Әкем жайлы үзік сырлар (5-інші бөлім)

Ақ парақтағы ойлар /
Арнау.

Балаларым Сағынай әкелері туралы естелік айтуды өтінді. Мүмкін әкелерін сағынды, мүмкін әкелерінің кім болғанын білгілері келеді?
«Әкенің жақсы аты баласына қырық жылға азық», — демекші, әкелері үшін балалары мақтанбаса ренжімейді. Мен Сәкеңді, оның мінез-құлқын ағайын-туған, әр баласының бойындағы қадір-қасиеті арқылы елестетемін. Ол ағайынды, бауырды ерекше қадірлеуші еді. Мереке, қуанышты күндер жақындап келе жатқаннан ол барлығының да көңілін тауып ескеріп отыратын.
Ал, балаларына шаң жуытпай, олардың әрқайсысын бір жыр етуші еді. Киімі немесе тамағы дайын болмаса «ертең қыздарым өссін сосын саған жалынбаймыз», — деуші еді.
«Ал, Талғатым еңбекқор болады, ол тындырымды дейтін. Мүмкін қылығынан байқады ма әкесінің айтқаны келген сияқты.
Бірде көрші шарбағынан өрт кетіп, біздің де қора өртенді. Көрші-көлем жабылып үйді босатып жатқанда ол паспортын, партбилетін алып, балаларының бірін көтеріп, бірін жетектеп «қалғаны кетсе кете берсін» деп тұрғаны әлі көз алдымда.
Ал, бауырлары туралы әңгіме өз алдына. Іні, қарындас тек Сәкеңде ғана бар сияқты. Үлкенге де, кішіге де бетіне жел болып тимей, тек күліп қана жүретін еді ғой…
Қайтейін тағдыры дейін бе, әлде аллаға да жақсы адам керек пе?! Ғұмыры аққан жұлдыздай қысқа болды.
Ендігі жерде, балаларын жылатпай, мен көрген қиындықты, жалғыздықты көрмесе екен деймін. Шүкір ғой, алла Сәкеңе бала, із яғни мұрагер берді. Бірі өзі сияқты ашық, бірі бауырмал, бірі көңіліңе қарайтын тілекші.
Тілегім бар аналар сияқты, ел аман, жұрт тыныш, балаларым аман-сау болса екен. Сәкеңнің асыл бейнесі сол әлі отыздағы қалпында көз алдыма елестейді.
Жаның жанатта болсын Сәке…
Жұбайы Сақыпжамал.

0 пікір

Тек тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады.