғой)
Jako
Негізі газплитада дайындаған тағамдардан көрі далада ошақта істелген тамақ, самаурында қайнатылған шай болсын дәмі өзгеше дәмді болады.Соның бар себебі түтіннің иісі мен ыста ма деп ойлаймын.
ereke_enu
Қарасирақтар)))
Тек тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады.