Әкем жайлы үзік сырлар (1-інші бөлім)

Ақ парақтағы ойлар /
Досымның арманы
Күні кеше ауылдан келіп, қала қызығын түгесе алмай жүрген өңкей бозбала едік. Алматыдағы тетар студиясын бітірген соң облыстық драма тетарында актер болып, атағы ауызға енді іліне берген Сағынай:
— Театрды қоямын, елге кетемін, деді.

— Қой, ей, дейміз,- досымыздың тосын шешіміне сенбей қарап. Ауылда сен күткен қызмет бар ма?
Жоқ болса да кетемін. Өз жолымды өзім қуып жүргенімде кемпір шалым қартайып қалыпты. Менен кейінгі інілерім әлі мектепте жүр. Қазір бермеген көмегімді енді қашан беремін.
Әншейінде дос көңілі үшін жер түбіне аттануға әзір Сағынай уәжге келместен ауылға жөнеп кетті. Елдің тірлігі мал бағу еді, алғашқыда қой айдасып жүр деп естідік. Көп ұзамай ауылдағы комсомол комитетінің хатшысы болыпты деген хабар келді. Бұған дейін балауса өлеңдерімен облыстық газет пен радио хабарынан көзге түсіп қалған жас талап хабар ошарсыз тынып қалды. Бір күні досымнан хат келді.
Балауса жырың сәлемің болып жеткендей,
Жаныма менің сағыныш сазын сепкендей.
Өгей баладай жыр отауынан бұл күнде,
Сезініп жүрмін алыстап біраз кеткендей.
… Осыдан кейін біздердің елдегі тірлігіміз қат қабат өтті ау деймін. Ауыл жаққа мұғалім болып мен де бардым. Даланың елтең селтең өлеңді басып тастайтын пірі бар ма, жыр атаулыдан суи бастағандаймын. Кейінірек Сағынай екеуіміз аудан орталығында кездескенде бір білдім, ақынға орта керек екен ғой. Бұл кездері Сағынай ауылдық кәсіподақ комитетіне төрағалық жасап, әрі Мәскеудегі жоғары кәсіподақ мектебіне сырттай оқуға түскен.
… Арал өңіріндегі шығармышылық өкілдерімен өткен кездесуден соң екеуіміз қисая басып, қонатын жағымызға қарай тартып келеміз. Қиқу естілсе, ептеп арқа қозатындай. Ертеден бері сахна төрінен өлең оқығандарға қарап, өзімізше шабыт айналдырады. Ерсілі қарсылы өтіп жатқан поездың бекаузы алдымызда. Біз асыққан жоқпыз. Қысқы түн сырт көзден жасырғанмен, біріміз бөтелкені, екіншіміз стақанды ұстап, тамшысын төкпей құюымыз үшін сүт жарығын себездеген. Теміржолдан асып түссек болғаны, Қазығұл есімді Сағынайдың ағасының үйі. Ол жаққа асықпаймыз. Сағынай шабыт туралы өлең оқыды.
Шынымен, саған кеттім бе болып тағы тым,
Кешірім ет те, құшақта мені шабытым.
Жүректің шерін тарқатып біраз тастайын,
Мен дайын, кәні, балауса жырлар ағытыл.
— Қалай?-дейді өлеңін оқып тастап маған қарап.
— Москвадағыдай! Сағынайдың Москвада оқитынын есіне салып жатырмын. Сонан кейін мен бөтелкені қойныма тығып, Сағынай бөлке нанды екі қалтасына салып жүріп келеміз. Кәсіподақ басшысы деген қарапайым аты ғана, әйтпесе ол заманғы ауыл қызметкерлері қойшы қолаңмен бірге мал бағысып, шөп шабысып жүре береді. Сондай қат қабат тірліктерге қарамастан Сағынайдың өлеңге уақыт тапқанына қайран қаламын. Өзі де:
Ауыл дастан, мен бір жүрген кейіпкер,
Ашылмаған көп қой алда сейфтер.
Тек көңілді құлазытып кетеді ау,
Сонау қырдан көрінетін бейіттер,-деп машина ішінде келе жатып жыр оқыса, осы суреттер көз алдымызда өлеңмен жапсарлас көшіп жататын. Тірі табиғаттың өзімен тұтасып тұрғасын өлең әсерлі естіледі. Алайда, Сағынайдың бейіттер туралы жазғаны мені селт еткізбеген. Ал, оның Сағынай үшін әсері айрықша екенін кештеу біліп қалдым.
Сағынай бықсып жануды білмейтін жалынжы жігіт емес пе, еліне келісімен ауылының мәдени жұмыстарына білек сыбана кірісіп кетті.Бұрын өзі қызмет істеген облыстық драма тетарымен байланысын үзген жоқ. Ал зәуқайымда артистер гастрольге шықса «Шижағаның» табанындағы Сағынайдың үйіне ат басын тірейтін. Өзінің өлең жыры, ақ жарқын көңілі арқасында бұл күндері марқұм болып кеткен талантты сатирик Оспанхан Әубәкіровпен сыйластықты қарым қатынаста болды. Сондай ақ ақын Қуандық Шаңғытбаевпен інілік байланысы бар ды. Аракідік республикалық, облыстық және аудандық басылымдарда өлеңдері жарияланып жүрді. «Сені ойлаумен» деген шағын өлеңі әлі жадымды.
Қалай сындым,
Білмеймін төзімді едім,
Сен кеткен күн дөңбекшіп көз ілмедім.
Бір атадан өрбіген үш шаңырақ,
Оты сөнбес шырағы өзің бе едің…

Демеймін ғой, апатай, айып қылдың,
Мен дегенде құшақты жайып тұрдың.
Сені ойлаумен сарғайып жүргенімде,
Сіңілің де біреумен тайып тұрды.
....Өлеңдері де өзіндей шынайы болатын. Біздің Сағынай да әлгі айтыла беретіндей: «Қалай өмір сүрсе солай жазды, қалай жазса солай өмір сүрді». Ол ақындарға тән табиғатымен көптің көзіне күрделі адам болып көрінуі мүмкін. Бір нәрсенің басы ашық: жастығына қарамастан Сағынай өзі үшін, тіпті, өз отбасы үшін де өмір сүрген жоқ, көпке қызмет етті. Аз уақыт ішінде бір ауылдың өзінен ұлт аспаптар оркестрін құрып, оған «халық ұжымы» деген атақ алып беруге мұрындық болды. Облыстық драма тетардан ауыл көркемөнерпаздарына қажетті деген оп далап, сақал шаш, кішкене киімдерден бастап жәшіктеп тасыды. Облыстық кәсіпшілер үйінің көркемөнерпаздар бөлімін басқарып жүргенімде қаншама деген музыкалық ауыр аспаптарды ауылына қарай арқалай жөнелетін. «Алдым бердім» деген құжат жоқ, бәрін де қолымнан тартып алып, ақшасын артынан аударып жатады. «Елге бәрі керек» деп бір келген сапарында үрмелі аспаптар мен қос пианиноны қатар тиеп кеткен. Міне, соның бәрі ауылынан музыкалық мектеп ашылған күні халық қажетіне асты. Бәрі де Сағынайдың көзі еді…
Сол ауылда ізіне ерген іні қарындастарымен бір үйдің баласындай араласып жүруші еді. Ешқашан жасының үлкендігін, қызметін бұлдап жатқан Сағынайды көрген емеспін. Жанының жомарттығы жырларынан байқалып тұратын.
Ұл қызыммен мәртебем биіктеген,
Солар үшін барымды үйіп төгем.
Бұл өмірге тағы бір іңкәр қылған,
Шалқар шабыт,
Пәк сезім,
Сүйікті өлең.
Адал іс, көпке жұмыс атқару үшін де сезімнің тазалығы болу керек екен ғой.
1983 жыл. Сағынай жетекшілік жасап, керегесін керіп, уығын шанышқан халық ұлт аспаптар оркестрі Алматыға шақырылған. Сол жерде теледидарға түсіп, шет елдік қонақтар алдында концерт көрсетпек. Дайындық басталып кетті деп естідім. Осы іске қатысты адамның бірі болғасын «Сағынайға телефон соға салыңдар, қасымда адам бар» деп мен де Аралға кеткенмін. Топшылауым бойынша Сағынай біздерді машинамен күтіп алуға тиіс. Сағынайдың шопыры да, машинасы да таныс, вокзал басында олардың қарасын шалғасын өзін іздей бастадым. Ауылының бір жігіті қол созып амандасады. Жағдай сұрасып үлгерген жоқпыз:
— Сағынай бүгін азанда операция үстінде дүние салды,-дейді.
Қай бағытқа жүрерімді білмей қалдым. Солай тұрсам да Тереңөзектегі Еркінге телеграмма салдым: «Келе ғой, Сағынай дүние салды». Ауыр қазаны басқаша тілмен жеткізерлік сөздің жеңілін таба алмадым.
Өмір ғой, өз ағынымен өте берді. Сол кездері Сағынай қолынан құрған оркестрге өзім басшылық жасап, қиындық қияметін көрдім. Сағынай ойыма түседі. Есте қалған өлеңдері жадымда жағырады.
Алаулаған гүлді жұлма, тамырынан қан шығар,
Жас аруды алдай көрме, көзден жасы тамшылар.
Жалғыз жүрген ақмаралды, атпа достым қайтесің,
Бұл пәниден өз сыңарын, іздеп жүрген аң шығар?
Сағынай досымның жарқын бейнесі мәңгі достық жүрегімде сақталады.
Қази Данабаев,
досы

0 пікір

Тек тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады.