Жусан исі

Ақ парақтағы ойлар /
...2007 жылдың мамыр айы. 17-ші жұлдызы. Осы күні қатал тағдыр менің өмірдегі ең қымбатты адамымды — ӘКЕМДІ құшағымнан жұлып әкеткен күн. 1983 жылы әкем 16 мамырда 32 жасқа толып, ертеңіне таңертең бақилық болды. Сондықтан да осы күн мен үшін ауыр да қасіретті. Уақыт-емші, кез-келген жан жарасын жазады дейді ғой. Бірақ, бұл жан жарасы емес, жүрек жарасы. Ол ешқашан жазылмайды.
… Менің 7 бауырым бар, бірге туған. Осы күні іс-сапармен (шынын айтқанда туралап бардым) ауылға ат басын тіредім. Қызметтік көлік астымызда тулап тұр. НИВА көлігі. Нағыз даланың, батпақты жолсыз жердің темір тұлпары ғой, шіркін! Қасымдағы операторды қонақүйге орналастырып, өзім көлікке отырып, ауылға бет алдым. Сағат 10-ның шамасы. Аспанды жеңіл бұлт торлай бастаған уақыт. Бірақ, шала-пұла. Бойында еш ақау жоқ тұлпар осқырынып жолға түсті. Асфальт жолдың апшысын қуырып тапырлатып келемін. Бір Дүйсенбек деген ақын ағамыздың «мықты болсаң дарияның ағымын бу, жүйрік болсаң сар даланың сағымын қу» деген өлең жолдарындағыдай сағыммен жарысып келемін. Зырылдап тұрған көлікке 18 шақырым деген не тұрсын. Әп-сәтте ауылға кіре берістегі қылау деп аталатын биікке көтерілдім. Оң жаққа арналған бұрыштама жарығымды жағып, "Қош келдіңіздер!" деген белгінің тұсына келіп тоқтадым. Тысқа шықтым. Осы бір төбе басына келіп, таза ауамен тыныстап тұрғанды жақсы көремін. Арқа бетіңде оттай ыстық туған ауылың. Алдыңда алақандағыдай ойыста аудан орталығы мен сымдай тартылған трасса. Онда ары-бері ағылған көліктер. Сонау көз үшында ауыздығымен арпалысқан отарба (поезд). Осы белгіні кезінде әкем орнатқан деп естуші едім. Бірақ, ешкімнен сұраған емеспін. Шынын айтқанда, «жоқ бұл әкеңнің қойған ескерткіші емес» деген қарсы жауап аламын ба, көңіліме демеу болып жүрген осы бір ескерткішті мүлдем жоғалтып алатындай күйге түсетінімді білгендей сұрағым келмейді. Кім орнатса да менің жүрек түкпірімде бұл әкемнің орнатқан ескерткіші. Сол ескерткіштің жан-жағын қолыммен сипалап, әкемнің алақанының жылы табын сезінгендей боламын.
Сонымен көлігіме қайта отырып, ауылға кірдім. Ауылға кіргеннен кейін 100 метрдей жерде муызкалық мектептің ғимараты бар. Қазір ол жеке үйге беріліпті. Соған қарама-қарсы біздің көне үй тұр. Ол да ыстық. Өйткені, осы үйде менің балалық шағым мен ержеткен кездерім өтті. Кезінде кеңшар болып тұрған кезде анамызға кеңшар директоры берген болатын. Марқұм жақсы кісі еді. Алла алдынан жарылқасын. Осы үй тұсында аялдап аз-кем тұрдым да ары қарай жөнелдім. Бәрі көзге оттай ыстық. Балалықтың балдырған іздері қалған тұстардың бәрі де күні кешегідей көз алдымда. Мынау ескі дүкен. Ал мынау кезінде шаштараз, кейіннен мешіт үйі. Онан әрі пошта мен телефон торабы. Талай осы жерге келіп, газет алып, марұқм Әмина апамызға көмектесіп тұратын едік. Тіпті, сол газеттің иісі деп әлі күнге дейін танауымды қытықтайды. Көрген адамдар «ей, мынау Сағынайдың баласы ғой, Дәріғұлдың немересі ғой» деп маңдайымыздан сипап, бетімізден сүйетін еді.
Міне, көнеауылға да табаным тиді. Сонау жердегі қара құдық көзіме оттай ыстық. Соның тұсына келіп тоқтадым. Жанарыма жас, көкірегіме өксік тығылды. Ай, ай, аңсарым ай! Туған үйім ай! Тек орнында үйінді ғана тұр. Үйімізді бұзып алып кеткен. Тек орны ғана жатыр. Бірақ, бәрі де көз алдыма көлбең қағып өткен 1980 жылдарға бір-ақ секірді. Көңіл неткен жүйрік! Бәрі де көз алдымнан көркем фильмдей өтіп жатыр тізбектеп өтіп жатыр… сағыныш…
Аулада (онан қалған) біраз серуендеп жүрдім. Балалық шағымның іздерін іздегендей. Міне, мынау сарай. Осыдан қазір қолында қоянға жем салатын тегеші бар апам шығатын сияқты. Анау түйе қора. Онан қазір сары шинельін сүйретіп атам шығады. Мынау көршілес шарбаққа жапсарлас есіктен тезек терген қабын арқалап әжем кіреді. Дарбаза жақтан машинаның тежегіш берген кездегі шиқыл дауысы шығады. Есіктен қойнында сұры пакасы бар әкем кіреді. Оның алдынан жүгіріп қарындасым барады. Әкем оны көтеріп алды. Еңбектеп бара жатқан кенже бауырымды сабақтан қайтқан анам көтеріп, шөпілдетіп сүйіп жатыр. Ағам мал қора жақтан шығып келеді. Кешкілік уақыт. Бәрі абыр-дабыр. Мәз-майрам. Балалы үй базар. Ал, мен қайдамын? Мен өзімді көре алмай тұрмын. А, мен әні, үй артында адыраспан деген шөптің басындағы жасыл бұршаққа ұқсайтын дәнін теріп отырмын. Оның қолдан істеген сым атқышпен түйреп, қару қылып жүрмін… Бәрі де көзден ғайып болды. Қимадым. Көңілім әлі солармен болғанымен, санам қайтадан шынайы өмірге қайтадан алып келді.
… Көлігімді оталдырып ары қарай кеттім. Көне ауылды тіліп өтіп, ауыл сыртына шықтым. Құм төбенің астында қорым бар. Осы жерде атам, әкем жатыр. Соған келдім. Қорымға жақындай бергенде көңілім қайта бұзылды. Жанарымнан жас тамшылары еріксіз шықты. Бір кезде тамшылап жаңбыр сіркіреді. Мен де, табиғат та қоса егілдік. Ер адам қанша мықты болғанымен, ол да адам баласы ғой. Әкем мен атамның әруағына құран бағыштадым. Біраз отырып, қорымның есігін мықтап жауып, соған қарама қарсы құм төбеге шығып біраз отырдым. Жаңбыр үдете түсті. Бірақ, жып жылы жаңбыр. Мамырдың майда жаңбыры. Қолыммен бір түп жусанды бытырлатып үздім де, құмарым қанғанша иіскедім. Сол жусан иісінен әкемнің құшақ іиісін сезінгендей күй кештім. Әкем! Сенің қатты сағынған екенмін. Құшағыңды, жылы алақаныңды сағындым… сағындым…

13 пікір

dimash
пікір жазуға қолым зорға барды ау… Өзім әкесіз өскеннен кейін әкенің қандай болатының білмеуші едім, мына посттан көнілім босап кетті… Мың қайтара рахмет Ардана! осындай керемет туындыларды жарыққа шығарғаныңызға. Алла риза болсын!
ARDANA
рахмет Димаш. Бағалағаныңа алғысым шексіз
Tyerbol94
Жағдайың менікімен іспеттес. Бірақ мен небәрі 2 жасымнан кейін көрмей кеттім. Негізінде ол тірі. Шығармашылығың жүректі жібітерлік.
ARDANA
Өмірдегі, қоғамдағы болып жатқан құбылыстың бәрін де көңілді жұбату үшін — ол ӨМІР ғой деген төрт әріпке сиғызып жібереміз. Алла өзіңе қуат берсін.
MSHERIMBEK
Жылаттың-ау автор!
Атам қайтыс болған кезі есімде. Алматыда жұмыста/оқуда болатынмын. Інім хабарласты. Жылап тұр. Ақыры өзі айта алмай кішкентай ініме телефон тұтқасын берді…
Бардық. Жер қойнына жібердік. Қазір ауылға барғым келмейді. Қорқамын… Өрік ағашының астындағы тапшанда отырған жайбарақат шәйін ішіп отыратын атамды көрмей қалудан қорқамын.
Қайтыс болғанын ақыл білгенімен жүрек сенбейді. Бәлкім, сенбессіздер, бірақ атамның телефон нөмірі әлі телефонымда сақтаулы. Жиі-жиі звандап, оператор қыздан атамның „байланыс аясынан тыс жерде„ жатқанын біліп тұрамын…
ARDANA
ия, бұл өмірде өзіңе жақын адамнан мәңгілікке айырылу — аса қиын. Жүрегің сыздап, қатты тістенгеніңмен ақиқат — қашан да ақиқат. Ендігі жерде атаңның рухы мен әруағы қолдап, желеп-жебеп жүреді. Әумин.
KILYZAMAN
Сол жусан иісінен әкемнің құшақ іиісін сезінгендей күй кештім.
— сентиментім оянып кетті… Қай ауылдан боласың бауырым?
ARDANA
Мен «табанынан су кеткенімен, халқының жүрегінен жыр кетпеген» қасіреті мен толғауы тоқсан Арал деген шаһарданмын.
Korkem
керемет! тіпті керемет!!!
Jako
Ардана, сенің жазғандарыңнан балалық шақтарым көз алдымнан тізбектеліп өтті.Адыраспан, жусан, қайран солардың иісінен тәтті не бар екен. Кейінгі балалар мүмкін сығыздың(жевачка)иісін еске алар, біздің балалық шақтан қалған иіс жусан, жиде, адыраспан ғой.
ARDANA
рас айтасың бауырым. Құмда аунап, табиғат анамыздың қолынан су ішкен біздің балалық шағымыз тіптен керемет, тіптен бақыт қой.
Baha_07
Әсерлі де керемет постыңыз үшін рахмет...Әке асқар тау...!
Тек тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады.