Сезіне білу артығырақ

Ақ парақтағы ойлар /
Сіз өміріңізде шын сүйіп көрдіңізбе? Мүмкін, сүйіп көрген шығарсыз… Бірақ, көзбен көрмегенді жүрекпен сезіне алдыңызба?
Қазір менің алдымда, өмірге шын ғашық адам отыр.Иә, оның өмір сүруге деген құштарлығы біздерге қарағанда әлдеқайда күштірек.Неге дейсізғой, себебі, ол көзбен көрмегенді сүйе алады...Өмір оны жақындарынан ерте айырса да, ол өмірді сүйе білді.Өмірді сүю арқылы кез — келген сынақты күліп қарсы алды.
Басынан баяндайын…
Түймеш апай бұл ауылдың тұрғыны болғалы 30 жылдан асып барады.Ал, «ескі ауылдың» тұрғыны атанғалы бері, міне, бақандай он жыл өтіпті.Кезінде, шағын ғана ауылда, небары жиырма шақты үй болатын.Қазір, ұлғайып, ауыл екіге бөлініпті.Жоғары жақта зәулім, биік үйлер орналасқан. Ол, «жаңа ауыл» деп аталады екен.Ал, «ескі ауылда» тек қана Түймеш апайдың үйі қалыпты.Босағадан кіргенде, төбеге басың тірелетіндей, шағын ғана екі бөлмелі үйде бүкір кемпір мен соқыр қыз тұрады… Жеті жасында әке шешесінен айырылған Ғалия, әжесінің қолында тәрбиеленді.Немересінен жетімдіктің тауқыметін жасырған Түймеш апай, Ғалияны қызғыштай қорып өсірді.Бары да, нары да немересі болатын.Көзі тірісінде қатарынан қалдырмай, оқытып, тоқытып жалғызын адам қылу арманы еді…
Қара кешке дейін құмары қанғанша, далада ойнайтын ойын баласының кешке келіп, сілейіп ұйықтайтын әдеті ғой.Күнделікті ойыннан кейін,әжесінің жанына қисая кеткен бүлдіршіннің ертесіне соқыр болып оянатынын кім біліпті?!
— Апа, апаа деймін…
— Ау, құлыным?
-Апа, қайдасыз? Неге барі қараңғы?
— Құлыным — ау, енді мені қорқытайын дедіңба, әлде бұл қалжыңыңба? Көз алдыңда отырмынғой жарығымау.
— Апа, мен сені көрмей отырмын. Түндегі атаның жауып кеткен орамалын алыңызшы сонда мен сізді көремін.
— Қайдағы ата,Ғалияш не деп кеттің?
— Апа мен түнде түс көрдім.Түсімде ата келіп менің бетіме ақ орамалын жауып кетті.содан кейін айналамның барлығы су қараңғы…
Иә, содан бері айналаның бәрі су қараңғы.Жарық сәулені бір көруге зар болған жанарлар, неше түрлі ем домды қабылдаса да, сол қалпында қала берді.Осылай Түймеш апайдың жалғыз қуанышы, мәңгілік уайымына айналады.Ғалия уақыт өте келе,қараңғылыққа да үйрене бастады.Ол, осы уақытқа дейін байқамай келген апасының аялы алақандары мен терең әжімдерін қолмен ұстап қана сезетін.Көзі көрмесе, жазу — сызу десе алдына жан салмайтын.«Жаңа ауылдың» тұрғындары Ғалияның өнерін бағалап, арасында келіп, аз — маз тиын тебендерін тастап кететін.Осылай «ескі ауылдың» бүкір кемпірі, соқыр немересін жетектеп, біраз жылды артқа тастады.Қарттықтың ауылы жақындап,қимасымен қоштасып, ол да ана өмірге аттанды.Енді, «ескі ауылда» жалғыз ғана соқыр қыз тұрады.
Жалғыз қалғанын сезсе де, ол мұңаймайтын.Оның армандары тек қана қағаз бетіне шимайланған суреттермен шектеліп жатты.Ғалия Портреттен басқасының барлығын сала білетін.
«Жаңа ауылдан» күніне бірнеше адам келіп Ғалияның керемет туындыларын тамашалайтын.Оның ішінде бейтаныс жігіт те бар.Жұрт тиын тебен тастаса, ол бір шоқ раушан гүл қалдыратын.Ғалияға жалғыздықты сездірмеген де осы раушан гүлдер болатын.Өмірге ғашық қыз, жүзі бейтаныс жігітке де ғашық бола білді.
— Өмірімде бір рет қана портрет салып көрдім.Ол бейтаныс жігіттін портреті.Сіз жарыңыз бен балаларыңыздың жүзін өміріңізде бір ақ рет көре алмау қандай қиын екенін білесіз бе? Сол сияқты соқыр әйел мен соқыр ана атанудың қандай қиын екенін білесіз бе? Ол қиындықты жеңе білу үшін шынайы сүйе білу керек.Адамның ішкі жан дүниесіне ғашық бола білу, көзбен емес жүрекпен көре білудің нәтижесі.Мен тағдырыма ризамын.Өмірдің өзі мені сүюге үйретсе, неге маған өмірді сүймеске? Көре білу емес, сезіне білу артығырақ! — деп өз сөзін аяқтады…

0 пікір

Тек тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады.