Ана тілін білмеген....

Ақ парақтағы ойлар /
… Бұл оқиғаны тілге тиек етпес бұрын көп ойландым. Өйткені, кейбірі «түймедей нәрсені түйедей етіп» деп ойлануы мүмкін. Бірақ, айтпасқа лажым да жоқ.
Сәрсенбінің сәтінде бір досыммен түскін ас ішу мүмкіндігі туды.

Қаланың орталығындағы «мен мұндалаған» жаңадан ашылған мейрамханаға бардық. Іші кен, жарық әрі таза екен. Босағадан кіргенде тазалығын көрсең көңілің ашылатыны бар емес пе? Тап-таза, қызметшілері де тап-тұйнақтай киінген. Содан жайғасып отырдық. Бір кезде даяшы да келді. Тапсырыс бердік. Әп-сәтте дастарханымызды жайнатып жіберді. Тамағымызды асқан бір тәбетпен жеп, тәтті тағамға, қызмет көрсетулеріне көңіл толып, рахметімізді айтып, орнымыздан тұрдық. Кіре берісте орналасқан кассаға есептесіп сыртқа беттедік. Содан сусын ала салайын деп, дүкенге бұрылдым. Сатушы қарындасымнан су сұрадым. Сұхбатымыз төмендегідей.
— Саламатсыз ба? (мен)
— Здрастье (ол)
— Кешіріңіз, су алайын деп едім.
— С газом или без?
— Газдалмағанын.
-?
— Газдалмаған деймін.
— Можете по русский?
— Сіз қазақ емессіз бе?
— И что?
— Қазақша жауап бере алмайсыз ба? Әлде түсінбейсіз бе?
— Я сама казашка. Но по казахский не знаю и особо нет желаний. Еще будут вопросы?
— Қызық екен. Мен Қазақстан елінде тұрмын. Сондықтан, маған қазақша қызмет көрсетулеріңізді сұраймын.
— Дискриминация? В Конституций написано, что русский язык пользуется на равное казахским языком. Даже президент сказал, что руский язык не отменяется.
— Мәссаған! Сонда қазақ елінде тұрып, қазақша білме деген жоқ шығар Елбасы. Ол кісінің сындарлы саясатын білеміз және әрбір қазақ баласы бір-бірімен қазақша сөйлесуі керек деген. Егер шет елге барсаңыз, орысша сөйлеп қатынаса аласыз ба?
— Это другое дело. Там буду говорить на английском. Они не понимают русский язык.
— Ал, онда мен орысша білмеймін әрі түсінбеймін ғой.
— Это ваша проблема. Я отказываюсь вас обслуживать.
— Мен де Сіздің дүкеніңізде сауда жасамаймын.
Міне, бар болғаны осы. Әрине, түймедей нәрсе болуы мүмкін. Бірақ, қазақ бола тұрып, өз елінде тұрып, өз тілінен жеріген қарындасыма шынын айтқанда, қарным да ашты әрі аядым да. Бір ақын ағамыздың:
«Ана тілін белмеген,
Ақылы жоқ желікбас.
Ана тілін сүймеген,
Халқын сүйіп жарытпас» деген ой орамдары тіл ұшына оралды. Қандай көрегендік, ә!

4 пікір

Jako
Бұл түймедей мәселе емес,қоғамдағы әр жерден көрініс беріп жүрген ауру.
KILYZAMAN
Міне, бар болғаны осы. Әрине, түймедей нәрсе болуы мүмкін.
— сіздің өзіңіздің тұтынушылық хұқыңызды дұрыс қолдануыңыз усыңыздағы нәрсе емеспе? Бұқпау керек еді…
marghan_84
Қазіргі таңдағы өзекті мәселелердің бірі. Өте өкінішті қазақ бола тұра ана тілін білмеген. ((
Nazerke
әрине, мұндай жайттар өмірде жиі кездеседі.Көргенде, естігенде тіпті ішің ашиды..Қайран қазағым, Батысқа ерем деп, тілің «Шатыс» болып бара жатканын тіпті де байқамайсың-ау?!
Тек тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады.