*****

Ақ парақтағы ойлар /
" Көздері жасаурап, еріндері дірілдеп ол екуі қатарласа маған қарай ұмтылды.
Асыл жар, адал досқа не жетсін, шіркін! 1963-1970 Алматы" деп көз майын тауыса оқып бітірген кітабын төсегінің бас жағына қойды да, Асан қарашаның бұлтындай төніп келе жатқан сұрғылт ойлардан құтылу мақсатында маңдайдағы оймақтай көздерін еріксіз жұмып алған болатын. Иә бұл қорқынышты құбылыстардың Асан миын төңіректеп жүргеніне екі жылдың айналасы болды. Асан ұйқысына құрық түскеніне де екі жыл. Басының берекесін, миының мазасын алып жүрген жаңағы кітаптарын оқығаннан кейінгі туатын қазіргі қоғамдағы қыздар туралы ойлар. Ол екі жыл ішінде айтарлықтай кітап қорын қазып үлгерген. Бәлкім соның кесірінен болар, бұның қыз атауымен жұғыспағанына да екі жылдың маңайына тақапты. Әйтпесе түр-тұлғасы келіскен, ақылды, сымбатты жігіт. Бұған осы уақыт ішінде талай қыз қырыңдаған да болатын. Бәрімен танысса да, таңдап біреуін еншісіне бұйыртпады. Себебі табиғатында тұла бойына туа біткен сыншылдық қасиеті бар-тын. Ол осы соңғы екі жыл мерзімінде адам қанын армансыз ішкен масалар құсап ісініп алған. Кездесіп, танысқан қыздарын үнемі өзі оқыған кітаптарындағы кейіпкерлермен салыстыру бұның бүгінгі күні ауыруынан әдетіне ауысып үлгерген. Соның кесірінен де кеше көптен бері кездесіп, әңгіме-дүкен құрып жүрген, кескін-келбеті келіскен Сағыныштың да бетін қайтарып тастаған болатын. Себебі ол да қазіргі көрікті қыздардың көбі құсап кітаппен достығы жараспағандардың қатарынан. Сондықтан да үнемі арзан сөздің асуынан аса алмайтын. «Иә бұндай сымбатты қыздың сұлулығын, адамгершілігін, кішіпейілділігін, кісі силағыштығын қайтейін, маржандай сөздерінің арғы жағынан үнемі арзан сөздер шығып жатса. Жаңа ғана өзім үшінші рет оқып тауысқан „Махаббат, қызық мол жылдардағы“ Меңтай, Ілияс ағамның „Ғашықтарындағы“ Аяжан, Оралхан Бөкейдің „Жылымығындағы“ зағип қыз сияқты сөз саптай алмаса, ертең өзі туған сәбиімізге дәл солардың аналарындай өнегелі сөз айта алмасы анық қой. Мен үнемі жұмыста боламын, ал бала тәрбиесі ананың қолында. „Тәрбие тал бесіктен басталады“ демеуші ме еді бабаларымыз, олай болса жеңіл сөздің жетегінде жүрген бұл қыз дәл Меңтайдың анасындай тәрбие бере алмасы анық… А ондай қыздың қажеті қанша маған...» Міне, осы ойлар ғой үнемі қызға келгенде қыңыр мінез танытып, кеудесінен кері итеретін. Кей кездері өзі де сонысын жақтыртпайтын. Қанша шешімін табуға тырысса да, бұның қолынан келмей-ақ қойды. Себебі, Асан Меңтай, Аяжансынды кейіпкерлердің әр адамның бойындағы жақсылықтарының жиынтығынан құралған образ екенін, олардың барлығы бір адамға ғана тиесілі емес, және де ең бастысы ондай қыздардың өмірі тек кітап беттерінде ғана екенін білмейтін еді… Білмегендіктен де әлі талай сорлайды…

5 пікір

qyrmyzy
"Ғашықтарды" оқымаппын. Көңілдің жылымығына теңеп келем...© керемет шығарма!
Меңтай да Мұратына өсек пен ішкі стереотипіне байланысты қосыла алмаған. Ашықтық жетіспейді… мүмкін сол замандағы қыздардың бойындағы ибалықтың бір көрінісі ме…
Korkem
Аптыры кім? Таныс жазба секілді
eclipse9
Аптыры мен ғой)) жаңа ғана жазып бітіріп, айтаберге салдым
yesbolat83
eclipse9, бұл жазбаң өте керемет шыққан. Маған өте ұнады. Асан шынайы өмірде болашақ жарының Әзілхан ағамыздың Меңтайы, Оралхан ағамыздың Жанары секілді өне бойы пәктікке толы, қазақы қарапайымдылық тәрбиеден шыққан қазағымыздың қаракөз қыздарын аңсағаны да орынды. Бірақ,
жеңіл сөздің жетегінде жүрген бұл қыз дәл Меңтайдың анасындай тәрбие бере алмасы анық
бұл пайымымен келісіңкіремеймін. Олай дейтінім, жеңіл, қарапайым сөзбенен де жақсы-ақ тәрбие беруге болады емеспе.
Рахмет. Өзге де шығармаларыңды асыға күтем.
AL-ASTER
Кітап қалай адамның шын қасиетін жауып, көзге көрінерлік сипатын баяндаса, осы пост та сондай мәнге ие жазба екен.
Жалпы, әдеби кітап адамға білім беретін, тәрбие беретін «дос» болғанымен, шынайы өмірде барлығы адам ойлағанындай бола бермейтіні — қарапайым аксиома екендігімен келісуден басқа жол жоқ.

Келіспеген адам, махаббатта да, өмірде жолы бола кетуі меніше сирек жағдай.

Адамды түсінбей тұрып, олар туралы өзінше тұжырым жасау, көп жағдайда адамның қателігі болып жатады.

Шыққан жерің емес, бара жатқан бағытың маңызды. ©?

Ербол мен Меңтайдың цитата/афоризмдері жиналған эпизодта, Меңтайдың:

«Кез келген жаман адамның, жақсы қасиет болады» деген жері таныс болар. Демек, бір адам барлығына «жақсы» болып көрінбейді, сонымен қатар, бір адамға «жаман» болып көрінген адам барлық адамға жаман деген сөз емес. Адам деген құбылмалы күрделі тіршілік иесі емес пе, әрекеттеріне көптеген айналадағы факторлар әсер етеді. Нәтижесінде, қандай адам болса да, шынайылығы жасырынып қалатын кездер де болады.

Ілияс Есенберлин аға тарихи-әдеби шығарма жазғанда шебер-ақ, бірақ маған "Ғашықтары" аса ұнаған жоқ. Бұл менің жеке пікірім.
Тек тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады.