«Оңбаған» 10 ойыншы

Әлемге саяхат /


Әр жылдары жасыл алаңда жасындай жарқылдаған жігіттер өз аты-жөндерін әлемдік футбол тарихында алтын әріптермен жазып кетті. Әркез еңбектеген баладан бастап, еңкейген қартқа дейін олардың есімдерін ерекше құрметпен айтады. Бірі – сұрмерген шабуылшы, бірі – тасқамал қорғаушы, бірі – әйгілі қақпашы болды. Олар өрелі өнерімен миллиондаған жанкүйерлердің жүрегін жаулады. Ондай мықтылар жайында талай кітап, баспасөз беттерінде талай дүние жазылды. Керемет кино түсіріліп, теледидардан қызықты сюжеттер көрсетілді. Бір сөзбен айтсақ, теңбіл доптың теңдессіз шеберлерінің талайының көзі тірі кездерінде-ақ аттары аңызға айналды.

Жуырда шетелдің танымал бір сайтында жасыл алаңда дөрекі ойын көрсетіп, асқан қатыгездігімен танылған ойыншылардың тізімін жария етті. Олар көпшілік көңілінен шығатындай ойын өрнегін көрсеткеннен гөрі, қарсылас команда мүшелерінің аяғынан тебуге құштар болды. Ауыр жарақаттауға асықты. Соның салдарынан талай мықтының бағы байланды. Талай саңлақтың сағы сынды. Ал кейбіреулері үлкен спортпен қош айтысуға мәжбүр болды. Сол «Оңбаған ондықтың» қатарына мына ойыншылар енген екен:
Андони Гойкоэчеа (Испания)
1975-1987 жылдар аралығында Ан­дони Гойкоэчеа Бильбаоның «Атле­тик» клубының қорғаныс шебінде ойнады. Одан кейінгі 13 жылды Мадридтің «Атлетикосында» өткізді. 1983-1988 жылары Испанияның ұлттық құрамасы сапында өнер көрсетті. Сол аралықта оның өзгелерге көрсетпеген қиянаты жоқ. Қарсыласының аяғынан тебу, шалып құлату, арқасынан итеру, ту сыртынан ұрып жіберу, бетіне түкіру, ақыр соңында төрешілердің алдында түк білмегенсіп тұра қалу – Андонидің үйреншікті әдеті болатын. Сол әрекеттері үшін ол «Монстр» және «Қасапшы» деген лақап аттарды иеленді.
1983 жылы Гойкоэчеа «Барселонаның» беткеұстары Диего Марадонаның артынан келіп, тірсегінен оңбай тепті. Соның салдарынан футбол жұлдызының аяғы сынып, бірнеше ай бойы ауруханада жатты. Бір қызығы, әлгі әпенде Марадонаны жарақаттаған бутсысын осы күнге дейін үйіндегі қонақтарды күтетін бөлмеде әйнектің астында дәп бір экспонат ретінде сақтап жүр екен. Гойкоэчеаның «ерлігі» сол оқиғамен ғана шектелмейді. Ол 1984 жылы «Барселонаның» жартылай қорғаушысы Бернд Шустердің тізесін сындырды. Алғы шепте құйындай жүйткіген «Реалдың» шабуылшысы Уго Санчестің шашынан ұстап, гол соғуына мүмкіндік бермеді. Бұл оқиғалардың барлығы төбелеспен аяқталды. Бұл «іске» тек қос команданың ойыншылары ғана емес, бапкерлері мен дәрігерлеріне дейін араласқан екен.
Марко Матерацци
2006 жылғы әлем чемпионатының ақтық айқасында Францияның беткеұстары Зинедин Зидан қарсыластар командасының қорғаушысы Марко Матерацциді төсінен баспен ұрғаны үшін алаңнан қуылғаны миллиондаған жанкүйерлердің есінде. Салқынқанды Зиданның неге осындай әрекетке барғаны көп ұзамай белгілі болды. Италияның футболшысы оның қа­рындасын «жезөкше» деп балағаттаған екен. Нәтижесінде Францияның жұл­дызы алаңнан қуылды. Кездесу тең аяқталып, айып доп соғудың нәтижесінде Италия құрамасы жеңіске жетті. Осы оқиғадан кейін-ақ жанкүйерлердің көбі Матерацциді жек көріп кетті.
Кейін білдік, Марконың оңбаған ойыншы екенін. Ол ойын барысында қарсыластарын балағаттап, намысына тиетін сөздер айтып, ашуландыруды әдетке айналдырған. Көп жағдайда ашуға булыққан ойыншы білгенінен жаңылады немесе қарсыласына жұдырығын ала жүгіреді. Матерацциге керегі де сол. Осындай әрекеттер арқылы ол талай футболшының алаңнан қуылуына өзіндік үлес қосты. Мы­салы, 2003 жылы Италия чем­пионатындағы кездесудің бірінде «Миланның» шабуылшысы Ан­дрей Шевченконы жейдесінен жұлқылап, байқамағансып бетінен ұрып, үстіне түкіріп, ақырында екі бұттың арасынан тепті. Келесі жылы «Сиенаның» қорғаушысы Чирлломен төбелесіп, оның мұрнын сындырды. Чемпиондар лигасы ойынында «Вильярреалдың» капитаны Хуан Пабло Сориннің бетінен шынтақпен ұрды. Тізе берсек, Марко Матераццидің спорттық өмірбаянында осындай оқиғалар өте көп.Винсент Джонс (Уэльс)
Джонс 1984-1999 жылдар аралығында Англияның түрлі клубтарында ойнады. Төрт жыл Уэльстің ұлттық құрамасы сапында өнер көрсетті. Өзінің спорттық өмірбаянында ол 12 рет алаңнан қуылды. Алаңға шыққан бетте ескерту алған кездері де жоқ емес. Бірде Винсент қарсы жақтың ойыншысы Пол Гаскойнды өзінің құрсауынан шығармау үшін екі бұтының арасынан мықтап қысып ұстаған екен. Дәл сол жігіт ағылшындардың белді қорғаушысы Гэрри Стивенсті ауыр жарақаттады. Стивенс сол сырқатынан айыға алмай, футболмен қош айтысты. Айта берсек, оның басқа да «ерліктері» жетерлік. Мәселен, 1992 жылы ол «Жесткие парни футбола» деп аталатын бейнефильмге түсті. Фильм барысында Джонс жасыл алаңда қандай қатыгез әрекеттер жасауға болатындығын айтып, көпшілікті қызықтыруға тырысты. Сол үшін Англияның футбол қауымдастығы 20 000 фунт стерлинг көлемінде айыппұл төлетті. 1988 жылы Винсент Джонс өнер көрсететін «Уимблдон» клубы финалға шыққанда белді бір басылым: «Талай атақты аяқдоп шеберлері бұл жүлдеге қол жеткізе алмай кетті. Ал егер оны құрамында Джонс секілді ойыншысы бар команда ұтатын болса, бұл «футбол» деп аталатын қастерлі өнерді масқаралау» деп жазды.
Үлкен спортпен қош айтысқаннан кейін Винсент актерлік кәсіпті таңдады. Ол танымал режиссер Гай Риччидің «Карты, деньги и два ствола» деп аталатын фильмінде баукеспе бандит – Үлкен Кристің рөлін сомдады. Содан кейін-ақ оның даңқы шартарапқа тарады. Бұрынғы футболшы 50-ден астам киноға түсті. «Большой куш», «Угнать за 60 секунд», «Пароль Рыба-Мечь», «Люди Икс: Последняя битва», «Капкан времени», «Ночь в «Золотом орле» және «Джонни Динамит» сынды фильмдері түрлі халықаралық фестивальдерде жүлде алды. 2010 жылы ол Қазақстанға келіп, Ақан Сатаевтің «Ликвидатор» деген триллерінде киллер болып ойнады. Сонымен қатар ән айтып, альбом шығарды. Жарнама роликтеріне түсті. Журналистік кәсіпке араласты. Бірақ атақ-даңқ, мол ақша оны еш өзгерте алған жоқ. Винсент талай рет ішімдікке сылқия тойып алып, көлік жүргізді. Мейрамханалар мен қонақүйлерде жанжал шығарды. Көршісін соққыға жығып, істі болды. Қазіргі кезде оған «Virgin Atlantic» әуекомпаниясымен ұшуға рұқсат жоқ. Өйткені ол осыдан бірер жыл бұрын ол ұшақтың ішінде төбелескен болатын.

Базиль Боли (Франция)
Сексенінші жылдың басынан Базиль Боли тоқсаныншы жылдардың екінші жартысына дейін Франция, Шотландия және Жапонияның бірқатар белді клубтарының намысын жыртты. Жеті жыл бойы Франция ұлттық құрамасының сапында ойнады. Қара нәсілді еңгезердей жігітке 20 метрдей жерден қарсыластар қақпасына баспен гол салу аса қиынға соқпайтын. 1993 жылғы Чемпиондар лигасының финалында «Миланның» қақпасына соғылған жалғыз доптың авторы атанған Боли Марсельдің «Олимпик» клубының аталмыш жарыстағы бас жүлдені олжалауына сүбелі үлес қосты. Әрине, осы қасиеттері үшін жанкүйерлер оны жақсы көрді. Бірақ сонымен қатар ол дөрекі мінезімен танылды. 1992 жылғы Еуропа чемпионатында Англияның ойыншысы Стюарт Пирсты баспен ұрып, бетін қанға бояды. Еурокубок жолындағы бәсекелердің бірінде қарсыластар командасының шабуылшысы Жан Пьер Папенге «Көп тыртыңдайтын болсаң, өлтіремін» деп айбат көрсетті. Базиль­дің мінезі жаман екенін Папен жақсы білетін. Бұрынғы командалық әріптесі­нен қаймықты ма, әлде басқа да себеп­тері болды ма, әйтеуір, сол матчты әй­гілі футболшы тым сүреңсіз өткізді. Сон­дай-ақ сол кездесуде Боли даңқты Марко ван Бастеннің өзін сабай жаздады.

Вилли Вудберн (Шотландия)
Алғашында регбиді серік еткен Вилли Вудберннің кейіннен футболға аңсары ауды. Оның спорттық карьерасы ұзаққа созылған жоқ. «Глазго Рейнджерстің» сапында ойнаған ол регбиде үйренген тәсілдерін футболда қолдана бастады. 1947 жылы «Мазервельдің» ойыншысымен төбелескені үшін Виллидің 14 күн бойы жасыл алаңға шығуына шектеу қойылды. Бұл жазадан ол тиісті қорытынды шығармады. Кейіннен де бірқатар бәсеке барысында жанжал шығарды. Дөрекі мінез көрсетіп, қарсыластарын жағадан алды. Бір матчта, тіптен біреудің басын жарған екен. Сол үшін Вудбергтің мәселесі Шотландия футбол қауымдастығының арнайы комиссиясында қаралды. Бұл жиын небары төрт минутқа созылды. Нәтижесінде қазылар алқасы өзара ақылдаса келе, айтулы ойыншыны өмір бойы футболдан шеттету жөнінде қатаң шешім қабылдады.

Карл Сеста (Австрия)
Өткен ғасырдың 30-жылдары фут­болдан Австрияның ұлттық құрамасы мықтылар санатында болды. Атақты бапкер Хуго Майзель баптаған заманда аталмыш елдің теңбіл доп шеберлерінен көптеген күшті деген командалары қаймығатын. Міне, сол құраманың сапында Карл Сеста өнер көрсетті. Бойы 2 метрден асатын еңгезердей қорғаушы өзінің дөрекілігімен де танылды. 1934 жылғы әлем чемпионатының іріктеу турнирінде Болгария құрамасының ойыншысы Борислав Грабовский австриялық Вальтер Наушаны аяқтан теуіп, жерге жықты. Әріптесінің кегін Сеста алды. Ол Грабовскийді шынтақпен ұрып, мұрнын бет қылды. Сол мезетте болгариялық бірнеше ойыншы оған жабыла кетті. Карл олардың барлығын сабап тастады. Әлем чемпионатының ширек финалында ашуға булыққан Австрияның алыбы бағананы теуіп, майыстырып тастады. Онымен қоймай, қарсыластардың шабуыл өтінде жүрген ойыншыларының бірін баспен ұрып, қабағын жарды.

Сондай-ақ «Хайуан» Эдмундо Алвес де Соуза Нето (Бразилия), «Бұзақы» Леонель Санчес (Чили), «Боксшы» Томми Смит (Чили) және «Хирург» Марко Тарделли (Италия) сынды жігіттер дөрекі
10 ойыншының қатарына
қосылған екен. Негізі, футбол әлемінде «шаш ал десе, бас алатындар» аз емес.
www.alaman.kz/?p=30861

6 пікір

meirambek95
Бұлай басқа сайттан көшірмешиш
kuka097
Астында сілтемесі тұрғо бауырым қарашиш..!
KILYZAMAN
Мысалы аламан сайтының бар екенін осы жерден көрсемше?
kuka097
Жазба астын қарасаң көресің..!
KILYZAMAN
Мейрамбек95 ке арналып еді...;-)
Тек тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады.