Бүгін жаңбыр...

Ақ парақтағы ойлар /
Бүгін таңнан аспан әлденеге ренжулі еді. Өксігін баса алмай кейде тым суық самалды, кейде тымық ауаны кең көшелердің бойымен айдаған күйі көше шәйханаларының шатырын ары да бері сілкіп, тұңғиық ойымен отырған адамның назарын сәт сайын өзіне аударып жатқан-тын. Жолда кетіп жатқан көліктер де бейне бір адамдар секілденіп, тезірек ықты паналауға асығып жатқандай көрінетін…
Кішкентай кезіміз есімде. Жаңбыр жауған күні қырдағы кіп-кішкентай қоржын үйдің терезесінен төмен қарай ағып жатқан тамшыларды саусақпен санап, даладағы жаңбырлы тұманға сағаттап қарап отыра беруші едік. Бұрышта апатайым кішкентай орындығына жайғасқан күйі ақ мақтаны ермек етеді. Төр жақта атам ескі арабша кітаптарын ақтарып әлдебірдеңелерді шимаймаумен әлек. Әкеміз әдеттегідей қойдың соңында кеткен.
— Ооой, мына жаңбыр да сіркіреп болмады ғой, тегі. Ана балаңның аяғынан сыз өтпесе болғаны. Таңертең айтқанымды тыңдамастан жеңіл кетіп еді, — деген апамның кейде даусы естіліп өзімен-өзі күбірлеп қояды. Оны назарына алып жатқан атамыз жоқ…
— Кімге айтып жатырмын, онысында да мұнысында да құлақ жоқ…
Терезенің арғы жағынан сайдағы қорадан екі шелек көңмен асығып келе жатқан анамыз көрінеді… Анам әр сәрсенбі күні базарға құрт апарып сататын еді. Ол кездерде біздің қырдағы үйдің айналасынан көлік аз жүретін. Әр апта сайын ауылға дейінгі 15 километрді бір шелек құртпен жүріп өтетін анамның аяқтары темірден болған шығар, сірә…
Сіркіреген жаңбырға қарап отырамыз. Төменнен тағы бір жанның қарасы көрінеді. Бұл біздің әкеміз. Астындағы атын қораға ерттеп түскі асқа келе жатқан түрі осы. Түскі ас дайын. Жанұя дастархан басына жиналамыз.
— Садық, Қозы, барып қолдарыңды жуып келіңдер! — деген анамның даусынан соң, жылып қалған орыннан еріксіз көтеріліп кіре берістегі шылаушынға келіп, інім құманмен менің қолыма су құяды. Одан соң мен.
— Малың түгел ма? Кешегі қойлардың хабары бар ма? — деп бастайды атам әңгімесін.
— Түртәннің қойының арасында жүрген жерінен бүгін айырып алдым. — дейді әкем шәйін сімірген күйі.
— Әәә, онысы жақсы болыпты — деп қостайды апам.
— Ата, шәй алыңыз…
Ортаға қойылған ыстық астың қалың буы жоғарылаған сайын әлсін-әлсін будақталып жоқ болып кете барады…
Стамбулда жаңбыр құйып берді. Бейне бір бар шерін шығарып өкіріп жылап жатқандай мына аспан. Жыла аспан. Жыла. Сенімен бірге бақытты балалығын, атасын сағынған сәби жүрек те қосыла үнсіз жылап алсын…

9 пікір

Jako
Таныс, өте таныс суреттер, жаңбыр құйып тұрғанда тапшанның ортасына қарай сырғыңқырап қойып ойға бата қарап отырушы едім. Қазірде жауын кезінде бостан бос машинамен көше аралап жүре беретінім бар.Өткен-кеткеннің бәрі көз алдымнан сырғып кино көргендей өте береді…
semser_soz
Онсыз да ауылымды сағынып жүр едім(( Ауылдың мына бір сипаты сағынышымды арттырды ғой. Мен жаңбырды жақсы көремін. Мені жаңбыр мұңайтпайды. Мен керісінше апам мен атамнан бір ұрыс естіп, далада жаңбырдың суына әбден шомылып, жаурағанда ғана үйге кіретінмін. Қазір де дәл солай жаңбырдың астына, жауған тамшылардың астына асығам да тұрамын...
Yeld
Жаңбыр жақсы ғой… Менің есімде қалғаны бала кезден — жаңбыр жауып жатқанда картоп суарғанымыз. Суық жаңбырдың астында жүріп, апайым екеуіміз жаңбыр суын бороздаларға бұрып, огородты әбден суарып алғанбыз. Мен ол кезде кішкентаймын, найзағайдан қорқамын, бірақ қызық көріп жүре бердім. Апайым неше борозда қалғанын санайды, мен оған «санама, жаңбыр тоқтап қалып су жетпей қалады» деймін. Ол бәрібір санай берді, соңғы бороздаға келгенде жаңбыр тоқтап қалып су жетпей қалды.
Тағы бір есте қалғаны — жаңбырдан соң судың бетінде жүзіп жүретін көпіршіктер…
zhano_almuhambet
Ағыл да тегіл жылады аспан… Батпадым бірақ сұрауға мұңын. Сал сезімдердің нұр өңі қашқан, Менің де жаным жылауда бүгін… Мына жауып тұрған жаңбыр да көзідің жасы секілді. Менің көз жасым. Дәл қазір Туған жердің бір бұрышында (білмедім қай бұрышы екенін) сен де менің көз жасыма малмандай су болып тұрған шығарсың бәлкім? Сен мұны білмедің. Менің көз жасымды. Ешкім де білмеді.
Delfina
Жаңбыр… қандай күшті Жаңбыр деген сөздің өзі))
Мектепте оқып жүргенімде жаңбыр суын жинап шашымды соған жуатынмын, жалтырап тұратын марқұм, ал қазіргі жаңбырға жусан шашсыз қалуымыз мүмкін))
followme_alik
қарды ерітіп көрдің ба
Delfina
қарды ерітіп көрдім, ең таза деген жерден алғанның өзінде ішінде құттай қоқымдар толып жүреді. Қазіргі қардың суы үйде тек қана аяқ киім жууға ғана жарайды. Ал, ертеректе шайда ішкен кезім болды)))
ulzhankzz
әдемі жазылған)
AKA
Бұл енді шедевр, қайталап оқи беруге болады.
Тек тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады.