Ерсіз қоғамның қасіреті.

Әлеуметтік сауалнамалар /
Өзім қолданушыларды копипастыққа абай болуға шақырсамдағы, мына бір мақаланы көшіріп жарияламауға дәтім бармады. Мүмкін қазіргі қоғамдағы бір белең алып отырған жағымсыз құбылыс болғандықтан, немесе көптен бері ішімді жегідей жеп, толғандырып жүрген мәселе болғандықтан болар, жоқ әлде бәрібір бұл автордан артық жаза алмайтындығымды мойындағандықтан болар,әйтеуір көшіріп жариялағым келді.Мақала орта жастағы біздерден көрі жастарға берері көп болғандықтан ұзақтығына қарамай шыджамдылық танытып оқып шығарсыздар деп сенемін.
"Қымбатты, Милләтжан, бір үйге бір ер азамат керек қой", – деп мұртын бір сипап қойып, Қожаның шешесін айналшықтап шықпай жүретін Қаратай естеріңізде болар. Расында, сол айтқандай, бір үйге бір азамат керек-ақ. Бір үй ғана емес, қазір бүкіл қоғамда ер азамат тапшылығы байқалатындай. Әсіресе, бала тәрбиесінде. «Әке көрген оқ жонар» деуші еді… Қорқытқанымыз емес, бірақ қазір қоғамда әкенің айбынды тәрбиесін көрмеген жасқаншақ, жасық балалар легі өсіп келеді. Неге? Мұның бірнеше себебі бар.

«Көкек» ұғымы анаға емес, әкеге телінуі тиіс
Биологиялық жағынан баланың пайда болуына қатысы болғанмен, содан соң «іс бітті, қу кетті» дегендей, зым-зия жоғалатын «көкек әкелердің» кесірінен бүгінде баланы «өзі үшін» туатын жалғызбасты аналардан аяқ алып жүргісіз болып кетті.
«Көкек әке» демекші, әдетте «көкек» атауын баласын тастап кеткен аналарға телиді, алайда осы бір жағымсыз тіркестің тууына ықпал еткен көкек құстың расында ұрғашысы емес, еркегі екен. Қалай дерсіз? Аналық көкектің жұмыртқалағанын көрсе бітті, аталығы әлгіні әй-шәй дегізбей жеп қоятынына орнитолог ғалымдар зерттеу барысында көз жеткізген. Соны білетін ана-көкек «басқа құстың бауырында өссе де, балапаным аман жүрсін» деп жұмыртқасын жат ұяға тастап кетеді екен. Сондықтан біз көкек ұғымын аналарға емес, баласын балағынан саулатып кете беретін қатігез әкелерге қарата қолдансақ, дұрысы сол болатын сияқты.
Міне, сондай «көкек әкелер» зауалы қазақты да жайлағалы аз болған жоқ. «Қыздай жесір» деген теңеу баяғыда небары бір күн ғана жар құшағын көріп, ертесіне ер азаматын майданға шығарып салған, кейіннен қара қағаз алса да, ерінің көз жұмғанына сенбей, өле-өлгенше күтумен өткен қыз-келіншектерге айтылушы еді. Енді бүгін ай-күннің аманында күйеу көрмей, оң жақта отырып босанған келіншектерді солай «қыздай жесір» атамасқа лаж жоқ. Тоғыз ай толғатып, перзентханадан сәбиін жалғыз өзі құшақтап шығатын келіншектердің келешегін кемел деуге аузың бармайды. Жә, албырт шақта ойнап жүріп от басыпты десең бір сәрі, ал енді бүгін ақыл тоқтатқан қыздардың арасында «өзі үшін» бала босану үрдісі пайда болғанын қалай түсінеміз?
«Өзі үшін» дегеннен шығады, бірде ауқатты қазақ әулеті қонаққа шақырды. Барсам, қыздары перзентханадан шығып, соған өздерінше шілдехана жасап жатыр екен. Ойымда ештеңе жоқ, «күйеу балаларыңыз қайда, көрінбейді ғой?», – деген сұрақ тууы мұң еді, әлгі үйдің отанасы «қызымыз күйеуге шыққан жоқ, өзі үшін туып алды», – деп қарап отыр. Қапелімде не дерімді білмей, «тілім жазықты» деп жер шұқып қалғаным. Баяғыда қызы оң жақта отырып жүкті болса, шілдехана жаса­мақ түгіл, ел бетіне қарай алмайтын қазақ қазір қалай өзгерген? Әлгі «қы­зымыз өзі үшін туып алды», – дейтін отанасы қызының сол қылығына өкініп-опынып отыр дейтін емес, қайта жүзі­нен қалай болғанда да, немере сүйгізді ғой деген қуаныш лебі сезіледі.
Ондайлар, расы керек, ата-баба ұстанған қан мен тек тазалығын ескінің қалдығы, көненің көншігі көретіні жасырын емес. Оның үстіне Батыс қоғамындағыдай «өзі үшін туып ал­ған» анасының ерке-шолжаң ұл-қыз­дарының алды желкілдеп өсіп қалды. Сосын да бүгін ондайларға «ищә» десіп бет шымшып, көз алартпайтын болдық. Етіміз өліп кеткен… Ұлттың рухсыздануы осы шығар бәлкім?..
Қазақта «ет бұзылса тұз себерсің, тұз бұзылса қайтпексің?» деген көр­генді сөз бар еді. Сол еріксіз тіл ұшыңа
орала береді.

Баланы баулу «жұртта қалып қойды-ау» сірә?..
Жоғарыда айтқанымыз, әке «көр­меудің» тура мағынасындағы бір ғана мысалы. Ал енді әкесі бола тұрып, оның тәрбиесін көрмейтін, әкесі барын сезінбейтін балалар қан­шама?! Барлығы деп көпке топы­рақ шашпай-ақ қоялық, дегенмен қазақ отбасыларының 80 пайызында бала­лардың тек ана тәрбиесімен өсіп келе жатқаны ащы да болса ақиқат. Қазақ азаматтарының көпшілігі отбасындағы өзінің ең басты міндетін тек әйелі мен баласын аш қалдырмай, асырау ғана деп түсінеді. Сенбесеңіз, гинеколог дәрігердің есігінің алдына бір барып көріңіз, жанында сүйеу-сүйеніші жоқ, аяғы ауыр қазақ әйелдерін көрер едіңіз. Сонымен, жарық дүниеге келгеннен кейін де үйде анасы, күтушісі де әйел, балабақшада да әйел тәрбиеші, мектепте әйел мұғалім, тіпті ЖОО-да да оқытушылардың басым бөлігі нәзікжандылар, қызмет орнында да қыз-келіншектер. Көзін тырналап аш­қаннан көргені әйел болса, ер азамат үлгісін бала қайдан алмақ? Әке мен бала арасында диалог жоқ. «Балам» деп ұлымен ашыла сырласатын ер азамат ілуде біреу ғана. Бәлкім, бір кездері оқ жонса да, баласын қасына ертіп жүретін әкелер болған шығар. Атқа отыруды да, үй тігуді де, мал жайғауды да бала әкеден үйренді.
Алайда, ол үрдіс қазақ көшпелі ғұмыр­мен қош айтысқанда, сол ескі жұртта қалып қойды-ау, сірә. Оты­рықшылық ұлтымызды малдан да, жаннан да айырғанын былай қойғанда, біртіндеп қазақы тұрмыс, салт-сана, әдет пен мінезден айырғанын бүгінде ешкім есепке де ала бермейді.
Әсіресе, кеңес заманында… Өтірік емес, о заманда әкелеріміз бес күн бел жазбай жұмыс істейді, сосын ең жаманы жұма намаздың орнына моншаға барып, ары қарай екі күндік ішуге ұласатын. Жаппай демалу үрдісі солай, өйткені. Жалақысы тұрақты, бүгінгідей артық дүние жинауға әсте болмайды. Мейлі оның барлығын қоя берелік, бір нәрсе анық, ол кезде ер азамат балаға тіпті алаңдамайтын. Баланы туатын да, бақшаға сүйреп апаратын да, дәрігерге қарататын да, мектептегі жиналысына барып, өсірген – анамыз. Кейін өсіп, біріміз бой жетіп, екіншіміз ер жеткенде бөтен біреудің баласын көргендей әкеміздің: «қалай тез өсіп кетеді-ей осылар?», – деп таң-тамаша қалып, өзінің бір кездері баласының тәтті шағын көрмегенін енді сезініп жатқаны…

Қызтекелер қайдан шығады?
«Қызтекелер қайдан шықты?» деп аң-таң боламыз кейде. Әрине, оның тікелей себебі бірыңғай әйел тәрбиесін көргеннен деп айтуға аузымыз бармайды. Бірақ ер азамат бейнесін бала қайдан алады дегеннен шығады, амал жоқ теледидардан, кинодан, әйтеуір өзінің аяғы жеткен жерлерден іздейтіні анық. Тіпті қызтекеленіп кетпесе де, әйел секілді ойлап, әйел секілді тым әсершіл, тым жұмсақ, уайымшыл болса да, ол-дағы жігітке жараспайтын қылық. Қыздан бетер кербез, бойын бұлғаңдатып, айна алдынан шықпайтын жігіт­сы­­мақтарды сіз де көріп жүрген шы­ғар­сыз? Корей сериалдарындағы актерлерге еліктеп шаш қоятын, соларға ұқсап қылымситын қыз мінезді жігіттер көбейіп кетті. Қыздардың да талғамы өзгеріп, идеалы сондай жігіттер боп барады. Жауырыны қақпақтай, мінезі салмақты, тепсе темір үзетін, бірсөзді, намысты деген сипатқа ие ер азаматтар қазір, шыны керек, жәдігерлікке айналып бара жатқандай ма?..
Әлқиссаны әкеден өрбіткен соң, әңгімемізді әкемен түйіндейік. Әрине, бала тек әкенің айтқанымен жүріп-тұрсын деуге болмайды. Себебі жазушы Дулат Исабеков ағамыздың повесінің желісі бойынша түсірілген «Гауһартас» фильмінің ең соңында қарт әке ұлы Тастанға қарап: «Егер бала атаулы әкенің айтқанымен жүрер болса, мына дүние өзгеріссіз қал­май ма?» демеуші ме еді?.. Жалпы қоғамда балаға үлгі болатын, балаға тәрбие беретін ер азамат жетіспейді. Осындайда бір ойың: «шіркін, бүгінгі қоғамға бір Рахманов ағай болса ғой!», – дейді. «Қап, мен Сұлтанның шырағын жаға алмадым-ау», – деп шәкіртінің кемшілігін өзінен көретін мейірімді ер мұғалімнің мектеп атаулының қабырғасынан бұлбұл ұшқаны қынжылтады?!.. Жалпы, осы екі фильмдегі кейіпкерлер, біріндегі әке образы, екіншісіндегі ер мұғалім образын қазіргіге үлгі ету арқылы, біз қазіргі қоғамдағы олқылықты көрсеткіміз кел­ген. Жігіттер отау құрғанда, өзінің әкелік жауапкершілігін сезінсе, баласына керек екенін білсе дейсің. Екіншіден, ұстаз деген қастерлі мамандар сапында айбынды ер азаматтардың саны көбейгенін қалайсың. Олай болмаған күнде, ерлік, өрлік, намыс деген нағыз ер жігітке тән асыл қасиеттерді біржола жоғалтып алуымыз кәдік.

Мәриям ӘБСАТТАР

www.halyksozi.kz

26 пікір

Aikona
Мәриям жақсы жазады
Jako
Сөз жоқ, келісемін.
Kan
Мен аяк жагына карай козимнен калай жас шыққанын аңғармай қалдым. Бұл шындыққой. Ер азамтар қайда намысы бар бәрі көкек болғаныма. өзі үшін бала табатын қыздар көбигеніде рас. Менде мұғаліммін мен қаншама Сұлтандардың шырағы жаға алмаған шығармын. мен өкінем ертеңіміз не болар екен.
Jako
Байқап қарасақ ұлдарымыз еркектік мінезден көрі,әйелдік ұяңдыққа бейімделіп бара жатқандай-ау, тағы соған мақтанамыз ғой.
ereke_enu
Қыздан бетер кербез, бойын бұлғаңдатып, айна алдынан шықпайтын жігіт сы мақтарды сіз де көріп жүрген шы ғар сыз? Корей сериалдарындағы актерлерге еліктеп шаш қоятын, соларға ұқсап қылымситын қыз мінезді жігіттер көбейіп кетті. Қыздардың да талғамы өзгеріп, идеалы сондай жігіттер боп барады
Осындай жігіттерге қалай қарайсыңдар, түсінбейм
Jako
Еліктеушілік,өмір де кинодағыдай деп ойлаушылықтан ғой.Бәленіңс басы содан басталады, кейін өмірдің кинодан мүлдем бөлек екенін ұққанда қиыншылықтар туындайды.
Jako
Рубен, бұл жерде бала құқы, гендерлік саясат деген қитұрқылықтар жатыр ғой. Болмаса «Ана,Әке, Бала»-деген үштағанда бірақ саясат, және оның аты жанұя болуы керек емес пе,әрі бұл үштағанның арасына сырттан ешкім тұмсығын сұқпауы керек емес пе.Ал қазір ше,үшеуінде үш саясат,әрқайсысының құқы бөлек қорғалуда, нағыз соғыс осы үшеуінің арасында жүріп жатыр.Сонан соң қалай жанұяда татулық болсын, тағы бір қорқыныштысы көбіміз осыны біреулердің әдейі тықпалап жатқанын түсінгіміз келмейтіні емес пе?
Jako
Әрине сананы саясатпен тұншықтырып отырсақ, басқа не болмақ. Бізге сырттан саясат іздеудің керегі жоқ, бұрынғы ата-бабаларымыздың салт-дәстүрін ұстансақ болды деп ойлаймын,әрине осы заманға лайықталған, шектен шықпайтын нұскада.
Kan
Атаның салтын ұстанар күнге жетсек, қой бірақ әттең ол бос қиялғой Жәке…
Jako
Мен де содан қорқамын.
Daniar_alan
ұрылымы ҚР-ға жақын Иран мен Түркияны алып қарасақ, аталған елдерді жаһандану жеп бітпеді.

группаласым Түркияда оқып келді. айтад: түнде жүре алмайсың дид. қан бұзылған. маньяктар көп. желкеден трубка тығып қан ішетіндері бар,-дид…

тақырыпқа қатысы жоқ… жәй айта салдым…
Kan
Айтседе көпке топырақ шашпайық. аз болсада бас болар азаматтардың барына өз басым сенеін.
Jako
Қанеке, бүл көпге топырақ шашу емес,өзіңді-өзің қамшылау ғой.Құдай біледі осы мақаланы жазған қыз қаршадай ғана болар, бірақ қарлығаштай шырылдап отыр.Ал Басын шайқаса жер қозғалатын көкелердің көзі соқыр ма,құлағы саңырау ма?
Zhanat
Мәримның жақсы жазатынмен таласым жоқ, оның бір мақаласын оқып сындым, оның жақсы журналист екеніне күмәнім жоқ, өзін реалда көргім келеді.
жалпы оның көп айтқандарына келісемін және де мойындаймын, қоғамызда осындай жайттардың барлығына
Jako
Тамаша мәселе көтерген екен, сайып келгенде «Ана,Әке, Бала»-деген үштаған біртұтас болғанда ғана толыққанды ұрпақ болады.
ereke_enu
Осы тақырыпта қолға алатын нәрселердің бірі: 1. Баланы жастайынан спортқа баулу.
2. ТВ-ға шектеу қою, кітап оқуға баулу. Ер жігіттің басында не қолында күш болу керек деп ойлаймын.
ТВ-ға ата-аналар көп көңіл бөлу керек.
Korkem
Не десек те болары болған дүние, бола да бері анық… Дұрысы, әркім өз отбасын, бала-шағасын, өзін мәдениеттілікке шақыра білсе, жамандыққа бастар жолдан тыйыла білсе болғаны. Сана-сезімі болса егер, әрине…

Мұндай қынжылтар жәттарды күнде көріп, сезіп-ақ жүрміз. Кейбіреулері тіпті жетелейді.
Біреу «біреуді сөз қылмас бұрын айнаға мұқият қарап алу керек» дегені бар, ып-ырас)))
Jako
Ия, Көркем,әрқайсымыз өзімізден бастауымыз керек, бірақ өзіміз деген тар шеңберде өз қарақан басымызбен шектеліп қалмауы керек.
VVVWWW
Кешірерсіздер, бірақ Мәриямдарың түк те ұнаған жоқ (мәселе актуальды болғанымен ешқандай тұщымды пікір жоқ), қысқасы, қысыр сөз деп баға берер едім
Korkem
мен бұл постты жәй ғана, Алик пен Рубеннің постына арналған жауап дер ем
Korkem
кім жарияласада бірібір емес пе? пыросты, аямай флудтар еді та мені)
Jako
Көркемнің жазған пікіріне түсінбедім.Алик кім, ал Рубеннің жазғанын жіберіп алған болармын, оқымаппын.
Jako
ruben
    04 қыркүйек 2012, 21:02
Түкке түсінбедім.
Jako
Манас, сол актуальді мәселені қозғауының өзі де ерлік емес пе, бәрі де қысыр сөзден басталады.Ешкім қозғамаса көмулі зат көмулі қалпында қалғаны қалған емес пе?
Jako
Менің пікірлерім біреуге ұнамапты-ау байқаймын,өлтіріп минустапты.
AL-ASTER
Ереуіл атқа ер салмай,
Егеулі найза қолға алмай,
Еңку-еңку жер шалмай,
Қоңыр салқын төске алмай,
Тебінгі терге шірімей,
Терлігі майдай ерімей,
Алты малта ас болмай,
Өзіңнен туған жас бала
Сақалы шығып жат болмай,
Ат үстінде күн көрмей,
Ашаршылық, шөл көрмей,
Өзегі талып ет жемей,
Ер төсектен безінбей,
Ұлы түске ұрынбай,
Түн қатып жүріп, түс қашпай,
Тебінгі теріс тағынбай,
Темір қазық жастанбай,
Қу толағай бастанбай
Ерлердің ісі бітер ме?


Ерлікті, жігіттікті, шыншылдық пен кеңпейілдікті жырлайтын Махамбеттей тұлғалардың өшпес мұраларын жатқа білетін еркек атаулылар көптеп бола берсін дегеннен басқа айтар жоқ.
Тек тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады.