"Жаңбыр симфониясы"

Ақ парақтағы ойлар /
Ол ой үстінде тұр. Көңілі әлденеден құлазулы ма, біртүрлі. Қиялынан туған әртүрлі ойлар санасын мазалап, түнгі жаңбыр тамшысындай көңілінің түкпір-түкпіріне қайта сіңіп бара жатты. Дәл қазір ауа-райы ерекше болып тұр. Әсіресе, бірер уақыт бұрын басталған жаңбыр табиғатты ерекше күйге бөлеп тұр. Жер-ана бейне думан құрып жатқандай. Айналада ән ырғалады. Ол жаңа музыканы сезіне бастаған болатын.
Өзінің де қозғалысы көп, әрі тез талықтырар көктемнің бір күнін бастан өткеріп, біресе ұйқысы келіп, тағы бірде не істерін білмей отырған оның құлағы ерекше бір дыбысты шалды. Өзі әдеттен тыс бір дыбыс. Қозғалыстар азайып, еркінсіп кең жолда тежегішін аямай басып өте шығатын көлік моторының айқайынан да, топ болып жүріп қас жауын көргендей қосылып бәрі бірге үрісіп қоятын қаланың қаңғыбас иттерінің ащы дауысынан да айырықша. Сол себепті ол байыбына барып, мән-жайына қанық болу үшін сыртқа қарай ұмтылды. Балкон есігін ашып, бөлменің тар ауасынан табиғаттың саф ауасына танауы ауыса бергенде ол өзін құдды қапастан шыққан құстай сезінген. Ал, енді қоршаған ортамен бірге оның жан-дүниесі ересім күйге бөленді. Ол күй біресе мүңды, біресе көңілді сезіледі. Қиялының әртүрлі ойдан үзінді беріп жатқанының себебі де осының әсерінен. Осындай бір әуен оның миында жатқан өткен күннің естеліктерін бірде жанамалап өтсе, бірде басқаша көңіл-күй сыйлап жігер беріп жатқандай. Төбеден түсіп жатқан тамшылар қала шырақтарының жарық түсіп тұрған жерлерінен айқын көрінеді. Түнгі сұлу да сулы сурет, құлаққа естіліп жатқан әуенді дыбыс, баяу есіп тұрған салқын желдің бір жақтардан мұрынға айдап әкеліп жатқан жұпар иісі, бәрі де бір ерекшелік! Аспан да алдын ала күркіреп хабар берген жоқ еді. Далада табиғи оркестр жұмыс істеп жатқандай секілденеді. Жерге түсіп жатқан әр тамшы өз алдына бір аспап, өз бетімен бір әуен. Бірі келіп үй шатырына түссе, енді бірі терезенің әйнегіне соғылады. Тағы бірі талға, бірі жерде жатқан темекі қорабына, бірі әлі суға қанып лайлана қоймаған топырағы бар жерге көктен келіп құлайды. Ойласаң, бұл тура адамдар тағдыры сияқты. Әр тамшы бір адам сияқты болмыс. Қайсыбірінің қай жерге келіп құлауы — өздері бастау алған төбеден не көлденең соғып өтіп жатқан желден.
Енді тек жетіспей тұрғаны аспан күркірі мен тал жапырағы. Қазір ерте көктем болғандықтан талдардың сабағы бүршік қана жарып, әлі жапырағы өсіп шықпаған. Ол мына дыбыстар тоғысына бөлек бір үнін қосар еді.
Осының бәрін ол ой жолынан өткізіп жатыр. Кенет жылдамдау соға бастаған жел оның тоңғанын сездіртті. Селк етіп есін жинағандай болды. Жауып жатқан жаңбыр да өз қарқынын күшейтті. Біраз уақыттан бері ашық тұрып ішке таза ауа ендіріп қойған балкон есігін жауып ол бөлмесіне кірді. Пердені түрді де жарықты сөндіріп, аз уақыт ойлы жатып ұйқыға кетті.

2 пікір

yesbolat83
Өз ұйқасын тапқан, еш ауытқымай оқыған жанға ерекше әсер қалдырар маржандай тізілген әдемі сөздер. Жарайсың, жаза түс.
maulen
Ойлы бауырымыздың үлкен ой салар кішігірім туындысы болса, үлккен туындыларының қандай болары қызық, ә?!
Тек тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады.