Әкем жайлы үзік сырлар (4-інші бөлім)

Ақ парақтағы ойлар /
Сәкең болмысымен биік еді...
… Мен әкеңді дос ретінде ғана емес, туысымнан да бетер жақсы білетін едім. Бәрімізді табыстырып, дос қылған, қара нанды бөліп жегізген – өнерге деген құштарлық театр студиясынан басталған еді.

… Алматыға оқуға келген кезде Сағынай менен бір ай бұрын кеткен болатын. Ауылдан өзімше артынып-тартынып мен де келдім. Ол кезде ауыл баласына ару қала, астана қала Алматыны көру ерекше бір арман еді-ау. Алдын ала телеграмма салып, вокзалдан бізді Сағынай күтіп алатын болды. Ол өзі бір ерекше пысық тұғын. Содан Алматыға келгенде вокзалдан күтіп тұрған Сағынайды көріп әкемізді көргендей қуандық. Енді ше? Ойпырмай Алматыға барған соң қалай болар екен? Сағынай вокзалға шыға алмай қалса немесе кешігіп бізді таба алмай қалса ше деген үрей де бар бойымызда. Бізді тонап кетсе қайтеміз деген де ой жоқ емес. Бірақ, вокзалда Сағынайдың қарасын көргенде бәрі де сап тыйылып, үрей мен қорқыныш жоқ болды. Содан вокзалдың алдыңғы перонына шығып, қалаға бет алдық. Сонда әлі есімде, арылы берілі ағылып жатқан көлікті көріп ауызымыз ашылып, таң қалдық. Бұрын ауылда ондай көлік легін көрмеген біздерге бәрі таңсық.
Сонда шаршаған мен:
— бұл не деген таусылмайтын көліктер ,- дегенмін.
Сонда Сәкең:
— жігіттер, қаласаңдар мен бұларды тоқтата тұрайын, сендер өтіп алыңдар,-демесі бар ма? Біз болсақ:
— қойшы Сәке. Алматыға бір ай бұрын келгенің рас шығар. Бірақ, бәрін танып үлгерген жоқсың ғой. Сондықтан сенің қол көтергеніңді кім тыңдай қойсын- дедік жамырасып. Сонда Сәкең аспай-саспай жол жиегіне барып қолын көтеріп қалып еді: мәссаған, расында көліктердің бәрі тоқтай қалды. Біз жолдың екінші бетіне өткен соң артына бұрылып:
— рахмет, өте беріңдер,-дегені сол бәрі қайтадан өтіп кетті.
Бәріміз аң-таңбыз. Бұл не деген атақ, бұл не деген сыйластық. Маладес Сәке деп арқасына қағып әлек болдық. Кейін сол қалаға үйренісе бастаған соң білдік әлгі оқиғаның сырын. Сөйтсек, Сәкең сол қалада бағдаршамның бар екендігін біледі екен ғой. Көзінің қиығымен қарап тұрған екен де, сары жанған кезде қолын көтерген екен ғой. Тағы сары жанғанда «жүре бер» деген екен ғой. Ай аңқау ауылдың баласы, қайдан білейік, бағдаршамның не екендігін. Ол ол ма…
Бірде көшеде келе жатырмыз. Кітапханадан қайтып келе жатқан бетіміз. Күні бойы аш құрсақ. Әрі шаршағанбыз. Алыс ауылдан келген соң оқудан құлап қалмай, ауылға абыроймен барайық деп жанталасып кітаптан бас көтермейтін кезіміз ғой. Содан шаршап келе жатсақ, Сәкең тағы да:
— жігіттер, сендер шаршап келе жатырсыңдар. Байқап келемін. Мына көше бойы ағылып жатқан көліктің кез-келгенін көрсетіңдер, мен айтамын, олар апарып тастайды – деді. Біз бір бірімізге қарап, иығымызды қиқаң еткізіп, құласақ нардан құлайық деп қоңызға ұқсайтын Волганы көрсеттік. Ол кезде Волганы көкеңнің көкесі мінетін. Сағынай саспастан жол жиегіне барып қолын көтеріп еді, анау Волга иесі де тап бір танысындай тоқтай қалды. Сәкең ішіне басын бір сұқты да бізді қолын бұлғап шақырды. Біз жетіп келдік. Ол артқы есікті ашып, бізге «отырыңдар» деп бұйырды. Біз мініп алдық. Содан жол бойы Сәкең шопырмен бұрыннан сырласып жүрген жандай әңгімеге басты. Арасында екеуі орысша сөйлесіп қояды. Бірін түсінсек, бірін түсінбейміз. Бір кезде жалдап тұрып жатқан пәтерге де келдік. Сәкең шопырдың қолын алып, рахмет айтты. Бәріміз түсіп қалдық. Ал, керек болса, тағы да таң тамашамыз. Бірақ, оның артында бір қулық бар екенін білетін мен титықтап сұрап қоймадым. Әрі беріден соң барып білдік. Ол таксист екен ғой. Таксидің не екенін де кейін білдік. Міне, ақ көңіл ақжарқын достың аңғал көңілі.
Бәріміз де оқуға түстік. Улап-шулап ауылымызға барып қайттық. Бірге оқыдық, дос болдық. Сәкең өте бір сондай көпшіл, қонақжай адам еді. Пәтер жалдап бір татар кемпірдің үйінде тұрдық. Түнде жатарға үш адам болып келеміз. Таңертең он адам болып шығатын едік. Бір күні ол қулығымызды татар кемпір біліп қойды. Сол кезде сол жақта жұмыс істеп жүретін ауылдың жігіттері бар еді. Солардың жатын жерлері проблема болған кезде Сәкең оларды кемпір ұйықтады ау деген кезде терезеден кіргізіп алатын еді. Сонда да болса ұрысқақ кемпірдің көңілін тауып, жынын басып қана қоймай, бар тәтті жұмсағын жеп, жемегенін қалтасына салып, шәйін ішіп кететін еді. Сол кезде ақ Сағынайдың өлең жазатыны бар еді. Сол емпірді мақтап, мақтап жіберген кезде ана байғұс сылқ етіп сабасына түсетін. Анда-санда бәрімізді далаға шығарып, кемпірдің ауласын тазарттырып, отынын жарып дегендей жұмыс істететін. Ал, өзі беседкада кемпірмен қошқыртып шәй ішетін. Міне, сондай бауырмал еді.
Қайтейік, ғұмыры қысқа болды. Күрмеуге келмейтін ғұмырында ол артына мол мұра қалдырып кетті. Тетардан ауылға кеткен соң партия қатарында жұмыс жасады. Біз гастрольге барған сайын Шижағадағы үйіне соқпай кетпейтінбіз. Театрдан шығатын кезде міндетті бағдарламалардың біріне Сағынайдың үйіне соғу кіретін. Ол кезде оғыс ардагері әкесі, шешесі, бауырлары бәрі бірге тұратын. Барған сайын бір қойдың басын мүжіп, түнімен карта ойнап, көңілді демалып қалатын едік. Міне, сөйткен Сәкең отыз екі жасында дүниеден жұлдыздай ағып өте шықты. Оның бұл өмірде тындырар ісі көп еді.
1998 жылы Сахан (жары Сақашты осылай атайтынбыз) Сәкеңнің ұлының үлкені Қайрат үйленеді деп хабар берді. Расын айтсам, өз балам үйленгеннен кем қуанған жоқпын. Соңғы кезде көңілшек болып барамын ба, оңашада досымды еске алып, жылап та алдым. Сонан жиналып, барыммен барып тойына қатыстым. Тілек айттым. Тағы да жыладым. Ай, ақ Сәкем ай, сен тірі болғаныңда біз барлығымыз тайлы тұяғымызбен талай стақанды төңкерер едік қой. Сенің жоқтығыңды Сахан білдірмей ақ жатыр ғой. Бірақ, сенің тау тұлғаң ерекше ғой.
… Сәкеңе не дейін, жатқан жері жайлы, топырағы торқа, жаны жәннаттан болсын. Досымның жасамаған жасын, көрмеген қызығын балалары мен ақ Саханға берсін деймін. Бәріміз де тірі пендеміз ғой. Барар жеріміз бір. Тек біреуге ерте, біреуге кеш…
Яһұда Халықұлов, досы (марқұм)

7 пікір

Jako
Қайран ауылдың аңқылдаған ақкөңіл адамдары-ай,қандай тамаша достық.Жаһанданамыз жеп жүріп осындай асыл қасиеттеріміз жаһаннамға кетіп қалмаса жарар едік.
ARDANA
Оның рас бауырым. Ол кісі сол тойға келіп, тілек айтқанда жыламаған жан болмады-ау… Досын осыншама сағынған жанды көргенде қабырғалары сөгіліп, жүректері елжіреп егілмеген жан қалмады. Сол тойдан кейін көп ұзамады. Қайтыс болды. Қандай керемет достық!..
KILYZAMAN
Аллам маған жазған балапандарыма сенікі сияқты сана берсе екен. Тірі кезімде байқатпайтын шығар мүмкін. Әзірге сыйларына мың тәубе!!!
ARDANA
Алланың көзі түзу болсын, балапандарыңызға. Саналы да салиқалы азамат болып өсуіне шын жүректен тілектестігімді білдіремін. Отбасыңызға береке, денсаулығыңызға баршалық берсін, Аллам!
Jako
Секе, ата балаға ешуақытта риза болмаған, бірақ ол жеккөргеннен емес балам бұдан да жоғары болса екен деген тілектен.Бізде олардан алыс емеспіз.
bazaraigul
ех, әкемді сағынып кеттім менде.
Jako
Менде сағындым әкемді де, анамдыда, алайда енді оларды көрсем қайтып келіп ол туралы ешкімге айта алмайтын кезде ғана көрермін.Неде болса жақындарыңды көзі тірі кезде қадірлеген жақсы екен.
Тек тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады.