Тәуелсіздік күні тағы да тасада қала ма?

Ақ парақтағы ойлар /
Желтоқсан жақындаса болды, жаным күйзелетін болып жүр. Қабағымнан қар жауып, мұз қатпаса да, көңіл-күйім түсіп кетеді. Әйтеуір ар жағында белгісіз бір мұң жатады. Тұла бойым тітіркеніп, бойымнан қуатым қашады. Есіме 1986 жылғы жастар көтерілісі түссе, қос жанарымнан ыршып ыстық жас өтеді. Көзіммен көрмесем де, көргендердің сөзін естігенімде, санамды сансыз сұрақ мазалай кетеді. Қандай сұрақ деймісің?
Желтоқсан айы басталысымен көше-көше, жер-жерге, әр қаланың ортасында, жол бұрылыстарында жаңажылдық безенді-рілген шыршалар мен тақтайшаларды жайнатып қояды. Аяз ата мен Ақшақардың суреттері, макеттері дүкендердің сөрелерінде толып тұрады. Түкке де пайдасы жоқ отшашулардың неше түрін әкелеміз. Сөйтіп жүріп «Тәуелсіздік» деген ұлы ұғымды санамыздан өшіріп алып жатамыз.
Әр жыл сайын еркіндік алғанымызға «пәленше» жыл толды деп атойлап үлкен той жасаймыз. Желтоқсан құрбандарының басына гүл шоқтарын қойып, құран бағыштап, концерттік нөмірлер дайындаймыз. «Елім» деп еңіреген ерлерді еске түсіреміз. Міне, осының барлығы бір күндік шара сияқты. 16 желтоқсан өте салысымен, етек-жеңді қайта жинап, баяғы Жаңа жылдық мерекенің қамына кірісеміз. Осы кезде мен өз-өзімнен ұялып, жерге кіріп кете жаздаймын. Тарих сахнасынан өткен батыр бабаларымды ойлап, іштей құса боламын. 300 жыл армандаған азаттықты тым құрыса 3 күн тойлауға дәрменіміз жетпейді. Бетіне қырау қатқан сақалды шалдың бабалардың ұлы арманынан биік тұрғаны жанымды жегідей жеп, қанымды қарайтатыны бар. Шіркін-ай, Тәуелсіздіктің торқалы тойын тойламай тұрып, қызылды-жасылды жаңа жылдың мерекелік тақтайшаларын есімізге түсірмейтін күн туар ма екен!?
Ұлан

3 пікір

Kan
Меніде осы мәселе қатты алңдатады. Тіптен жұмыс орындарында да осы мәселені көтеріп едім. бас көтеріп қолдайтын ешкім болмады. Бәрі Тәуелсіздік күніне жай бір мереке есебінде қарайды. Негізінде біз үшін қазақтар үшін ең құнды мереке ол тәуелсіздік күні емес пе. Түркияда тәуелсіздік күнін қалай тойлайды білесіздер ма, сөз жоқ еңбактеген сәбиден, еңкейген қарияға дейін жылап жүріп тойлайды.
Бір үлкен қарияға осы өкпе-ренжісімді айтып жатқанда ол кісі «Е, балам тәуелсіздік өзге ұлтарды қуанпайды олар бұл күнді жеп көреді себебі қазақтың өзінен биік тұрғны қаламайды ғой.» дегені бар еді осы сөздің жаны бар секілді ма қалай.
berik_kaznai
Желтоқсанда шындық жырын шырқаймын деп шарқ ұрдың,
Желтоқсанда егеменді ел болсақ деп талпындың.
Кеудеңде әлі сызы жатыр сол кездегі салқынның,
Айналайын, айналайын жас қайраты халқымның.
Темір қолдар қуатты еді алқымыңды қаусырған
Намысыңды жықпай өттің нәубе, дүлей маусымнан.
Жалғыз қалған шақтарымда жігер алдым бойыма
Түрме торын жарып шыққан сенің қайсар даусыңнан.
Өсер елдің қай сәтте де бірлік болмақ қалауы,
Лаула, лаула, желтоқсанның мұзға жаққан алауы.
Өздеріндей ер намысты жас өркені бар елдің,
Ешқашанда еңкеюге тиісті емес жалауы!

Қазір бұл күн қазақ халқы үшін ұлы күн, әрі қайғылы, әрі
бақытты күн. 1986 жылғы желтоқсан оқиғасы қазақ
халқында бұрын болмаған ең ауыр да, әділетсіз көтерілістің бірі.

Енді міне, осы Желтоқсан көтерілісіне қатысқан
ағаларымыз бен апаларымыз үш ғасырға жуық уақыт
бойы армандаған тәуелсіздікке қол жеткізді.

Жас арудың жанарында – Желтоқсан,
Қанды ғасыр табанында – Желтоқсан.
Қаралы өмір қайыстырған халқымның,
Қара тұман қабағында – Желтоқсан.
Жауыздықты жасқаған да – Желтоқсан,
Жаңа ғұмыр бастаған да – Желтоқсан.
Жазықсыздың көз жасына жуынып,
Абақтыға тастаған да – Желтоқсан.
Намысымның шырағы да – Желтоқсан,
Сұрқай өмір сынағы да – Желтоқсан.
Жігіттердің ұраны да — Желтоқсан,
Жаңа күннің шуағы да – Желтоқсан.
adai_make
Мен жасым біразға келсе де «Айта бер» блогтұғырына кіріп, жастардың ой-пікірлерін тыңдайын, ой бөлісіп көрейін деп ойландым. Артық болса кешірерсіңдер, шама келсе кедергі болмауға тырысамын.
Ұланның жазғаны мен Kan-ның пікірі өте жақсы. Мен де осы күн жақындаған сайын торға қамалған қасқырға ұқсап кетемін. 1986 жыл мен 2011 жылдың Желтоқсандары жарылмай қалған бомбадай жанымды қинайды!
Тек тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады.