Адам өмірге жылап келіп, жылап кетеді

Ақ парақтағы ойлар /
Расында, адам баласы жарық дүниенің есігін "іңгәлап" жылап ашады. Анасының аялы алақанын сезінгеннен кейін жылауы сап тиылып, анасының омырауын жағалайды. Ал, оған ешкім жылауды, күлуді, тамақ ішуді, ұйықтауды үйретпейді. Алланың Құдіретінің шегі бар ма! Жоқ. Онан кейін алдымен төрт тағандап еңбектеп, тізесімен жер сүйреп, кейіннен жар жағалап табанымен тәй-тәй басып екі аяғына мінеді. Ес біліп етек жапқаннан кейін ӨМІР деген қиыр шеті көрінбейтін көшке ілесіп, өз орнын табуға тырысады. Онан соң да өмірден өз сыңарын іздеп тауып, сонымен өмірін бірге өткізуге сөз байласып, шаңырақ көтереді. Тағы да өмір тізбегі жалғасып, дүниеге ұрпақ әкеліп, ізіне белгі қалдырады. Сол бір із, сол бір бұзылмайтын, еш жерде жазылмаған қағида. Сан ғасыр бойына бірде бір рет өзгеріс енгізілмеген, талқыға ұсынылмаған ӨМІР деген заң! Оның алдында ешбір параң да, құзырың да, әмірің де жүрмейді. Сондықтан да ол өте ҚЫМБАТ.

10 пікір

MSHERIMBEK
Толғанысыңыз орынды. Өмір қымбат! Осы өмірден келесі өмірге берілетін мүмкіндіктерімен қымбат болып тұр ғой! Әрі тым қысқа…
Beeline_kz
Сол ҚЫМБАТ өмірде адам пенде болғаннан кейін кейде бір атым насыбайдан қалатын көңілді қалдырамыз. Кейіннен ол адам бұ дүниедегі дәм-тұзы таусылғаннан кейін барып бармақ тістеп өкінеміз. Санымызды "қап" деп бір соғамыз. Бірақ, ол кеш, тым кеш… дегенмен де адам баласы болғаннан кейін өмірде шалыс басып, қателесуі заңдылық болмағанымен, ақиқат. Ол неден қателесті, не үшін істеді, неге деген сияқты жауап алушы үшін нақты болғанымен, жауап беруші үшін қиын сауалдардың жауабы қанағаттандырмас. Сол кезде адам санасын ТҮСІНІКтен гөрі АШУға бой алдырып, САБЫР деген алтын ҚАСИЕТке бас имейміз. Бірақ, түптің түінде сол сәттегі ашудың артының орны толмас оқиғаларға апарып соғатынын сол сәтте түсінбейміз-ау… ал, бұл жалған дүниеге бәріміздің де қонақ екендігімізді ескерсек, ана мәңгілік дүниеде сол тірлігің үшін ол емес, сен жауап бересің. Өйткені, Алла тағала САБЫРЛЫҚҚА шақырған бәрімізді. Сол сәтте ашуыңды сабырға, ақылға жеңдіріп, бәрін ой елегінен өткізсең, сол мәселенің шешілер түйінін тапсаң, артының жақсы болып, Алла тағала тарапынан да Алғысқа ие болатының кәміл сен. «Адамнан сұрағанның екі көзі шығады, Алладан сұрағанның екі бүйірі шығады» деген емес пе?! Ал, сол тағаламның берген жанын тек өзі ғана алуға тиісті екендігін ескерсек, оған себепші болып екі есе күнә арқалғаның дұрыс емес-ау...өйткені, сол арты өкінішке соқтырған мәселе ертеңгі күні екі еселеп сенен шығып кететінін ескеруге тиіспіз. Сондықтан, адам өлтіргеннен басқа ауыр күнә жоқ. Ал қалған пенделік шалыс басқан қадамдарды кешіре білсең, сол сенің адамгершілігің мен адам қасиетіңнің куәсі. Оның дұрыс еместігін білсең де кешіруге тырыс. Бұл менің жеке пікірім. Мен дін өкілі емеспін, қарапайым алланың құлымын.
ARDANA
Керемет пікір. Өте орынды. Сондай бір толғаныспен жазылған. Расында солай ғой. Өмір өзен. Керемет ұнады.
Togzhan
Адам күліп тумайды,
Туа сала күлмейді
Үйренеді күлуді,
Бірақ күліп өлмейді.

Адам жылап туады,
Жатады жұрт жұбатып,
Адам жылап өледі,
Өзгені де жылатып.

Жылайтыны туарда,
Жамандар бар қинайтын.
Жылайтыны кетерде,
Жақсылар бар қимайтын.(Қадыр Мырза Әли)

Иә… бұл дүниені мәңгідей көрерміз. Біреу өмірден өтті дегенде, бұрын көп мән бермеуші едім. Қазір біреу өлді десе, көңілімді кірбің басатын бопты, бұл дүниеде сыйласып, ешкімді ренжітпей өткізсек екен!
Baha_07
Өмір шынымен коп сырға толы… оның түбіне ешкім жете алмас… осынау қамшының сабындай қысқа өмірде сыйласып, бір бірімізді қадір тұтып өткенге не жетсін?! Өмірде талай куаныш, талай өкінішті, қайғылы жағдайлар болып жатады...өмір сонысымен қызықты…
vkm
Бір видео көрдім,өлгеннен соң болатын өмір туралы… бррррр
Jako
Салшы бізде көрейік…
ARDANA
Расында, өмір туралы толғаныс шеті мен шегі көрінбейтін, қусаң жеткізбейтін сағым секілді. Адамзат баласын екі топқа бөліп, солардың арасындағы «кедей бай болсам, бай құдай болсам» дегендей тартысқа толы қилы кезеңдерді ӨМІР деген төрт әріпке сиғызып жібереміз. Ал, соның соңы ешқандай жақсылыққа апарып соқпасын білсек те айтысып, тартысып өлеміз. Қаншама бай болып, жалған өмірді жалпағынан басып шалқып жүргендер (бұл шындық!) 20 метр ақ матаны ғана бұйым қылып, мәңгілік дүниеге өтіп кете барады… тек біреуге ерте, біреуге кеш. Тіпті, шіріген байдың да қолынан ажалға арашалық келмейді. Ал, пара о дүниеде жүрмейді. Ол жақтағы сенің жұмаққа барар арашаң — ол бұ дүниедегі жасаған жақсылықтарың мен садақаң, жетім мен жесірдің басынан сипағаның, мүгедекті мүсіркегенің. Ал, соны біле тұра жақсылыққа, жомарттыққа қолы сараң, жүрегі жымырт байлар көп. Қайырымдылық пен жомарттықтың нұрына шомылудың орнына керісінше, өтірік күліп, не басқаға сілтеп немесе сылап-сипап шығарып салады. Алланы қиналғанда есіне алып, мешіттің қайда орналасқанын еске түсіріп жатады. Басында бір оқиға өтсе, «е, алла мен саған не жаздым» деп мешітке барып, қимаса да садақасын беріп, әркімге бір «мешітке бардым, садақа бердім, енді бәрі жақсы болатын шығар» деп Алла тағалаға (асылық айтсам қайттым, Аллам) парасын өткізгендей масаттанатынын қайтерсің, шіркіннің! Бұл турасында әңгіме ұзақ. Тек көңілге түнеген кейбір жолдарын ғана сабақтадым… маңдайымызға қанша ғұмыр жазғанын тек бір Алла біледі…
Manas
Адам қанша өмір сүреді дейсіз)10 жыл, сосын тағы 20 жыл тағы сондай жыл, сосын о дүниелік болады)Өлгеннен соң не тозақ, не жәннәт.Сондықтан тек қана сол күнге дайындалу керек)Мысалы, мен қәзір ұйықтаймын, ал ертең ұйқыдан оянам ба ,әлде.....)оны Аллах біледі.
Тек тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады.