Рамазан

Ақ парақтағы ойлар /
Төртінші күн. Төртінші ораза. Төртінші жыл. Уақыт жылдам өте шығады. Осыдан төрт жыл бұрын Қадыр түнінде «ертеңнен бастап намаз оқимын» деп шешім қабылдаған едім. "Ұстаған оразаңның қабыл болу белгілерінің бірі — адамда жақсы жаққа өзгеріс болады" деп жатқан минбардағы имам.

Бас кезде бәрі жаңа, бәрі қызық. Тіпті, кішкене фанатизм бар десе де болады. Түк білмейсің, бірақ, жүрегің «ислам, ислам!» деп соғып тұрады. Аннан-мыннан бірдеңені естіп алып, жұртқа жеткізгенше асығасың.

Кейін бәрі басылады. Иманның әлсірейтін кездерін де байқайсың. Иманды бірқалыпты ұстау оңай емес. Білім алу керек, құлшылықта ықыласты арттыру керек. Мешіттерде, бауырлардың жанында, Аллахты еске алып жатқан жиындарда иманың көтеріліп қалады. Қолыңнан келгенше мұсылманға сай өмір сүруге тырысумен күндер өте береді.

Қазір қоғамда дін өте кең тарап жатыр. Қаншама «ай, мынау ешқашан дінге келмейді» деген жігіттер намазға жығылған. Жалпы, әлемде мұсылмандар саны артып жатыр. Бұл қуантарлық жайт. Бірақ, жерге қарататын да жағдайлар жоқ емес. Түсінікте қайшылықтар, пікірталастар көп. «Аққу, шортан һәм шаяндағыдай» әркім ар жаққа сүйрелегенде, арбамыз сынып кетпесе жарар еді.

Сапалы мұсылмандар көбейсе екен. Дін ұстану модаға ұқсап кетпесе екен. Біреулердің үлкен саясатына айналмасын. Негізі, тура жол ол өте анық. Шын ықыласымен ізденген оңай табады оны, бірақ, мына шайтанның құрықтары көбейген заманда қанша уақыт сол жолды ұстанатыны беймәлім.

Кейде ойлаймын да, пендеге өлім алдын кәлимаға тілін келтіре алу үшін қандай иман керек? Соңғы сәт, барлық дүние сен үшін жат болып, қыларға амал қалмай, қауқарың сынғанда Аллахыңды еске аласың ба? Қазір ағаң-көкең бар, ақшаң бар дегендей алдамшы нәрселер көп-ақ, сірә, тек шын ниетімен иман келтіргендер еске алса керек. Бұл дүниеде бәрі уақытша, қонақ екенімізді ұмытпайық!

Рамазан! Тағы бір Рамазанды көруді нәсіп еткен Аллах Тағалаға шүкіршілік айтамыз. Ораза барлық мұсылманға парыз етілген құлшылықтың бірі. Тарауих намаздары, мың түндерден артық Қадыр түні, ауызашарлар — көптеген сауаптардан тыс қалмайық. Әрбір амалымызды Алланың разылығы үшін жасайық. Баршамызға осы ай берекелі ай болсын!

4 пікір

Manas
амин, амин! Ораза қабыл болсын, Ереке!
qyrmyzy
Ораза қабыл болсын!
Аузын бекіткен жан жаман атаулыдан құлағын да, көзін де, тілін де сақтауы қажет.
Тек жақсы сөз айтып, жақсы сөз естіп, жақсы дүниелерді көруге жазсын Алла!
korwinin_kyzy
Амин!!!
Рамазан айы сондай бір ай, ол айда адам баласына тура жол және (ақ пен қараны) айыратын дәлел түрінде Құран түсірілді. Сендерден кім рамазан айында болса, ораза ұстасын. Ал біреу науқас не сапарда болса, басқа күндерде санын толтырсын. Алла (Т.) сендерге оңайлық қалайды, ауыршылық қаламайды. Сендерді тура жолға салған Аллаға шүкірлік етулерің үшін санын толтырыңдар. Әрі Алланы ұлықтаңдар. (185)Бақара
Botakz
Әмин! Барлықтарыңыздың да оразаларыңыз, дұғаларыңыз, парыз бен нәпіл намаздарыңыз қабыл болсын! Және де шын іздеген адам тура жолды оңай табатыны рас:)
Тек тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады.