Әкем жайлы үзік сырлар (3-інші бөлім)

Ақ парақтағы ойлар /
Өнегелі ғұмыр

Адам дөңгеленген дүниенің дөңгелегімен шыр айналып, уақыттың қалай өткенін байқамай да қалады екен. Балалық бал дәуреннен өтіп, бозбала жігіттікке жеткенше асығып, жылдардың зымырап өткенін қалап «қашан кәмелетке толып ержетеміз» деп арман теуші едім.

Сол армандай болған жігіттік шақтың үзеңгісіне аяғыңды бір ілдірген соң, жігіттіктің тұлпары зымырандай зулап, зымырайды-ақ екен. Уақыттың қалай қас-қағым сәтте өте шыққанын білмей қалыппыз-ау. Бұлай пәлсафалық ой ойлап өткенді еске түсіруге, ойда-жоқта ұялы телефоннан соңырау себеп болды. Телефонның түймесін басып «алло» дегенім сол-ақ, ар жақтан «Бұл Тастанбеков Өтеулі аға ма екен?» — деген өткір, сөзі жинақы жас жігіттің дауысы естілді. «Иә» дедім.
— Мен Қызылордадан Сізге телефон шалып тұрмын. Сағынай Ешекенов – деген кісіні танушы ма едіңіз? Алпысбаев Бақытбек ағам «Біз бесеу едік» деген менің әкем туралы естелік жазған еді. Сол естелікте бесеудің бірі болып Сіздің аты-жөніңіз аталады. Үстіміздегі жылдың мамыр айының 12 жұлдызы күні әкем Сағынай 60 жасқа толады. Соған байланысты әкемізді еске алып, сол кісіге арнап құран бағыштағалы отырмыз. Сол салтанатты кешке өзіңізді шақырып отырмын. Біз бір анадан жетеуміз. Анам Астанада кенже ұлдың қолында тұрады. Менің атым Қайрат. Сағынай досыңыздың ұлдың үлкенімін» — деп әп-сәтте бар жағдайдан хабардар етіп үлгерді. Сағынайдың атын естіген сәтте жігіттік дәурен, студенттік шақ, жүріп өткен жолдар көз алдымда тізбектеліп өте берді.
… Бұл 1968 жылдың шілде айы болатын. М.О.Әуезов атындағы Мемлекеттік Академиялық қазақ драма театрының актерлар даярлайтын театр студиясына талапкерлерді қабылдау емтиханы болып жатқан. Сол жылы театр студиясына түсуге өтініш білдірген талапкерлер өте көп болды. Дәл сол емтиханға өзінің бар мүмкіндігін көрсете білген талапты балаларды Москва қаласындағы Шепкин атындағы театр училищесінің актерлық факультетіне де іріктеп алу үшін Смирнов деген кісі қатысып отырды. Ақтөбе қаласынан келген Бақытжанов Мағзұм екеуіміз Алматыға келген күннен бастап менің накғашы ағамның үйінде бірге тұратынбыз. Екеуіміз де қабылдау емтиханына кіріп, актерлық шеберліктен өз қабілетімізді сынатып, бойдағы бар өнерімізді көрсетіп шыққан соң, өзімізден кейінгі тапсыратын балаларға қарап тұр едік. Бір кезде емтихан қабылдап жатқан бөлмеден жаңа туған нәрестенің іңгәлап жылаған дауысынан сыртта дабырлап тұрған қыз-жігіттердің дауыстары сап тиылып, бәрінің назары бөлменің ішіндегі оқиғаға құлақ түріп, есікке жапа-тармағай ұмтылып, біреуі еңкейіп, бірі мойынын созып, енді бірі орнында секіріп есіктің ашық қалған саңылауынан сығалап жатты.
— Әй, не болып қалды? Мынау іңгәлаған жас нәресте қайдан келді?
— Тыныш, үндеме. О, пәле жас баланың жылағандағы дауысының ырғағын қалай дәл келтіреді?
— Олар кімдер?
— Аралдан келген екі кішкентай қара бала.
— Мыналарың дайын әртіс қой.
— Екеуі жаңа емтихан адып отырған комиссия мүшелеріне керемет фокус көрсетті. Олар таңдай қағып бас шайқағандай болды.
— Екеуі бір-біріне ұқсайды. Ағайынды ма қалай?
— Болса болар. Егіз қозыдай ажырамай екеуі бірге жүрген ғой, — деп даурығысып жатқанда, әлгі екі бала іштен шықты. Екеуінің де ұзын жеңді ақ көйлектерінің жеңдерін шынтақтан жоғары бүктеп түргені ширатылып қалыпты. Қаланың балаларына ұқсамайды.Нағыз ауылдан келген балалар екені көрініп тұр. Мен оларға бұлай сын көзбен қарауымның себебі де жоқ емес. Мен бұдан бір жыл бұрын Алматыға келіп, атақты Шәкен Аймановтың қаюылдайымен «Қазақфильм» студиясында Қуат Абусейітов пен Дариға Тінәлина секілді ұстаздардан тәлім алған шәкірт болатынмын. Аз да болса қалалық өмірге бейімделіп, өзімді қалалықпын деп сезініп қалған кезім болатын. Оларға көзім түскенде өзімнің Алматыға алғаш келгендегі дәл осылардай кейпім көз алдыма елестеп кетті де күліп жібердім. Мағзұм болса: «Қалай, не айтты? Өттіңдер ме?» -деп сұрақты бастырмалатып жатыр. Басқалар да оларға жақындап «не болды? Не деді? Сендердің өнерлерің бізді де таңқалдырды. Сыртта тұрған біздер солай сезіндік, жарайсыңдар!» — деп тілектестіктерін білдіріп жатты. Мағзұм шыдамсыздана: «қойшы енді, комиссия не деді?» — деп сұрады.
— Москвадан келген Смирнов деген деген кісі «Сендердің таланттарыңа мен өзім қатты разы болдым. Алдағы жылдарда Алматыда қазақ циркі ашылмақ. Москвада қазақ циркі өнері үшін арнайы топ оқытылып жатыр. Солармен бірге оқисыңдар. Менің Алматыға келу себебім, сол сендер сияқты қазақтың талантты балаларын Москваға барып оқуға мүмкіндік жасау болады. Жүріңдер Москваға деді» — деп маңдайдан аққан терін сүртіп, шашын оң жағына жатқыза қайырған бала. Екіншісінің шашы қатты май, әйтеуір қайыруға онша көнбей тікірейіп алдына түсіп тұр.
— Мәссаған, жарайсыңдар! Сендер не дедіңдер?
— Біз Москваға бармаймыз. Екеуіміз де театр актеры болғымыз келеді. Біз актерлық өнерді сүйеміз. Біз Алматыда қаламыз – деді әлгі шашын бір жағына қайырған бала. Ал қасындағы бала онша көп сөйлей бермейтін ұяңдау болып көрінді. Жолдасының сөзін құптағанын білдіріп «иә» деп басын изей берді. Топырлаған қыз-жігіттер тарқаса бастады. Мағзұм оларды әңгімеге тартты. «Маған да Шепкин атындағы театр училищесіне барасың ба? Барсаң келісіміңді бер» — деді. Биылғы курста екі топ болады екен. Соның бір тобын Москвада қызмет еткен Қазақстанға еңбегі сіңген өнер қайраткері Лакшин деген қабылдайды екен. Сол кісі маған «осында қал, мен сенен пролетарияттар көсемі В.И.Лениннің жас бейнесін көріп тұрмын» — деді. Енді міне, мен екі ойдың үстінде әрі-сәрі болып тұрмын. Егер мен шынымды айтсам маған Алматы қатты ұнады. Оның үстіне өзіміздің астанада білім алғым келеді. Академиялық театрда Серке Қожамқұлов, Елубай Өмірзақов, Шахан Мусин, Ыдырыс Ноғайбаев сынды өнер майталмандарынан үлгі-өнеге алудың өзі бір ғанибет емес пе? Ал, енді танысайық, менің аты-жөнім Бақытжанов Мағзұм, — деп қолын созды. Мен Тастанбеков Өтеулі деп оларға қолымды ұсындым. Олар да Ешекенов Сағынай, мен Халықұлов Якуда – деп қолымызды алды. Осы кезде «Аралдан келген сендер ме?.. Мен Қызылордаданмын, студияға қабылдандым» — деп екпіндеп келген орта бойлы қара бала жауап күтпестен Алпысбаев Бақытбекпін «Сендер де түстіңдер ме?» дегендей екпінін зорға басып төртеуімізге барлай қарады. Алғашқы таныстығымыз осылайша басталған болатын.
1968 жылдың қыркүйек айының 1 жұлдызы күні бақытбек, Мағзұм, Өтеулі, Сағынай, Якуда атты бес жігіт бір бөлмеден орын алдық. Шіркін, студенттік шақты еске алсам, біздің буын балалық шақты бақытты, студенттік шақты шаттықты өткізген баянды жастар екенбіз. Шыны солай.
«Адамзат баласының қалыптасуы жас кезден басталады, жақсылық та адам бойына сол бала кезден егіледі» — дегендей, Сағынай досым жасынан өз бойына ақындық шабытты, ізгілік пен инабаттылықты жинаған жан болатын. Оның алға қойған мақсаты – «ақын болсам» деп армандап, «ақын болу, болмау өз еркің, ал азамат болу міндетің» — деген қағиданы берік ұстанған еді. Сол оқуға түскен жылы қараша айында Жолдасбек Құрамысов деген курстас ақын жанды әрі сазгер-әнші жас біздерден едәуір үлкен жігіт үйленіп, бәрімізді тойына шақырды. Бәріміз жаспыз. Бақытбек 20 да, Мағзұм 19 да, мен 18 де, Сағынай мен Якуда 17 дегі жастармыз. Тойға деп ақша жинауын жинадық та енді не аларымызды білмей жас отауға ыдыс-аяқ қажет шығар дедік те кострюль, тарелка, қасық, вилка алып тойға бардық. Әлгі апарған сыйлығымызды қалай атап берерімізді білмей әбден састық. Содан соң «Сағынай, сен ақын жанды адамсың, енді осы жерде ақындығыңды көрсетіп, біздің делегацияның атынан сөз сөйлеп, әлгі ыдыстарды жас жұбайларға ұсынасың»- деп жауапты міндетті жүктедік.
Сонда сөз алған Сағынай:
«Мына отырған туған-туыс, достарың,
Бір кісідей қосып келіп бастарын.
Құтты болсын деп айтамыз,
Жаңа тіккен қостарың» — деп құттықтады да:
«Шыға қалсаң гастрөлге,
Әртіске керек қой кәстрөлде» — деп әлгі алуын алып, беруге есебін таппай ұялған ыдыстарды тапқыр сөзбен ұсынғанда сол тойда отырғандардың бәрі дән риза болғанын қалай ұмытарсың?..
Ол Баубек Бұлқышовтың «Болашаққа хатын» сүйіп оқитын. Тіпті, оқуды бітіретін 1970 жылы «Біз де Баубекке ұқсап болашаққа хат жазайық. Мысалы, 2000 жылға хат жазып, Академиялық театрдың бір кірпішінің астына шіріп кетпейтін ыдыстың ішіне салып, тығып қойып, оны студяны бітіргенімізге 30 жыл толғанда бас қосып, ашып оқуға жиналсақ. Сонда бәріміз 50 жасты алқымдаған салиқалы келбетімізді көріп, өзіміздің жастығымызды еске салар еді-ау» — деп ой тастаған да кезі болған. Қазір біз 50 ден емес, 65 тан астық. Білінбей өтіп жатқан қайран уақыт.
Былтырғы жылы бізбен бірге бір курста, бір топта оқыған, қазіргі таңда ҚР еңбегі сіңген қайраткер, актер-режиссер Сейтмамбетов Балтабай досымыздың 60 жылдық мерейтойына барғанда Сағынай сенің сол ұсынысың менің есіме түсті. «Баубекке ұқсап сен де арманыңа жете алмай ерте кеттің ғой дүниеден. Сен жақсы көретін Баубек болашаққа деген ынтызарымен бойындағы лапылдаған сезімінің алауымен соғыс атты алапат өрттің жалынына өртеніп дүниядан ерте кеткен. Сен де өлең менен өнерге деген құштарлық сезімінің алаулаған жалынына шарпылып дүниеден ерте кеткендейсің» — деген едім мен іштей сені еске алып.
Сенің сол соғыс өртінің қасіретін өз бойыңнан өткізгендей ғып толғана, тебірене Тоқаш Бердияровтың «Оқ және Гүл» поэмасынан оқыған үзіндің әлі де құлағымның түбінде жаңғырып тұрғандай. Әрбір сөзі, оның үн ырғағы бәрі, бәрі есімде. «Оқ және Гүл» әдеби-музыкалық композицияны біздің актерлық шеберлік пәнінен дәріс берген ұстазымыз Райымбек Сейтіметов қойған болатын. Оны 9 май Жеңіс күніне орай Республикалық теледидардан көрсеткен еді. Өзі де ақын болған соң ба, әлде актерлық таланты ма, әйтеуір ол өлең оқуда өзгеше тебіреніспен оқитын.
Сөйтіп, екі жыл да қас-қағым сәтте өте шықты. Екі жылдың ішінде біраз өзгерістер болды. Мағзұм, Балтабай, Серік әскерге кетті. Біз оқуымызды жалғастырып қалдық.
1970 жылдың шілде айында театр студиясын бітірген түлектер ҚР мәдениет министрлігінің жолдамасымен әр тарапқа аттанып кеттік. Бақытбек, Сағынай, Якуда үшеуі Нартай Бекежанов атындағы Қызылорда облыстық драма театрына, мен Шымкент облыстық қазақ театрына актер болып жұмысқа орналастық. Келер жылдың, яғни 1971 жылдың ақпан айында мен достарымды іздеп Қызылорда қаласына бардым.Достарым мені құрметпен қарсы алып, сол кездегі театр ұжымықұрмет тұтатын, өнердегі көшбасшы ағамыз деп Хұсейін ағаны маған Сағынай таныстырып еді. Қазір Хұсейін Әмір-Темір ағамыз Республикаға аты мәшһүр режиссер, Қазақстанның еңбегі сңіген қайраткері. Сол кезден бүгінгі күнге дейін сыйластығымызға селкеу түсірмей келе жатқан абзал азамат менің де өнердегі рухани ағам болып келеді.
Өкінішке орай, содан кейін Алла екеуімізге кездесуді жазбапты. Сенің қазаңды араға жылдар салып барып естідім. Содан бері көп жылдар өтті. Артыңда қалған жеті бірдей перзентті тұмсықтыға шоқыттырмай, қанаттыға қақтырмай, қатарынан кем қылмай, тәлім-тәрбие берген сенің асыл жарыңды көрмесем де оған деген шын ризашылығымды білдіремін.
Негізі қай топты да бастайтын бір адам болады. Мен ұлың Қайратты көрмесем де оның сөз саптауын, сөз жүйесін, дауыс ырғағын саған ұқсаттым. Соған сай мінезі де, түрі де саған келетін сияқты. Олай болса, онда ол сенің осы дүниедегі көшірмең деп есептейік. Сен өлген жоқсын. Мәңгі тірісің. Осы кешті ұйымдастыруға да мұрындық болған сол ұлың сияқты. Өзі осы Шымкент қаласына іс сапармен жиі келетін көрінеді. Бұйыртса әлі кездесерміз.
«Өлді деуге бола ма, артында өлмейтұғын сөз қалдырған» — деп Абай атамыз айтқандай, перзенттерің сенің 60 жылдығыңа орай өзіңе жақын сыйлас дос-жарандарың мен туған-туыс, бауырларыңның бастарын қосып, сені еске алып құран бағыштауы, біріншіден, перзенттеріңе Алланың берген иманы, екіншіден сенің кезіндегі жарыңа деген сүйіспеншілігің мен көрсетіп кеткен тәрбиеңнің жемісі. Бұл да түсіне білген адамға өнегелі тәрбие беріп кетудің өзі де «өлмейтұғын сөз қалдырған» емес пе? Бақилық болған әкесін еске түсірмек түгілі, тірі әке-шешесін сыйламай ата-анасының наласына қалып жатқандар қаншама. Аллам сондайдан сақтасын.
Аралап ішін әсем бақтардың,
Өлеңмен досқа сыр ақтардың.
Мәңгі жас болып есте қалсаң да,
Жасың жетті қатарына қарттардың.
Басыңа барып бір уыс топырақ салмасам да сенің жаның жәннатта болуын тілеймін. Топырағың торқа болсын. Сенің ұлдарыңдай азаматтармен мақтанайық. Өнегелі ғұмырыңды үлгі тұтайық.
Досың Өтеулі Тастанбеков, Шанин атындағы театрдың актері, режиссері
Шымкент қаласы, 30 сәуір 2011 жыл.

0 пікір

Тек тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады.