«Бөрілер» барлық жағынан басым болды...

Ақ парақтағы ойлар /
Желтоқсанның 8-і күні «Балуан Шолақ» спорт сарайында болып өткен «Астана арландары» мен «Британиялық арыстандардың» арасындағы кездесудің нәтижесі күткендегімізден әлде қайда сәтті шықты. «Бөрілер» барын салып «арыстандардан» айласын асырып кетті.
Алматылықтардың алыптар айқасын асыға күткендіктері сонша, аталмыш ғимараттың ішінде ине шаншыр жер қалмады, сол күні. Бұл кеште бөрілердің өнерін көріп, бағасын беруге «Балуан Шолаққа» бірталай бетке ұстар азаматтар да ат басын тіреген болатын. Кеште жиналған жанкүйерлердің жалынды айқай қолдауынан құлақ тұнды. Барлығы да жігіттеріміздің жеңісін біліп жырлағандай, жанын салып қолдау көрсетті. Ендігі кезекте көк бөрінің ұрпақтарына аспаннан алты құлаш кесіп алып құрастырылған көгілдір байрақты жеңіске айналдыруларынан басқа амал қалмаған еді. «Арландар» болса артылған үкілі үмітті арыстандардың аузынан абыроймен алып шығып қана қоймай, жеңіс жалауы етіп желбірете білді. Енді кездесуге келер болсақ.
Алғаш болып шаршы алаңға шыққан 54 келі салмақтағы Мирас Жақыпов қарсыласы Джамаль Яфаиді қарша бораған толлассыз соққыларының астына алып әбігерге салды. Қарсыласының қаһарына шыдай алмаған жас арыстан еріксіз ақ байрағын басынан асыра көтеруге мәжбүр болды. Екінші болып, 61 келідегі Ержан Мүсәпіров Джош Тэйлорға қарсы қолғап түйістірген болатын. Ержан да жеңіс жолын жаңылыспай тауып, жалпақ жұртшылықты жадыратып тастады. Жайдары көңіл-күйде отырған жанкүйерлер Константиннен де жеңіс күтті. «Арландардың» қатарына биыл келіп қосылған су жаңа былғары қолғап шебері Снигур қарсыласы Астон Брауынға ақсиған азуын аямай батырды. 85 келідегі Айнар Карлсон мен ауыр салмақтағы Филипп Хрговичтер де өз кезегінде Бабакар Камара мен Мохаммед Арджауидің естерін шығарды. Есеп 5:0. Алғашында айтары көптей көрінген кездесу осылайға құрамы қайта жасақталған «бөрілердің» пайдасында ірі есеппен шешілді.
Осы кештен кейін «Астана арландары» әлемдік бокс сериасындағы «B» тобында жеке-дара көш бастады. Үш кездесуде де жеңілістің ащы дәмін татып көрмеген жігіттеріміздің жеңісті қадамдары болашақта да жеңіл болсын демекпіз. Жарадыңдар жігіттер!!!

6 пікір

StrangeR
Неге бізде легионерлер көп? 14-сі күнгі Италиямен болатын кездесуде 5 боксшымыздың 4-уі легионер екен.
korwinin_kyzy
жанклот вандамнын киносын карапалганго
korwinin_kyzy
қайдағы бөрілер Арландар десей
eclipse9
сізге сұрақ БӨРІ мен Арлан қасқырдың айырмашылығы неде? тапсаңыз неге Бөрі екенін түсінесіз немесе жауабыңызды жеңілдетейін Мұхтар Мағауиннің "Қасқыр-Бөрісін" тауып оқыңыз! 8-ақ бет, бірақ еліміз үшін аса қажет дүние
korwinin_kyzy
менің айтайын дегенім команданын аты Астана Арландары емеспе? неге сол названияны қолданбасқа? Арлан деген тожы қазақша сөз емеспе тұғын ше оляяя
MSHERIMBEK
жарайды жігіттер)
Тек тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады.