......

Ақ парақтағы ойлар /
Оқырманға ой тастар мардымды дүние жазсам деген ниетпен пернетақтаның мазасын алып отырған «Айтаберліктер», кеш жарық! Көптен бері көпшілікке айтар көкейімде жүрген әңгіме, бүгін көмейімді жыбырлатып болмаған соң бөлісуге бел будым! Әңгіменің бағыты Алтайдың арғы жағы мен бергі жағындағы қазақтар туралы болмақ! Түсінікті тілде айтсам "ҚАЗАҚСТАННЫҢ" қазақтары мен оралмандар жайында. Баяғыда. Баяғыда болғанда қашан? Осыдан 2-3 жыл бұрын, яғни журналистикаға түспей тұрып, мен көрші елдегі қандастарымыздың білім дәрежесі, ой деңгейі бізге қарағанда әлде қайда төмен деген пікірде болатынмын(неге екенін өзім де білмеймін). Ал өзіміздің елдің жастары ақылды, оқыған, ой өрісі кең, тілдері жатық, ең бастысы ұлт жанды деп жүретінмін! Бірақ әттең бәрі керісінше екен… Қытай қарамағын да жүрсе де, ол жақтағы қазақтар бізге қарағанда әлде қайда ұлт жанды! Ал тілінің шұрайлығы, ойының тереңдігі туралы жақ ашудың әсте қажеті жоқ! Осыған қарап кесесі шайқалса да, қаймағы бұзылмаған нағыз қазақтар Алтайдың арғы жағында ма деген ойға да қалатын кездерім жоқ емес. Бізде қазіргі еліміздің көсегесін көгертіп, керегесін кеңейтеді деп жүрген замандастарым ше, арзан әңгіменің айналасынан аса алмайды… Айтатындары сол: ақша, қыдыру, киім, тағысын тағы(Қазан-ошақ маңындағы әңгіме). Барлығы жеке басының қамын ғана ойлайды. Тамағы тоқ, көйлегі көк болса болды, басқасына бастырын қатырмайды. Азат күннің астында ғажап тілінің мазақ болып жүргені, оларды мүлде алаңдатпайды да. Ал ол төңірегінде әңгіменің ұшын шығара бастасаң өзіңді келеке етеп, күлкіге айналдырады. Ал саясаттың иісі тіпті де мұрындарына бармайды. Қазба байлықтарыңның қолды болып жатқаны олар үшін түк емес, себебі олар ұлты түгілі өзінен тарар ертеңгі ұрпағын да ойламайды… Өзіне жетсе болды. Былайша айтқанда, бір күндік қызық үшін өмір сүретіндер.
Қытайдан келген қазақтар ше, азаттықтың қадірін олардан артық білмейміз біз. Бәлкім бұл жат жерде жүріп қиналғаннан, атамекенін аңсағаннан болар. Бірақ бір риза болатыным аспан асты елінен келген қазақтар бізге қарағанда әлдееее қайда білімділеу, әлде қайда ұлт жанды. Құдай біледі біздің «шала қазақтардың» басым көпшілігі ұлт жанды деген сөзді естімеді демеймін, естіген болар, естісе де оның қандай мағына берерін білмейді. Оған бәсім бар! Содан кейін тағы бір қынжылтатын тұс. Бізде ауыз біршілік деген жоқтың қасы. Бірімізді біріміз мазақ қылғанға, қара бет қылып кеткенге мәз боламыз. Мақтаныш тұтамыз. Өмірі біреуге жамандық ойлап, өзіңнен жоғары шығып кетпеуін аңдып жүреміз. Сәл көтерілсе аяқтан шалуға құмармыз.
Бұның бәрін ашынғандықтан, осы бағытымызды өзгертпесек жарға соғыламыз деген қауіптен айтып отырмын… Әйтпесе, мен бір өз қазағымды жек көретіндей. Ертең бұны мен айтпасам басқа біреу айтады, а ол сөздің бізге ауыр тиері бесенеден белгілі. Осы ретте сөзімнің аяғын Пушкиннің «Өз Отанымды мен өзім де жек көремін. Бірақ осы сөзді шетелдік біреу айтса, жаным күйіп кетеді. Өйткені, шетелдік табалап айтады» деген сөзімен аяқтағым келіп отыр!!!

1 пікір

ulan
Ашшыда болса ШЫНДЫҚ!!!
Тек тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады.