Екпін жобасы: Сүйікті мекен - Куала Лумпур

Әлемге саяхат /
Садық Шерімбек: Куала Лумпур туралы

Өзім шетелге шыға бастағалы бері Еуропа немесе АҚШ-қа баруды ойланып көрмеппін. Көбінесе Азия елдеріне тартып тұрады. Азия елдерінің ішіндегі ең ұнаған және ең сүйікті болған қала – Куала Лумпур. Малайзия Корольдігінің астанасы!

Қоғам. Шымкенттен алғашқы рет барған кезімде үйрену, әрине, қиын болды. Ол жаққа барған соң, өзіміз қатарлы білім алып жүрген қазақ жастарының қасына орналастым. Жалпы, көпшілік азамат шет елге шыққан кезінде іштей патриоттық максимализммен шығады. Ол жақсы ғой. Бірақ, оған сәл қызбалық қосылса, жағдай қиындау. Бізде кейде көшеде кетіп бара жатқаныңда біреуді байқамай иығыңмен қағып кетсең, жоқ дегенде алара қарап, аяқ жағы төбелеске ұласып жатады. Халық көп жер болған соң ондайлар болады ғой. Біреуді қағасың, біреу сені қағады. Үнді және қытайларды көшеде көрсем, тиіскім келіп, байқамай соғып кететін кездер де болған. Бірақ, ол жақтың халқы ашуға ерік бере бермейді әдетте. Тіпті, сен соғып тұрсаң да, сенен «Sorry! Sorry!» (Кешіріңіз, кешіріңіз!) деп кешірім сұрап кетеді. Бір қызығы, бірнеше аптадан соң өзім де солай кешірім сұрауға үйреніп қалыппын.

Малайзия – біз секілді көпұлтты ел. Оның үстіне ресми түрде Ислам мемлекеті бола тұра, қаншама дін өкілдерін бір шаңырақта ұйытып отырғандары қол соғатын жағдай. Мұнда малай, қытай, үнді, корей ұлттарын өте жиі көресіз. Малайзияда халықаралық тіл – ағылшын тілі. Әдетте баратындардың көбі ағылшын тілін ғана үйреніп, сонымен-ақ жүре береді. Меніңше, бұл дұрыс емес сияқты. Мәселен, бізге шетелден адамдар келіп, қазақ тілін емес, орыс тілін үйреніп жатса, ашуланатынымыз рас. Сол секілді, егер Малайзия еліне барып жатсаңыз, ағылшын тілінен бөлек, белгілі бір уақыт мерзімінде суын ішкен малай ұлтының тілін сол ұлтқа құрмет ретінде үйреніп алсаңыз артықтық етпейді.

Аталмыш айдардың алдыңғы сандарында Жанна досым Фукуоканың жақсы жері – аэропортқа жету 10 минуттай уақытты алады деген екен. Ал, бұл жөнінен Куала Лумпур қаласында — мәселе. Аэропортқа жету қиынның қиыны. Кептелістер болмағанымен, АП қаладан 50 шақырымдай тыс жерде орналасқан. Жалпы, Куала Лумпурдың жолдары теңіз сияқты. Қандай көлікпен жүрсең де, кемеде кетіп бара жатқан сияқты қалқып һәм балқып жүресің.

Өмір сүру. Өмір сүру біздің Алматы және Астана қалаларынан қарағанда арзандау деп айтуға болады. Сондықтан кей жағдайларда Алматыда оқу мен Куала Лумпурда оқудың шығыны бірдей болып жатады. Қыздарды қайдам, бірақ, жігіттер үйде тамақ жасауды ұмыта бастайды. Өйткені, көшеде арзан бағадағы үнді немесе қытай асханалары өте көп. Таңертең жұмысқа яки оқуға кетіп бара жатқан кезіңізде отбасыларымен келіп асханалардан тамақтанып отырған адамдардың көруіңіз ғажап емес.

Білім. Куала Лумпурда жүрген қазақтардың барлығы дерлік оқу мақсатымен барған студенттер. Кей университтерде оқып жатқан қазақстандықтардың саны 500 адамнан ойланбай асып кетеді. Бұл дегеніңіз – біріншіден, білімнің қолжетімділігі болса, екіншіден, Қазақстан азаматтарының Малайзия елінің білім жүйесіне сеніммен қарағандығы болса керек.

Малайзияда аталмыш қазақстандық студенттерден құралған ұйымдар бар. Жиі-жиі жиналып әр түрлі шаралар өткізіп тұрады.

Табиғат. Енді бұл жағынан келгенде бұл елге тең келе қоятын елдер аз шығар. Өзіме қыстан гөрі көктем, жаз уақыттары өте ұнайды. Мұнда жыл он екі ай +30 градус жылы болып тұрады. Қаланың ішінде ағаштар өте көп болғандықтан кейде ыстық ауа райын сезе де бермеймін. Маған әсіресе, мұндағы жаңбырлы мезгіл ұнайды. Сондай уақыттарда балконның есігін сырып тастап, көпқабатты үйдің жоғарғы жағынан сіркіреп жауып жатқан жаңбырдың көрінісіне қарап отырудың өзі керемет сезім ғой.


Жол жүру. Куала Лумпурда қоғамдық көліктердің барлығы дерлік бар. Жалпы, қажетті жеріңізге жету қиындық туғызбайды. Мерзімдік автобустар, Метро, Монорельстер қаланы шыр айналып ытқи береді. Өзім Куала Лумпурда Букит Джалил деген шығынауданда тұрамын. Бұл Куала Лумпурдың орталықтан сәл шеттегі ауданы. Осы уақытқа дейін жол мәселесі туындаған жоқ. Егер орталықта кешке дейін қалып қойсам, кез келген такси үйге дейін алып келіп тастайды. Бағалары да көңілге қонарлық.

Саяхат. Егер бұл қалаға келе қалсаңыз, Куала Лумпурдың өзінде де баратын керемет орындар көп. Бір қызығы, бұлардың әкімшілік ауданы негізгі қаладан бөлек тұрады. Сондықтан, әкімшілік ауданның өзін көріп қайту да бір ғанибет. Сонда әлемге танымал Ханзада мешіті бар. Одан бөлек қаланың ішінде әр түрлі аттракциондар, гольф орталықтары көп. Бірақ, табиғи нәрселер іздесеңіз Batu Caves деген жерді ұсынар едім. Ол жер мыңдаған жылдық тарихы бар, қиын қыстау кезеңдерде жергілікті тайпаларды панасына алған тарихи орын. Қазіргі уақытта оның ішінде кішігірім будда ғибадатханасы бар. Үнділерді жиі көресіз. Маймылдарды да. Егер қаланы тар көріп жатсаңыз, Малайзияның өзінің көптеген туристік аралдары бар. Ұшаққа отыра қалып Langkawi сияқты керемет аралдардың біріне тартып кетсеңіз болады. Яки тарихи жәдігерлерге бай Джоржтаун қаласына барсаңыз да өкінбейсіз. Осылардың барлығына да Куала Лумпур қаласынан арзымаған бағаларға жетіп бара бересіз.

Негізі, көбірек мәлімет беруге де болатын еді. Бірақ, көп естігеннен бір рет көрген жақсы. Ең сүйікті мекенім – өз Отаным. Өз туған жерім Оңтүстік Қазақстан. Мүмкін, Куала Лумпур мен Шымкенттің арасындағы кейбір ыстық ұқсастықтар үшін ұнатып қалған болуым керек. Қайда жүрсек те, қазығымыздың қайда қағылғанын естен шығармауымыз шарт.

Сапарларыңыз сәтті болсын!

Сұхбаттың түпнұсқасын Екпін жобасынан оқысаңыздар болады.

7 пікір

gulli
керемет! маған ұнады,
ereke_enu
Табиғатына әңгіме жоқ, өзгеше екен. Жарайсың
Azamat
Басқа елдерге сапар шегу арманым! Әзірше Атырауымнан аса алмай жүрген бетім бар! Әзірше…
+1
Атыраудың басқа қалалардан қай жері кем?! )) Әрине әлемді аралаған өте тамаша…
Маған бұл әңгіме ұнады. Өте қызықты екен. Енді егер де Куала Лумпурға баратын болсам, өзімді қалай ұстайтынымды білемін.
Куала Лумпур керемет қалалардың бірі екен. Бірақ әрине туған елім өзіме ыстық.
Рабатова Әсел 7«В»
Маған бұл әңгіме ұнады. Бұл әңгімені оқып, өзім де Куала Лумпурға сапарға шыққым келіп кетті.Ол жер туралы бұрын естіген болатынмын. Көп баспалдақтан өтіп бір есткерткішті кездестірсең арманың орындалады деп айтқан. Бірақ ол шын емес деп ойлаймын. Жаңа ғана «Бату сайтына саяхат» деген видеоны көрдім. Іші ғажап болғанымер кішкене кір екен. Онда көптеген үнді адамдары жүреді екен. Бұл әңгімеден озіме көп мәлімет алдым. Рахмет сіздерге!
Аруза 7В
Ғажап! Шынымды айтсам, өзімнің осы әңгімеге қызығушылығым тез оянып кетті. Ең маңыздысы, Куала-Лумпур Малайзиядағы табиғаты әсем, көрікті қала, және соны біле тұра өзіміздің мына Қазақстандағы азаматтар жан-жақты болып,ізденгеніміз дұрыс. Қайта осыншама мәліметтердің барлығын жазғандарыңыз үшін рахмет! Сіздердің арқаларыңызда көпті біліп, жаңа мәліметтер қабылдадық!!! хехех)))
Сабденова Жанель 7В сыныбы)))))
Тек тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады.