Қара кемпір

Ақ парақтағы ойлар /
Ақ парақтағы ойлар: Қара кемпірӨткен жұма намазында ойымның сан–саққа жүгіргені-ай. Тахаратымды алып, Алланың разылығы үшін құлшылық етуге келген ниетімнің быт-шыты шыққанын қарашы. Бұл шайтанның сыбдыры ма екен, әлде, елеусіз, ешкімге қажетсіз өмірден кеткен кейуананың жалғыздықтан жылағандағы жаңғырығы осы мен отырған орында қап менің өне-бойымды еліжіретіп ой салғаны ма? Алланың өзі кешірсін, қанша рет ниетімді жаңартуға ықыластансам да ырық бермей қасиетті үйде белі бүкірейген кемпірдің көз алдыма келе бергені.
Бала кезімде осы Теңге ауылына нағашымдікіне жиі келетінмін. Осы қараусыз қалған қара түнек үйде қара кемпір кіріп-шығып жүретін. Балалық болу керек, өз басым осы кемпірді көргенде ертегілерде кездесетін жалмауыз кемпірге ұқсататынмын, қорқатынмын.
Әй, баламын ғой сол кезде мен. Қайдан түсінейін оның қараусыздан азып-тозып, осындай бейшара халге жеткенін. Шалы бақилық боп, асырап алған Қарабай ұлы түрмеге кеткенін. Қол ұшын созатын тумалары жоқ, өмірдің талай ауыртпалықтарын өз арқасымен көтеріп, жападан-жалғыз күн кешкенін.
Міне, менің тура қазір құлшылық етіп отырған орным, тек менің ғана емес, осы ауыл тұрғындары мен қонақтарының ғибадат етер орны бір кездері осы бүкірейген қара кемпірдің қара шаңырағы еді. Тағдырының көрсеткен ашаршылық пен сұрапыл соғыстың кішкентай ғана жанына мұң салғаны аздай, қартайған шағында жалғыз, қараусыз қалғанын. Қарт ананың бір кездегі қаңыраған суық сұсты қоңыр үйі бүгінде мұсылмандар бас қосатын Алланың нұры мен тыныштығы орнаған қасиетті ғибадат орнына айналарын кім білген?! Мүмкін, тура мен маңдайымды сәждеге тигізген орында мұңды кеуананың жалғыздықтан зарығып, тағдырына мұңын шаққан ащы жастары тамған болар. Имамның құтпа оқып тұрған қазіргі мінбер орнатылған орнында бір кездері кішкентай қара бала Қарабайын бауырына қысып, болашағынан үлкееен үміт күтіп, армандар әлемін шарлаған шығар. Әлде, әнеу бір қос қолын көкке көтеріп дұға жасап отырған жас жігіттің орнында жылағаны соншалықты өксігін баса алмай, қараңғылықпен аралас қалың мұң жетегіне қамалып, талықсып барып ұйқыға кеткен болар. Жарығы да жоқ қараңғы үйде жалғыз өзі қалай өмір сүрді екен? Ай, жүрегім-ай, шаншып кетті ғой.
Қамат түсіріліп жатыр. Жамағат орындарынан түрегеліп, намаз парызына ниет етуде. «Астапыралла, мен де тұрып, сап түзейін».
Намазымды аяқтап сыртқа шықсам көшеде сіркіреп жаңбыр жауа бастаған екен. Аспан әлемі де қабағы шытулы адамдай түнеріп сол ананы есіне ап жылап тұрғандай сезілді маған.

4 пікір

Korkem
Әсерлі екен, ұқсас әңгімелер көп-ақ бірақ.
Jako
Еске, сөз жоқ тамаша жазылған.
zhano_almuhambet
Қарт ананың үйін де, мешіттің ішіндегі көрініс көз алдымда таспа секілді жүріп тұрды… Бейнелеу, суреттеп жеткізу тамаша! Расында көзбен көргендей. Соны көрген және өзгелерге көрсете білген сіздің көзіңіз әрдайым ашық болсын…
Тек тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады.