Сағыныш иірімдері

Ақ парақтағы ойлар /
… Мен негізі ауылда кіндік қаным тамып, сол ауылда өскен қара домалақ баламын. Біздің ауыл керемет еді… жайқалған жасыл бауы, аспанмен таласқан тауы, сылдырлап аққан бұлағы болмаса да ауылым маған оттай ыстық. Жаз айындағы аптап шыжғырған ыстығы да, шаңы аспанға көтерілген құмды бораны, қыстыгүнгі сары шұнақ аязы бәрі-бәрі қымбат. Енді тілмен айтып жеткізу қиын. Сол ауылыма деген сағынышымды айту қиын. Жүрегім тулап, қаным тасып, ерекше бір күйге түсемін. Балалықтың бал дәміне қанбай, дастан парағын сараптап жүріп ер жетіп, арман қуып ауылдан алыстап кете бардық. Кейіннен өмір деген көшке ілесіп, ауылдан біржолата кеттік. Бүгінде сол ауылым шақырып тұратындай. Туған жердің қадірін ауылда жүргенде білмейді екенсің…
… мен 1975 жылы шілде айында дүниеге келдім. Менен бұрын жанұямда 3 қыз болған екен. Ал, атам қазақ баланы бөлмегенімен ұлды аңсайтыны бар емес пе? Содан атымды Арман деп қойыпты. Туғанда салмағым 5,800 кг болыпты. Бәрі таңқалып, «апырмай» десіпті. (неге екенін әлі күнге түснбеймін). Біз ауылдың көне ауыл деген мөлтек ауданында тұодық. Бүгінде ғой мөлтек аудан деп отырғаным. Ол кездже көне ауыл, жаңа ауыл, көнту, сордан қашқан т б ауыл адамдарының қойған атымен аталатын.
Әсіресе жазды гүні төсекті далаға салып жатамыз. Көз алдыңызға елестетіңізші…
Жан-жағыңыз жым-жырт. Құмды тау жақтан ескен жылы самал жел танауыңды қытықтайды. Шырылдауық шегірткенің дауысы мен анда-санда әр жерден үрген иттердің дауысы осы бір табиғаттың әсем мезгіліне сән беріп тұрғандай. Аспанда сансыз жымыңдаған жұлдыздар. Шалқаңнан жатып алып, қасыңдағы бауырыңмен бірге жұлдыздарға таласасың. Бәзбір еншілеп қойғандай «анау менікі», «мынау менікі» деп болмашыға таласасың. Онан қалды жұлдызды аспанды қылдай екіге бөліп аласың да өз сотығыңдағы жұлдыздарды санайсың. Сонан бір кезде қалай ұйықтап кеткеніңді білмейсің.
… Содан ағараңдап таң атады. Алдымен ауладағы тауықтар қыт-қыттап оятады, сонан соң өріске кетіп жатқан, маңырап айналаны у-шу қылып жатқан малдар. Көзіңді көрпе астынан ұрлап ашып, сығарайта қарайсың. Атам түйелерін шөгеріп жатыр, әжем самаурынға шәй қойып, даладағы тік мұржалы пешке табаға нан салып жатыр. Анам сәкіге көрпе жайып, шәйдің орнын жасап жатыр. Әкем есік алдындағы қол жуғышта сақалын алып жатыр. Сенің тәтті ұйқыңның нүктесін танауыңды қытықтаған отта жаңа пісіп, оны табаққа ыссылай турап, оған май қосып бұқтырған таба нанның иісі қояды. Міне, нағыз ауылдағы тірлік…
… Манағы суреттің бәрі бір сәтте көзден ғайып болды. Мен әкемді, атамды, әжемді сағындым. Балалық шағымды сағындым. Осыларға деген махаббат мәңгілік жүректе сақталады. Жанарымды тұнған жасты сұқ саусағыммен сүртіп, қасымдағы керуетте ұйықтап жатқан ұлымның бетіне қарап, соның болашағының бақытты болуын тіледім. Алла бұйыртса жазға қарай ауылға апарып, туған жердің топырағына аунатып, тарихын айтсам деймін. Оған Алла нәсіп етсін. Әумин.

8 пікір

Korkem
Тебірентіп жібердіңіз! Тіпті ғажап! Оқып отырып өзім көріп келгендей күйге ендім. +1
ARDANA
рахмет. туған жерге деген сағыныштан туған повесьімнен үзінді ғой… естелікке жазған…
Jako
Тамаша,өз ауылым көз алдыма келді.
dimash
туылғанда 5,800 гр???????? тырнақ арасынан кір іздеп отыратын адам емеспін, бірақ мүмкін 5,800 кг шығар… а то анандай веспен…

Негізі жазғаның керемет сөзсіз, ұнап-ақ тұр… оқып отырып бүртүрлі күй кештім… РАХМЕТ сізге!
Beeline_kz
:) түзетуің орынды сияқты. Шынымен де не деген салмақ, ә! ал ауыл туралы керемет рас қой
ARDANA
Айыпқа бұйырмаңыздар, әріптестер. 5,800 кг ғой. Түнде жазғанмын. Қателескенмін ғой. Ал, шынында ауылым алтын бесігім. Шынында да ауылға аңсарым ауып жүр. Бірақ, қызмет бабымен тағы да алыстап барамын.
KILYZAMAN
Кіндігім солқылдап кетті. Жақсы жазыпсың…
Тек тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады.