"Мен Мессиге ұқсаймын"

Ақ парақтағы ойлар /
Ақ парақтағы ойлар: Мен Мессиге ұқсаймын
«Егер мен оларға өзімнің кім екенімді айтқанымда, ешкім сенбес еді. Себебі, бұл миға қонымсыз дүние болып көрінеді. Білемін, білемін… Әйтсе де, адам сенгісіз болса да осындай екенім шындық! Мен – СУПЕРҚАЛЫПТЫ АДАММЫН! Менің басқалардан еш айырмашылығым жоқ.»
Шымкентте алғаш рет комикс-репортаждардың көшпелі көрмесі өтті. Жоғарыдағы монолог сол репортаждан алынған жазба. Бұл алматылық Бақытжан Жұмановтың әңгімесі. Оның жасы 18-де. Дәрігерлер Бақытжанның туылғаннан бері мыйдың сал ауруының асқынған түрімен науқастанатынын айтады. Бақытжанның қолдары қозғалысқа келмейді. Тек аяғы ғана аздап қимылдайды. Бірақ, оның шектеулі қимылынан таңқаларлық ептілікті көруге болады. Келушілер көрме туындылары арқылы мүгедек балалардың қоғамға араласуы жайынан мағлұмат алды. «Mesquenblog.kz» “Жәй ғана блог емес” деп аталатын жобаның басты мақсаты – мүмкіндігі шектеулі балалар мен жасөспірімдердің қоғамдық ортада өздерін өзгелермен тең санауына мүмкіндік жасау.
Елімізде балалар арасындағы мүгедектіктің басым үлесі жүйке жүйесі ауруларына тиесілі екенін статистикалық мәліметтер дәлелдеп отыр.
– «Жәй ғана блог емес» жобасын жарты жылға жуық жоспарладым. Осылайша ойымды қалай іске асыруды ойлап жүргенімде Бақытжанның отбасына келдік, – дейді француз суретшісі Николя Журну. – Бірнеше уақыт бұрын Алматыдағы кафелердің бірінде кофе ішіп отырып қызық танысу болды. Өзін Бәтес деп таныстырған бойжеткен қайырымдылық акциясын өткізетіндерін, мүмкіндігі шектеулі балаларға жаңа жылдық мерей ұйымдастыратынын, сыйлық таратуға баратынын жеткізді. Мен көмектесуге ниет білдірдім. Акцентпен сөйлейтін орысшаммен Аяз ата бола алмасым анық, әрине. Сол себепті фотографтың қызметін атқардым.
Комикс-репортаждың авторы Франция мен Қазақстандағы баспасөз бен жарнама саласында иллюстратор-фрилансер болып жұмыс істейді. Аталмыш жобаға «MediaNet” халықаралық журналистика орталығы және Сорос-Қазақстан қоры демеушілік жасауда. Автордың мәлімдеуінше, осы суреттер арқылы ол мүгедек балалардың күнделікті өмірінде елене бермейтін мәселелерді аудиторияға жеткізуді жөн көрген. Мүмкіндігі шектеулілерді мүсіркеудің қажеті жоқ екенін және оларға қалыпты адам ретінде қарап, қоғамға араласуына жағдай жасау қажеттігін жеткізді. Николя Журну аталмыш комикс-репортажды салу барысында Бақытжанмен және оның отбасымен, достарымен бір жыл бойы үздіксіз кездесіп тұрғанын айтады.
Бақытжан өзінің ұяңдығын жасырған жоқ. Сосын өзіне «бағына» бермейтін денесі… Баспалдақтар мен тар есіктердің алдындағы қауқарсыз арба тағы бар. Сыртта не болып жатқанын көрсетпейтін үйдің қоршауы… «Біздің үйіміз орталықтан шалғай орналасқан. Адамдардың көзқарасы да ұялтады. Алайда осының бәріне қарамастан маған басқалармен тең сөйлесуіме мүмкіндік беретін – ғаламтор бар. Бұл жерде арба да, қоршау да, «біртүрлі» көзқарас та жоқ. Мен блок арқылы бәрімен байланыса аламын. Бұл жәй ғана блок емес!» — дейді ол. Компьютердің пернетақтасын аяқ саусақтарымен еркін басып түрлі ойындар ойнап, саяхаттар жасайды.
Репортаж арқылы Бақытжан футбол ойнауды жақсы көретінін аңғардық. Ол тіпті өзін Мессиге ұқсатады. Иә, иә Лионель Мессидің өзіне. Аргентиналық футболшыға! «Барселона» командасының шабуылшысына! Бақытжан мен «Алтын доптың» иегері арасында қандай ұқсастық бар дейсіз бе? Мессидің бойы он жасында 1 метр 11 сантиметр болған. Бой өсіру гормондары арқылы ол қазіргі «бойына» жеткен. Атақты футболшыға бала күнінде соматотропин (өсу гормоны) жетіспеушілігі деген диагноз қойылған. Бойындағы кеселінен Бақытжанның да өсу қабілеті «өзгешелеу». Бақытжан Месси секілді мектепке «қарық қылып» бармаған. Месси секілді оның да үйіне келетін жеке дәрігері мен массажисті бар. Ол да қала сыртында тауға дем алуға, қыдыруға барады, «нағыз» спортшы секілді сұхбат береді. Мәселен, BBC тілшісі даярлаған сюжет. Месси секілді ол да жаңбыр кезінде футболды «нашар» ойнайды. Жауынның астында қоларбамен қозғалып әрі доп тебу оңай емес. Бақытжан үшін де футбол – өмірдің мәні.
«Ал егер, сіз маған ұқсайтын бір адамды кездестіріп, дәл осындай қарапайым адами қарым-қатынас орнатсаңыз (Николя екеуінің кездесуі), онда мен қатты қуанар едім» дейді Бақытжан.

0 пікір

Тек тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады.