Сенің мұңды жанарыңа ғашықпын...

Ақ парақтағы ойлар /
Ол бүгін әдеттегіден ерте оянды.Күнделікті күйбен тіршілікке араласып, ойымнан бір сәт арылармын деп ойлап еді, онысынан түк шығар емес.Ішкі ойы аласапыран арпалысқа толы… Жүрегі құрығыр да алып ұшып дамылдар емес… Бар ойы, оның жан дүниесіне апарар жолды қайдан тапсам екен деп сан саққа жүгіреді.Төрт қабырғалы тар бөлменің ішіне емес,Құдай ау, тарыдай денесімен, таудай әлемге сыймай бара жатқандай.Тылсым табиғатта онымен бірге күңіреніп, нөсерлерін төгіп тұр.
Ақ бөз жайма ілінген, жақтаулары ескірген көк терезенің арғы жағынан жаңбыр тамшылары тырсылдап әлсін-әлсін оның ойын бөлгендей болды.Шаң басқан теледидар, шашылған киімдер, жиналмаған төсек орны… Аяқ шаншыр жер жоқ.Ол соған қарамастан төрт қабырғаның төрт бұрышына кезек кезек тіреліп, ерсілі- қарсылы үйдің ішін кезуден жалығар емес.Ағаштан жасалған кітап сөресі ғана жинақы, әрі тізілген түрлі түсті кітаптардың мұқабалары, әктелген, жұпыны қабырғаларға әр беріп тұр.

Кенет, кітаптар орналасқан сөреге қолын созды да,іздей бастады.Аузы күбір — күбір етіп, арасында еміс – еміс, бір сөздерді дауыстап қояды.
— ''Тихий дон'', ''Горе от ума'', ''Старик и море'', ''Аспирант'', ''Шайтан базар''… Жо — жо — жоқ, қайда кетуі мүмкін, сайтан алғыр!

Кітап сөресінен таппағанды, бөлменің түкпір түкпірінен іздеп, бөлменің астаң кестеңін шығарды.Бөлменің бір бұрышына қарап, ойлана бастады.Кенет кілт бұрылып оң жағында тұрған үстелден ары өтіп, түнде жатқан төсегіне қарай беттеді.Жантая жатып оқыған «қызыл кітабының» ұйықтар алдында жастығының астына жастанып жатқаны енді есіне түсті…
-Ееей, ақымақ басым, ғашықтықтан есімді жоғалтыппын!-деді де, жастығының астынан лезде суырып ап,қолындағысының ішін ақтара бастады.

Иә,"Қызыл кітап"… Бұл — біреулерге жай ғана күнделік, ал біреулерге өміріндегі қуанышы мен қайғысын бөлісетін сырласы. Сырты қызыл болғандықтан емес,ішінде өткен күннің қайтарылмас сәттері жазылғандықтан қызыл кітап атанғаны — дағы.

Қызыл кітаптан соңғы жазған шимайларын оқыды да, бір мырс етіп күліп жіберді.Ара — тұра кешегілер ойға оралса, не күлерін не жыларын білмей, түрі өзгеріп сала береді.Қардай аппақ парақтан көз алмай, ұзақ ойланып, күрсінді де жаза бастады.


«Сұлулардың өмірі қайғы мен қасіретке толы дегенге сенбеуші едім. Иә, сенбей келгем… Бірақ кешегі сенің жасқа толы жанарың маған оны ұқтырғандай. Сенімен алғаш кездескенде „сұлу десе сұлу екен, бірақ, осыншама тәкәппар боларма“, деп ой түйгенмін.Сенің жаныңның жібектей нәзік, жас жүрегіңнің қасіретпен мұңға толы екендігін де кеше байқадым.Білесіңбе, алғаш сенімен кездейсоқ жолығып қалғанда, сенің жанарың маған ескі танысымды есіме түсірді.Танысудың ретін таппай, айлап жүріп, сенің телефон номеріңді әрең тапқанымда төбем бір елі көкке жетпей қалып еді.Бірақ тұтқаны көтере сала, „мазаламаңыз!“ деген қаһарлы дауыс барлық қуанышымды су сепкендей басатын.Сенімен тілдесудің реті түсе қалса, сенің мұңды жанарларыңа қарап тілімді жұтып қойғандай күй кешіп, айтайын дегенімді айта алмай сорлайтынмын.Мен сенің мұңды жанарларыңа ғашықпын… Сенің мұңды жанарларыңа үңілсем, сенің суық та мейірімсіз, жылусыз жаныңды көрем.Жаныңа үңілуге талпынғанда, аузы бітпеген жараға толы,қайғыдан қан жылаған жүрегіңді көрдім.Мен сенің бір тал шашыңа да тең келмеспін деп жүруші ем, ия мен сенің бір тал шашыңа да татымаймын.Сондықтан саған деген сезімімді ішімде тұмшалап келдім.Құдай-ау қанша қыздың бір ақ сөзбен басын айналдырып алсам да, саған келгенде тас жұтқандай болам да қалам.Өзімді өзім танымай қалам.Сенің алдыңа келгенде ғана қауқарсыз екенімді сезіндірген сенің қандай құдіретің бар еді?! Кеше сенің жанарыңнан сорғалаған жасты көргенде, қасіреті қанына сыймаған Аралды көргендей болдым.Сенің сәбидей пәк көңіліңді тас түнек қылып, нұрлы жанарыңды мұңды жанарға айналдырған сол оңбағанды қарғыс атсын!Құдай ау, шынашақтай қыздың шақшадай басына осыншама қасіретті үйіп төгіп беріп, сынағаның не?!Қыздың жұмбақ, нәзік жанының шыдамдылығы мен, ерлерге қарағанда нәзік жандылардың қайсарлы әрі батыл екенін сен маған дәлелдей түстің.Кешегі ақтарыла айтқан жан сырын менің ойымнан кетер емес, көз алдымда әлі де сенің жанарың… сенің мұңға толы ботадай көзің… Мен сенен дәмелі едім, осы кезге дейін «қарапайым қыздардың бірі ғой, жылы жылы сөйлесем бір күндері құшағыма жылынар, саған қолы жетпей жүргендердің алдында беделім өсіп, сені уысыма түсірермін бір күні»деген мақсатымды ойласам бейшараның күйін кешем.Осындай пасық ойларды мақсат қылған өз өзімнен жиіркеніп,ішкі дүнием оттай қайнайды.Сені жұбатып отырып, шын мәніндеде сендей алтынға менің тең емес екенімді сездім, сенің қасыңда шынында да менің темір ғұрлы қасиетім жоқ екенін өз өзіме мойындадым.Сенің жүрегіңе жол таба алмасам да,әрқашан сенің тілегіңді тілегім келеді.Иә, гүлді сүйсең тікенегімен сүй деген.Сенің бақытың бола алмасам да, сені бақытты етер жан табылса екен деп тілеймін...»
Көргенде сені көзіммен сөйлеп,
Тіл қатпай тіпті тұрып қалғаным
Жалт ете түсіп жылытты арманым
Сұлулығыңа сұқтандырдың да,
Сол шығар менен ырықты алғаның.
Тілімді жұтып тұрып қалғаным
Тамырына сыймай толқыды ма екен,
Тұңғиық терең тұнықтан қаным.
Салқынқандылығыңа шара жоқ істер
Неліктен сенің суықтау жаның?!
Содан ба, бәлкім, тұрып қалғаным — Тұрып қалғаным, тынып қалғаным?!
Кеудемде жүрген кесек еттің де,
Керегін сонда біліп қалғаным…
Күш алғанменен күдікті арманым,
Жасандылықтың бұзып қорғанын,
Жаныңа барып жасқанып қалдым
Неліктен сенің суықтау жаның?!
Бұл тағдыр маған бүгіп бармағын,
Өзіммен қоса үмітті алдадым
Жалғанда мынау жазмыштың жазған
Бес күндік көште кім ұққан заңын?!
Жұмбақ жаныңа жақындап барып,
Жабулы тұрған құлыпты аңдадым.
Құлыпты аңдадым
Аңдадым тағы
Басқа біреудің кілтті алғанын
Жөн шығар бәлкім қызықпағаным
Қайрылып қайта, соғармын кейін,
Ұмытпа жаным…
Ақ парақтағы ойлар: Сенің мұңды жанарыңа ғашықпын...

8 пікір

Ai_fariza
Ак паракка тогiлген тамшы сырлар. Махаббатка арналган талай жырлар. Ия, акыннын ерекшелiгi сол бар сырымызды ак паракка шимайлаймыз кеп. Акынга одан аскан бакыт жок шыгар.
maulen
Мұңды жанарың…
Махаббат жайлы сырды ұғалар кім?!
Ақпарақтағы жастардай мөлдір,
Аққандай болды құдды ғаламым!


Айтарға сөзім жоқ, тамаша!
zhanaai7
Рахмет Мәке!
akjoltay
zhanaai7
қайырлы күн! Әңгімелеріңіз керемет. республикалық басылымдардың біріне шығаруға қалай қарайсыз? жауабыңызды chuppi2004@mail.ru поштасына жазуыңызды сұраймын
zhanaai7
Кайырлы кеш, ұзақ күттіргеніме кешірім өтінем, жазбаңызды қазір көріп отырмын.
zhanaai7
шығара беріңіз қарсы емеспін.қайта рахмет айтар едім
m170785
Керемет, ұнады
jurnal_still
Жақсы жазылыпты, керемет. лайк)
Тек тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады.