Әкем жайлы үзік сырлар (2-нші бөлім)

Ақ парақтағы ойлар /
Жұлдыздай аққан жыр ғұмыр....
… Мен де бүгінде әкемін. Асқар тау саналатын, отбасының қамқоршысы, арқа сүйер азаматы. Көз алдымда осы жалған дүниедегі менің бар екендігімді, болғанымды дәлелдейтін алтындай қызым мен асықтай ұлым бар. Олардың әрбір қызықты сәті, сағат санап өсіп, былдырлап тілі шыққаннан бастап, бойы мен ойы қатар өскеніне куә болып келемін, күні кешегідей көз алдымда. Соларға қарап отырып келешегіңді жоспарлап, күн сонысымен, өмір болмысымен қызықты екен. Әрине, бала болғасын қиындықтың не екенін, ауыртпалықтың артарының көп екендігін білмейді және дұрыс та. Қайта келмейтін балалық дастанының әр парағын өзінше жазып жатыр. Өйткені, анасының аялы алақаны, әкесінің бәйтеректей саясы бар. Лайым сол ұзағынан болғай деп тілеймін Алладан.

Ал, менің әкем… менің әкем шынымды айтсам, анық көз алдымда емес. Мен 7 ші жазыма аяқ басқанымда бұ дүниедегі дәм-тұзы таусылып, тағдырдың қайта оралмас бір бағыттағы кемесіне мініп кете барды...1983 жыл…
… Иә, сол 1983 жылы көктемнің жайма шуақ күнінің бірінде отбасымызға тағдырдың тезі батты. Асқар тауымыз, бәйтерегіміз, арқа сүйер азаматымыз, аяулы әкеміз 1983 жылы 17 мамыр күні қайтыс болды. Тапа тал түсте жазмыштың жасын қамшысы солқ еткізді. 16 мамыр күні 32 жасын толтырып кете барды. Артында аңырап анасы, жоқтап жары, шуылдап балалары, «апырайлап» ағайындары, бауырлары қала берді. Тағдыр неткен қатал! Бірақ, жазмыштан озмыш жоқ деген ғой. Жаратқанның жарлығына кім бар дейсің қарсы келер…
Онан кейінгі тірлік жалғасын таба берді. Бірақ, әкемізсіз. Тірі адам тірлігін жасайды дегендей, 32 жасында 7 баламен жесір қалса да тағдырға мойымастан жеткізді, оқытты, адам қылды. Мен кей отырыстарда анамның сол өмір жолын айтып, мақтанамын. Бәрінде...ұлды ұяға, қызды қияға қондырды. Тек әттең-айы сол шаралардың бірінде де аяулы әкеміздің бола алмағаны. Құда болып төбедей отыра алмады. Немересін құшырлана бір иіскеп, келіндерінің қолынан шәй да іше алмады. Тірі болғанда ғой…
Ендігі жерде оның аяулы бейнесін сағына еске аламыз. Әруағына құран бағыштап, дұғамызды қайыру ғана қолымыздан келеді. «Досқа күлкі, дұшпанға таба болмай» анамызды аялап, жетеуіміз жұдырықтай жұмылып, қай істе де бірлікпен жасауымыз қажет. Атам қазақ «әкесіз жетім қас жетім, шешесіз жетім тас жетім» деген ғой. Сондықтан, анамыздың арқасында жетімдіктің жарлығын сезіне қоймадық.
Әрине, қиынды-қыстау күндер басымыздан өтті. Жеті бала мен жесір ана, нағашы кейуана Шижағаның орталығында кезінде интернатқа арнап салынған көне барақтың төрт бөлмесінде күнелтіп жатты. Таң атса бәрі шуылдасып дастархан басында апыл-ғұпыл шәй ішісіп, бірі мектепке, бірі мал жайғаруға шығады. Кеш батса сол үйде кешкі аста бас қосып, кім қандай іс тындырғанын шуылдасып, асыға айтып, қара қазаннан шыққан, дәлірек айтқанда «бұйыртқан» асты ішетін. Соның барлығын жіті бақылап, соған мәз болып отыратын екі адам: бірі анамыз, екіншісі нағашы әжеміз Шәрипа апа.
Ол кісі туралы да жанұямызға тікелей қатысы болғандықтан айтып өткенді жөн санап отырмын. Ол кісі қолымызда тұрған уақытта анамызға қолғабыс бола білді. Өсекпен, не басқамен шаруасы жоқ, бес уақыт намазын қаза қылмайтын тақуа адам еді. Анамыз жұмыс бабымен не оқуға кеткенде сол кісі бәріне ие болып қала беретін. Кіре берісте үлкен темір кәритада кір жуып отыратын бейнесі әлі күнге дейін көз алдымда. Расында, тек ықыласы мен ақылын аямайтын асыл адам еді-ау...1996 жылы ақпан айында қалаға көшіп келгеннен кейін қайтыс болды. Қайтейік, жатқан жері жайлы, топырағы торқа, жаны жәннатта болсын дейміз… Сөйтіп, анамыз бұ дүниеде екі асыл да қымбатты адамынан айырылды. Дегенмен де, сүйегі асыл батыр бабамыз Қобыландының ұрпағы ғой, мойымай, қайыспай көтере білді. Бүгінде Батыр ана алқасын төсіне таққан зейнеттегі ұстаз. Астанада кенже бауырымыз Бауыржанның қолында тұрады.
Кейде қиналған сәттерде әкемнің әруағымен сырласамын. Соның ақылы мен қолдауын аңсаймын.
Әкетай! Артыңда атыңды жалғастырған жеті ұрпағың қалды. Жаратқан ием жар болсын, бауырларыма. Өткенде ұлым сен туралы сұрады. Суретіңді көріп. Ол бала болғанымен бәрін түсінеді. Маған арқа сүйегенімен, оның бойынан бауырмалдық, ұқыптылық, намысшылдық қасиеттерді байқаймын. Кей істерінде «былай жасай сал» немесе «жағдай айтпадың ба» дегенде «жоқ» деп кесіп айтатын. Тіпті, бірде үлкен теннис жаттығуынан қайтарда үйде жол пұлын ұмытып кетіпті. Сонан үйге қоңырау шалсам, келмеген. Жаттығу орнында жоқ. Содан шала бүлініп іздеу салдық. Сөйтсек, жаттығу орнынан үйге дейін 5 шақырымдай болады. Әрі көшеде ағылған көліктер. Содан үйге жаяу келіпті. «Автобусқа мініп, жағдайыңды айтып түсіндірмедің ба? Түсінетін еді ғой» дегенімізде «жоқ, менің қалтамда болмады, яғни жаяу келуім қажет. Мен ешкімнен ештеңе сұрағым келмейді» деп жауап қайтарған. Міне, әке, сіздің немереңіз.
Үлкенің Шынарың, спектакльдегі Ақтотың өзіңнің бірге жүрген досың Жаппар ағаның баласы Балғабекпен бас қосып, бүгінде Ақтөбе қаласында тұрады. Бес баласы бар, мамандығы ұстаз. Балаларының үлкен Зухра, 10 сыныпта оқиды, онан кейін Оңболсын, Оңдасын, Ару және Аян. Ал, Айгүлің Тоқабай ауылындағы Жекенді деген абыройлы азаматтың Мұхтар есімді баласына тұрмысқа шығып, бүгінде олар да Ақтөбе қаласында тұрады. Жеке үй салып алды. Күйеу балаң қара жұмысқа піскен, тындырымды. Төрт қарашығы бар. Үлкені Алпамыс. Ол кішкентайында біздің қолымызда өсті. Сондай сүйкімді, бауырмал. Онан соң Мұқағали. Оның атын Бауыржан қойды. Ақтөбеде жүргенде Мұқағалидың жырларын жатқа оқитын кезінде, соның құрметіне қойыпты. Сосын Әсел деген ару қыз бен Иманғали деген батыр бар. Онан кейінгі Жақсыгүлің ұлты басқа демесең қазақтың жігіттерінен кем түспейтін Шалқардың жігіті Бориске тұрмысқа шықты. Оған ренжімеген шығарсың деп ойлаймын. Мәселе, оның ұлтында емес, санасында, тілегі мен жүрегінде. Бір-бірін жақсы көрген соң анамыз батасын берді. Қазір олардың екі бөпелері бар. Үлкені Анна, екіншісі Олег. Аня немереңіз қазақ тілінен олимпиадаларға қатысып, Ақтөбе облысына белгілі. Мен, бақытымды сол Аралдан таптым. Жарымның аты Гүлмира. Екі баламыз бар. Үлкеніміздің атын Гаухарай деп әжесі қойды, анамыз. Мұхтар Шахановтың
«Гаухар десе Гаухар-ақ қой,
Қараған жұрт сүйсінген.
Айлы жүзі бал-бұл жанып,
Ақ сәукеле киінген»,-деген өлең жолдарына арнап қойды. Ол кішкентайында көп ауырды. Айлап, жылдап ауруханадан шықпайтын. Алдымен Алланың, сосын Елбасымыздың арқасында жүрегіне операция жасалды. Кіп-кішкентай жүрегінің қалай қиналғанын білсеңіз, әке… Жан-жарым жанын қоярға жер таба алмай, екеуіміз Қызылордаға көшіп келген жылы не басымызда баспанамыз, не тұрақты жұмысымыз жоқ. Қатты қиналдық. Анау-мынау ренжіскен тірліктерді термей-ақ қояйын. Қазір Қызылорда қаласының орталығында үйіміз бар. Гаухарай 6 сыныпта оқиды. Елжас 3 сыныпта. Оның атын Ерсайын көкем қойды. Оның дүниеге келуі де қызық болды.
2002 жылы аудандық әкімшілікте Көлбай ағаның қарамағында қызметте жүргенмін. Содан облыс орталығында Ғани Мұратбаевтың 100 жылдығына орай Ескерткіш тақта ашылатын болды. Соған ауданнан делегация құрамында келдім. 9 маусым күні сіздің досыңыз Қази ағаның ( тие берсін) үйәне келіп Көлбай аға екеуіміз қондық. Шәй ішіп жайланған соң түс көрдім. Түсімде қолында аса таяғы бар ақ сақалды шал келіп түртіп оятты. «Тұр, ұлды болдың» деді. Оянып кетсем, түсім екен. Содан қайтадан жаттым. Көзімнің ілінгені сол әлгі шал тағы да «тұр деймін, ұлды болдың» деді. Тағы да ояндым. Ештеңе жоқ. Сонан таңертең таңғы шәй үстінде Қази аға мен Көлбай ағаға айттым. Сол кезде келініңіздің аяғы ауыр еді. Вокзалға келген соң бәріміз барып телефон соқтық. Сөйтсек, келініңіз дін аман. Үй жинастырып жүр екен. Қасымызда Мәди Жасекенов, Еркін Әбілов ағаларымыз бар. Содан көңіл жайланып, шарамызға кірісіп кеттік. Кешкілік қайтатын уақытта Қызылордада университетте оқитын Баукеге соғайын деп кіріп шығуға көлікті тоқтатқанмын. Жүгіріп ішке кірсем, Баукенің достары менен сүйінші сұрап шықты. Ырым-жоралғысын жасап, көлігіме қайтып келдім. Келе сала бәріне айттым. Қуанысып құттықтап жатыр. Сосын «жазылмаған заң бойынша» жу деп «қаужау» басталды. Сонда Көлбай ағам «Сәкеңнің немересін мен жуамын» деп ауылға жеткенше шығынды өзі көтерген. Міне, сол жақсылығын қалайша ұмытармын, әке. Сөйтіп, дүниеге келген батыр осы Елжас.
Екеуінің де фамилиясы өз атыңда. Сағынаева және Сағынай. Менен кейін Талғатың. Ол ауылдағы Аяш деген ағамыздың қызымен бас қосты. Ол да облыс орталығында тұрады. Келіншегі Гаухар. Тұла бойы тұңғышы Елдос. Оның атын мен қойдым. Мені дәу папа дейді. Өзі сүйкімді, Талғаттан аумайды. Онан кейін қызы Әдия. Оның атын келіннің ағалары қойды. Парсы тілінен аударғанда «жұмақ» дегенді білдіреді екен. Тамаша есім! Сосынғы Ләззатың. Ол Қызылорданың Қоғалыкөл деген ауылының жігітімен дәм-тұзы жарасты. Есімі менімен аттас Қайрат. Руы Қожа. Ата-анасы бір көпті көрген пейілді жандар. Үш бөпесі бар. Олжас, Мұхаммедәли және Тоти, яғни Толғанай. Ал, кенжеңіз Бауыржан да Шижағаның қызымен бас қосты. Ол кісіні жақсы танисың. Келіннің есімі Самал. Жақында кішкентайлы болды. Аты Ақнұр. Астана қаласында тұрады. Міне, бүгінгі жеті ұрпағыңның хал-жағдайы. Жалпақ тілмен айтқанда, біреудің алдын, екіншінің соңы дегендей күйбең тірлік.
Көп айта беріп қайтейін, әке. Бәрін де көктен бақылап, көріп-біліп отырған шығарсың. Әруағыңмен желеп-жебеп жатыр деп ойлаймыз. Осы бір кішкене жасап жатқан тірлігімізге разы бол, әке. Әке деген сөзді қайталап айта бергім келеді. Оны түсінесің ғой.
Жатқан жеріңіз жайлы, жаныңыз жәннатта болсын, жан әке! Артыңда қалған жаухар жырларың біздің сізге деген сағынышымызды басады. Сіздің Мамырдың майда жаңбырларыңыз бізді телегей теңіздей қуанышқа бөлегей, ЖАН ӘКЕ!!!
Не дейін, әке. Осымен тәмамдайын. Айтылар сыр, көңілдің мұңы көп қой. Ендігі жерде сен жүрегімнің төріндесің, әке.
Білмесем де өмірдің қалта қатпарын,
Қиналған сәтте анама да тіл қатпадым.
Көңілге демеу шырағың жаққан кеудеме,
Азық қып соны жүректе мәңгі сақтармын.
Әкесі бар баладан аз-кем күлдік пе?
Қызығып әлде қызғанып біз де жүрдік пе?
«Әкеміз біздің» деп мақтанып жүргенде,
Айырылып сенен қаларымызды білдік пе?!
Мамырды – дейді «жаз айы майда жаңбырлы»,
Ал қызыл гүлдер кілемдей жатар сан сырлы.
Дескенімен…
......83-тің 17 мамыры,
Тоңдырды мені, есімнен мені тандырды.
Ішіңде кетті бүгіліп не бір шын сырлар,
Жазылмай небір жауһардай асыл мол жырлар.
Жазылмай небір жауһардай асыл мол жырлар…

0 пікір

Тек тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады.