Түсікке тыйым болса

Ақ парақтағы ойлар /
Түсікке тыйым болса
Экранда бейне пайда болды. «Мынау басы, ал мынау қолдары… Кішкене ғана аяқтарын бүгіп алған. Жүрек қағысын естуге де болады. Бір минутта 140 рет соғып тұр. Қазір біз бұл кішкентай адамның ұл немесе қыз екенін білеміз...» деген дәрігер ультра дыбыстық тексеруін әрі қарай жалғастырды. Есік сыртында тұрған аяғы ауыр әйелдердің арасында жүктілік кезеңін тоқтатқысы келетіндер жиі кездесетінін айтқан акушер-гинеколог соңғы уақытта аборт жасатушылардың саны артқанын қынжыла жеткізді. Ақ парақтағы ойлар: аборт
— Әйел аборт (түсік) жасатқаннан кейін екінші рет бала көтерген жағдайда жатырдағы шарананың өсуі 3,7 есеге дейін төмендейді, — дейді №4 перинатальды орталықтың акушер-гинекологы Аида Төлегенова. — Ондай балалардың әрбір үшіншісі жеңіл салмақпен туылып, 77 пайызы қан аздық және экссудативтік диотез дертіне шалдығатыны дәлелденген. Сонымен қатар, жүктілік кезеңін тоқтату салдарынан екінші рет бала көтерген аналардың 78,3 пайызы түрлі сипаттағы ауруға душар болады.
Ақ парақтағы ойлар: мама, мен өмір сүргім келеді
Маманның айтуынша, жүктілікке әйелдің ағзасы, жүйке жасушалары қатты жұмыс істейді екен. Осы тұста оны тоқтату әуелі жүйкеге әсер етеді. Одан өзге жатырдан қан кету, жатыр мойны ауыру жиілейді. Түсік салдарынан түрлі мүшелер мен шат қабынуы болады. Ол келесі жүктіліктің сәтті өтуіне қауіп төндіретіні сөзсіз. Түсік жасатудың соңы бедеулікке әкелетінін дәрігер тілге тиек етті. Сондай-ақ баланың уақытына жетпей ерте туылуына де себепші болады. Жатырдың қабынуымен қатар жатыр түтікшесінің өткізу қабілеті де тоқтауы мүмкін.
Әлемде 193 елдің тек төртеуінде ғана жасанды түсік жасатуға заң жүзінде тыйым салынған. Ал, 119 елде жүктілік барысында ана өміріне қауіп төнген жағдайда абортқа рұқсат етілген. Түсік жасауға ешқандай шектеу жоқ елдің бірі – Қазақстан. Әлем бойынша жыл сайын 45 миллионнан астам түсік жасалады. Бұл күніне 123 мыңға жуық шарана жарық дүние есігін ашпай жатып анасының құрсағында өлім құшады деген сөз. Оның ішінде 5 миллиондай әйел қатерлі дертке шалдығатыны анықталған. Бұл жаһандық көрсеткіштер болса еліміздегі статистикалық мәліметтер не дейтінін назарларыңызға ұсынамыз. Қазақстандағы бала күтіп жүрген әйелдердің жартысына жуығы жасанды түсікке барады деген сөз. Оңтүстік өлкеде былтыр барлығы 4612 аборт жасалған. Биыл бұл көрсеткіш 4346-ны құрады. Яғни жыл сайын облысымыз 5 мыңға жуық баладан айырылып отыр.
Жасанды түсікке дін тұрғысынан да тыйым салынған. Бұл туралы ҚМДБ-ның ОҚО бойынша өкіл имамының орынбасары Мұхамеджан Естеміров мынадай мағлұмат берді.
— Жасанды түсік жасату шариғат бойынша харам, — дейді ол. — Себебі, Әбу Ханифа және көптеген ислам ғалымдары түсік жасату харам, яғни, кісі өлтіргенмен бірдей деп үкім берген. Дегенмен білікті бірнеше дәрігер жүкті әйелдің өміріне айтарлықтай қауіп төнгенін анықтап, дәлелді түрде айтқан жағдайда ғана шариғат түсік жасатуға рұқсат етеді. Аборт жасатуға баратындардың басым бөлігі нәрестені асырауға мүмкіндігі жоғын айтып ақталады. Алайда, оларды ризықтандыратын Жаратқан ием екенін әттең білмейді ғой. Бұл жөнінде Құран Кәрімнің «Әнғам» сүресінде (151-аят): «Жарлылықтан балаларыңды өлтірмеңдер. Сендерді, оларды біз ризықтандырамыз» деп айтылған.
Түсік жасатқан ана өз денсаулығына орасан зиян келтіретінін де ұмытпаған жөн. Сүт безі рагы әдетте аборт салдарынан болатынын дәрігерлер айтып дабыл қағуда. Айықпас дертке шалдыққандардың қатарын түсік жасатқан әйелдер құрайды. Заң тұрғысынан тыйым қойылса қатерлі дертке душар болатындар да азайып, қазақтың қарадомалақтары да көбейер еді.

3 пікір

ereke_enu
Адам азған заман болып тұр ғой қазір. Құдай бетін әрі қылсын!©
Соңғы өңделген уақыты:
zhano_almuhambet
Иә, арамызда сол кісіөлтіргіштердің қаптап жүргені өкінішті-ақ… Бәрін де көруші, естуші Жаратушы бар…
Kan
Өте өткір тақырып екен. Біздің қоғамның ауыр дерті ғой. Заңмен қаралсын дейміз. Бірақ қалай шектеу қоямыз. әркімнің басында әр түрлі жағдай болады. Ал заңмен шектеу қойдық делік қаншама бала әкесіз дүниеге келеді,қаншама жетімдер көбиеді.Ең бастысы еркек пен әйел өздеріне жауапты болғаны жөн. Ондай ісің болғанына дауласпай сондай істі болдырпаудың жолын іздеген абзалырақ па қалай? әрине бұл менің ғана ойым.
Тек тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады.