ЛАТЫН ӘЛІПБИІ РЕФОРМАСЫНА ҚАРСЫЛЫҚТЫҢ МӘНІ НЕДЕ ЖАТЫР? (II БӨЛІМ)

Тұлғалар /
5 — қателік:

Әліпби ауыстыру арқылы мүшкіл халде тұрған тіліміздің жағдайын онан сайын әлсірететінімізді көп адамның түсінбейтініне қайран қалудамыз. Егер Жапонияда бала 12 жасқа келгенше тек өз ана тілінде тәрбиеленіп, бірінші кезекте ана қуатын бойына сіңірсе, бізде балабақшадағы нәрестеден және мектептерде 1-ші сыныптан бастап «Үш тұғырлы тілдің» салтанат құруы, әрі оған латын әліпбиіне көшу идеясының келіп қосылуы ана тіліміздің болашағын қанатсыз, мүлде ажарсыз етері даусыз.
Енді ең басты мәселеге, яғни, біздің үлкен қарсылығымызды тудырған екінші мәселеге назарларыңызды бұралық. Үндеуге қол қойған адамдардың бірімен, осыдан үш жылдай уақыт бұрын, Астанадағы Н.Назарбаев атындағы орта мектепте кездесу өткен. Әрине, көлемі мен жас оқырмандарға жасаған ыңғайлылығы мен қамқорлығы жағынан бұл білім ордасына тең келер мектепті тек Қазақстаннан ғана емес, күллі әлемнен табу оңай соқпайтын шығар. Осы мектепте оқитын бүлдіршіндердің 22 сыныбы қазақша, 22 сыныбы орысша білім алады екен. Ал орыс тілінде оқитындардың шамамен 90 пайызға жуығы қазақтар, негізінен билік басында жүргендер мен қалталы кәсіпкерлердің перзенттері болып шықты. Тура сол кезеңде Астанадағы қазақ балаларының 47 пайызы тек орыс мектептерінде оқитыны айқындалған-ды. Биліктің жасырын тапсырмасына орай, мұндай мәліметтер бұл кезеңде құпия ұсталады. Қазақ балаларының космополиттенуін зейін қойып зерттеген адам, еліміздің басқа қалаларындағы жағдай Астанадағыдан әлдеқайда сорақы екендігіне көз жеткізеді. Бірнеше жыл бұрын Президенттің өзі де қазақ халқының тең жарымынан астамы өз ана тілінде оқып, жаза алмайтынын айтқан еді. Өткен жылы билік маңындағы бір шенеунік «бүгінгі таңда қазақтардың тек 30 пайызы ғана ана тілін білмейді» деген жалған мәлімет таратты. Билікке осы мәлімет қолайлы. Әйтпесе, олар 2020 жылға дейін қазақша сөйлейтіндердің санын қалай 95 пайызға жеткізе алады? Ал, «Мемлекеттік тіл» қоғамдық қозғалысының мәліметіне сүйенер болсақ, қазіргі кезеңде қазақтардың 60 пайызға жуығы өз ана тілінде оқи алмайды, жаза алмайды. Міне, мәселе қайда жатыр? Енді осындай кезеңде «Латын әліпбиіне көшейік!» деген мақсат алдымызды орады.

Талдау:
Қазақ тіліне онсыз да «қайда барсаң да қорқыттың көрі, су аяғы құрыдым» екені белгілі емес пе? Қалай айтсаңыз да өшіп бара жатқан тіл. Оның латынмен қатысы қанша? Не үшін қазақтар қазақ тілін тастап, орысшаға ауысып жатыр? Мәселенің түп мәні қайда? Егер бір қазақ азаматы қазақ тілін үйренгісі келмесе, оның себебі неде? Ал бұл топтағылардың талдау әдістері тіптен күлкілі. Мәселенің түп мәнін іздемейді, жауапты айдаладағы айдан немесе аялдамадан іздейді.
Тіл жоғалуының ең үлкен себебі, меніңше ең басты себеп халқының тілге деген сенімінің жоғалуынан болады!
Сенім неден жоғалмақ?
(1) Ұлт халықы екі немесе одан да көп тілді болғанда, халықта таңдау орайы болады. Қазіргі қазақтар өз ана тілімен бірге орысша, қытайша, ұйғырша, моңғолша, өзбекше, түркіменше тілдерде сөйлейді. Бұл олардың таңдау мүмкіндіктерінің бар екендігін білдіреді.
(2) Ана тілдің қолданылуы қолайсыз болған жағдайда, еріксіз өзіне қолайлы тілге қарай ауысады. Қазіргі қазақ тілін жаңа технологияларда пайдалану өте қиын. Ал керісінше орыс, өзбек тілдерінің қолайлылығы анағұрлым жоғары.
(3) Тіл өзінің көркемдігінен айрылғанда, өзге көркемдігі жоғары тілге қарай ауысады. Кирилше жазылған қазақшаны оқу түгілі, оған қараулың өзі қиын. Ал сіз төте жазудағы (арап әрпіндегі) қазақшаны оқып көрсеңіз, мүлде басқаша – жеңіл, көркем әрі рахат, сүйсініп оқисыз. Сондықтан бұл «33+9» былықты тастамай, қазақшаны дамытпақ түгілі, оны жерлейтін боласыздар.
Қорытып келгенде тіліміз жоғарыдағы үш принципте (тұғырда) жеңіске жетуі керек. Оның жолы «Via Latin».
Қазіргі жағдайда орыс қазақ тілдерінде шекара жоқ. Бұл кімге пайдалы деп ойлайсыздар? Бұл ойлануға тиісті өте үлкен сұрақ. Сол қазақша білмейтін қазақтарымыздың өзі осы шекарасыздықтан пайдаланып ұялмай жүр емес пе? Қазақ тілі мен орыс тілі жазуы бірдей, айырмашылығы жоқ, орысша пайдалырақ деген сананы оларға осы кирил әліппесі сіңіріп отырады. Бұл жерде кирил әліппесі қазақтарды орыс тіліне өткізудің бейімдеу орталығы секілді рөл атқарып отырады. Сіз қазақша жазып-оқуды үйрене бастағаннан бастап орысшаны да үйрене бересіз. Ал енді латынға көшсек тіл мәселелердің барлығы шешіледі, құды балығымызды тормен сүзіп алғандай тілімізді тазарту мүмкіндігі туады. Сонымен қатар орыс тілімен шекарамыз айқындалады. Бұл күресуге ыңғайлы. Аларымыз және береріміз анық көрінеді. Мақсатымыз да анықталады. Әрі сол орыс тілді қазақтарымызға ана тіл жазуынан хабарсыздығына ұялу процесін тудыруы әбден мүмкін, әрі бұл ұялу процесі оларды ана тілін үйренуге жетелейтініне сенімім кәміл.


6 — қателік:

Қазіргі таңда елімізде, қазақ тілінде 500-дің арғы, бергі жағында ғана газет-журнал бар екенін, оның 300-і тек Шымкент қаласынан шығатынын көп адам біле бермеуі мүмкін. Латыншаға көшкеннен кейін ол басылымдардың таралымы күлкілі жағдайға дейін құлдырап, күрт төмендейді. Республикамызда 2500-ге жуық баспасөз тек орыс тілінде жарық көреді. Бұған қоса Ресей Федеративтік Республикасынан Қазақстанға жыл сайын 5 жарым мыңға жуық газет-журналдың келіп таралуы және Қазақстан қалаларындағы кітап дүкендерінің бәрінде дерлік 80, 90, 95, 100 пайызға дейін тек Ресей баспаларының өнімдері сатылуы, қазақ тілді қауымды «Осы біз Қазақстанда тұрамыз ба, жоқ әлде Ресей құрамына еніп кеттік пе?» деген ой көп жылдан бері мазалауда. Республикамызда жалғыз қазақ тілінің ғана латыншаға көшуі, туған тілімізде оқып, жаза алмайтындардың санын күрт көбейтіп, кириллицаның бағын одан сайын жандыра түсетіні күмәнсіз.
Латын әліпбиіне Түркия 1928 жылы көшкен. Егеменді ел атанғаннан кейін Әзірбайжан, Өзбекстан, Түрікменстан республикалары латын қарпіне ауысты. Осы қатарға туысқан ел болғандықтан біздің де қосылуымыздың еш сөкеттігі жоқ екені рас. Бірақ, бұл жерде жұрттың бәрі терең түрде аңғара бермейтін мынадай бір үлкен проблема бұғып жатыр. Алдымен Өзбекстандағы жағдайға үңілелік. Бұл мемлекетте тұратын басқа ұлт өкілдері де, тіпті, орыстар да өзбек тілінде сөйлейді. Өзбек тілі мемлекеттік тіл ретінде үлкен беделге ие болса, бізде қазақ тілі мемлекеттік тіл ретінде бейшара халде. Ғаламторда болсын, баспасөзде болсын қазақ тілінің мүдделеріне ашық түрде қарсы шығып жүрген басқа ұлт өкілдері емес, өз ішімізден шыққан шала қазақтарымыз. Кириллицада тұрғанда олардың ана тілін үйренуге құлқы соқпағанда, латын әліпбиіне көшкенде ұлттық сезімі оянады деп ойлау мүлде қате түсінік. Тіпті билік басындағылар «қазақ тілі республикамыздағы басқа тілдерді басып кетпеуі керек» деген пікірді де алға шығарды. Онда оның несі мемлекеттік тіл? Жоғарыда айттық, «бүгінгі таңда қазақтардың 60 пайызға жуығы өз ана тілінде оқи алмайды, жаза алмайды» деп. Ең бастысы, өзбек халқы біздер сияқты «ана тілін меңгерген қазақтар» немесе ана тілін менсінбейтін «космополит қазақтар» болып екіге бөлінген жоқ. Олардың бізден артықшылығы да осында. Әліпби негізінде қазақтарды ашық түрде екіге бөлу қылмысқа барабар іс. Сондықтан да, латын қарпіне көшу — орны толмас өкінішке бастары хақ.
Жуырда осы хатқа қол қойған адамның бірі мынадай өлең жариялады:

«Рас, қазақ жылдам ашсын ғаламторлық құлыпты.
Компьютерге бола сонда жоямыз ба ұлтты?
Латын қарпін меңгеруді міндет етіп қоюға,
Болмайды ма, қиын ба әлде, солай қанат жаюға?
Ұлтсыздану жағынан біз тұрмыз жардың шетінде,
Қазақтай көп орыстанған ұлт жоқ жердің бетінде.
Әзірбайжан, өзбектерден айырмамыз осында,
Сондықтан да, зор қасірет қол бұлғап тұр қасыңда…
Кімдер онда ұлтқа мұндай жұмбақ шідер тастады?
Өз тілінде ойлай алмас,
Өз тілінде сөйлей алмас,
Һәм жаза алмас, қазақтың тең жарымынан астамы.
Секілденіп «ұлтсызданған бөлек қазақ аралы»,
Олар түгел кириллица аумағында қалады.
Ортақ елдік мүдделерді тастап желдің өтіне,
Сөйтіп қазақ ашық түрде бөлінеді екіге...»
Осылай болатынына күмән жоқ. Ендеше неге онсыз да аз қазақты екіге бөлер, сол арқылы тұтас ұлттық мүддеге, ортақ ұлттық сенімге сына қағар, сөйтіп, бірте-бірте халқымызды жояр іске бет бұрғалы отырмыз? Рас, латын әліпбиінің компьютерді жан-жақты меңгеруде және түркі тілдес ұлттарды бір-біріне жақындастыруда пайдасы бар екенін ешкім жоққа шығармайды. Билік тапсырма берсе, міндеттесе, еліміздің тағдырына залал келтірер мұндай зиянды шараға бармай-ақ латын қарпін үйреніп алу, кез келген сауатты адамға пәлендей қиындық тудырмайды… Иә, әлі де ойлануға, толғануға уақыт бар. Болашақта Президент те, Үкімет те осы аса күрделі мәселеде әділетті шешімге бас қояр деген сенімдеміз.

Талдау:
Міне нағыз бөліну деп осыны айту керек. Кереғарлық ұлт мүддесіне, сеніміне әрқашан кері әсерін тигізеді. Қазақ халқы өз сапарында ұлттығын сақтап қалудың ең үлкен белесі – латын қақпасының алдында тұр. Ар жағында өркениеттің мұхиты. Елбасымыздың басшылығында халқымыз бұл белестен аспай қоймайтынына сенімім мол. Бұл жерде мақсат тек біреу ғана болуы керек еді. Ал бұл топтағылардың өздері әлден дабылдап, халықты кері шегінуге үндеп, көштен бөліп алып қалып тұрғандағы мақсаттары неде? Бәлкім «водка ішетін адамның ойы водкада болмайтын шығар» деген ойда қалдым.
Сондықтан Елбасымыздың латын әліпбиі реформасы ұлтымыздыздың жарқын болашағына арнаған үлкен тарихи кемеңгерлік екеніне сенуіміз керек!!!
«Қазақ тілін латын алфавитіне көшіру – ішкі қажеттілік»
— Н.Ә.НАЗАРБАЕВ

Қазақ ұлтының латын асуындағы бөлгіндерінің әсілгі тізімі:

Мұзафар ӘЛІМБАЕВ, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Қазақстанның Халық жазушысы;
Амангелді АЙТАЛЫ, қоғам және мемлекет қайраткері, философия ғылымдарының докторы, профессор;
Шериаздан ЕЛЕУКЕНОВ, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, филилогия ғылымдарының докторы;
Мекемтас МЫРЗАХМЕТОВ, «Бауыржантану» ғылыми-зерттеу орталығының директоры, филология ғылымдарының докторы, профессор, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты;
Мұхтар ШАХАНОВ, «Мемлекеттік тіл» қоғамдық қозғалысының төрағасы, Қазақстанның Халық жазушысы;
Қабдеш ЖҰМАДІЛОВ, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Қазақстанның Халық жазушысы;
Нұрғали НҮСІПЖАНОВ, ҚР халық әртісі, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты;
Оразалы СӘБДЕН, Қазақстан Ғалымдар Одағының президенті, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты;
Эрнест ТӨРЕХАНОВ, жазушы, Алматы қалалық «Қазақ тілі» қоғамының төрағасы, Республикалық М.Әуезов атындағы сыйлықтың лауреаты;
Әзімбай ҒАЛИ, саясаттанушы, тарих ғылымдарының докторы;
Софы СМАТАЕВ, жазушы, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты;
Марал ЫСҚАҚБАЕВ, жазушы, Қазақстан авторлар қоғамының төрағасы;
Еркін РАҚЫШЕВ, «Жас Ұлан» киностудиясының директоры;
Хайролла ҒАБЖАЛИЛОВ, «Алаш» тарихи-зерттеу орталығының президенті;
Совет-Хан ҒАББАСОВ, жазушы, Медицина және педагогика ғылымдарының докторы, Махамбет сыйлығының лауреаты, КСРО денсаулық сақтау ісінің үздігі, ҚР еңбек сіңірген қайраткері;
Жұбаныш ЖЕКСЕНҰЛЫ, әнші, ҚР Мәдениет қайраткері;
Серік ТҰРҒЫНБЕКҰЛЫ, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты;
Құдияр БІЛӘЛ, жазушы, ҚР Мәдениет қайраткері;
Мереке ҚҰЛКЕН, жазушы, «Өлке» баспасының президенті;
Ертай АЙҒАЛИҰЛЫ, «Қазақстан-Заман» газетінің бас редакторы;
Қоғабай СӘРСЕКЕЕВ, «Қазақ» газетінің және «Айқап» журналының бас редакторы;
Аманхан ӘЛІМ, ақын, М.Мақатаев атындағы сыйлықтың лауреаты, ҚР Мәдениет қайраткері;
Марат ТОҚАШБАЕВ, «Президент және халық» газетінің бас редакторы;
Әшірбек СЫҒАЙ, сыншы, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты;
Мэлс ЕЛЕУСІЗОВ, «Табиғат» экоодағының төрағасы;
Сәуле ӘБЕДИНОВА, Қазақстан журналистер Одағының мүшесі, «Ақжүніс Астана» журналының бас редакторы;
Жасұлан СҰЛТАН, «Жастар todey» газетінің бас редакторы;
Бейбіткүл ТОҚАБАЕВА, «Мырза» газетінің бас редакторы;
Қалдыбек ҚҰРМАНӘЛІ, композитор, шәмшітанушы;
Көбейсін АЛТЫНБЕКОВ, медицина ғылымдарының докторы, профессор;
Назарбек ҚАНАФИЯ, филология ғылымдарының кандидаты;
Бақытжан ТОБАЯҚОВ, ақын, ҚР Мәдениет қайраткері,
Ә.Бөкейханов атындағы сыйлықтың лауреаты;
Иса ОМАР, «Замана» баспа үйінің бас директоры, «Жалын» журналы тағайындаған Ғ.Мүсірепов атындағы сыйлықтың иегері;
Қажымұқан ҒАБДОЛЛА, «Қазақ елі» газетінің бас редакторы;
Әлібек ҚАЛАМБАЕВ, КСРО халық ағарту ісінің үздігі, Сарыағаш ауданының құрметті азаматы;
Өмірзақ АҚЖІГІТ, журналист;
Мырзан КЕНЖЕБАЙ, ақын, ҚР мәдениет қайраткері;
Бейсенғазы СӘДУҰЛЫ, «Желтоқсан ақиқаты» қоғамдық бірлестігінің төрағасы;
Жангелді ШЫМШЫҚОВ, Астана қалалық тіркелмеген «Халық рухы» партиясы ұйымдастыру комитетінің төрағасы;
Болат ТӨЛЕПБЕРГЕН, Астана қалалық «Тәулсіздікті қорғау» қозғалысы төрағасының орынбасары;
Тілеуғазы БЕЙСЕНБЕК, ақын, Қазақстан жазушылар одағының мүшесі;
Марат БӨТЕЕВ, «Аллажар-қолдау» қоғамдық қорының төрағасы;
Cабыржан ШҮКІРҰЛЫ, ҚР еңбек сіңірген мәдениет қызметкері;
Секен ТҰРЫСБЕКОВ, күйші-композитор, «Ақжауын» Мемлекеттік камералық оркестрінің көркемдік жетекшісі, ҚР еңбек сіңірген әртісі;
Қарлығаш ҚОЖАМҰРАТОВА, «Алаш аманаты» қоғамдық бірлестігінің төрайымы;
Тілеуберді БІНӘШЕВ, мүсінші, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері;
Әбиірбек ТІНӘЛИЕВ, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері;
Тоғайбай РЫСБЕК, журналист;
Жадыра СЕЙДЕШ, ҚР тұңғыш Президенті қорының 2012 жылғы журналистика саласы бойынша лауреаты;
Геройхан ҚЫСТАУБАЕВ, қоғам қайраткері;
Шәкизада ӘБДІКӘРІМОВ, Қызылорда қоғамдық телерадиокомпаниясының төрағасы, республикалық «Мемлекеттік тіл» қоғамдық қозғалысының Қызылорда облыстық филиалының төрағасы;
Ұларбек ДӘЛЕЙ, ақын, Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың лауреаты;
Нұржан ОШАНБЕКОВ, «Мемлекеттік тіл» қоғамдық қозғалысының жауапты хатшысы;
Кәмнұр ТӘЛІМҰЛЫ, Талғар аудандық мемлекеттік тілді оқыту орталығының директоры;
Аманғазы КӘРІПЖАН, ақын, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі;
Жұмаш КЕНЕБАЙ, «Таным» пікірсайыс клубының жетекшісі;
Мақсұт ҚАЛЫБАЙ, Қазақстан Республикасына ерекше еңбегі сіңірген зейнеткер;
Бақтыбек ИМАНҚОЖА, «Желтоқсан рухы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы;
Жанна ИМАНҚҰЛОВА, журналист, Ғ.Мүсірепов атындағы сыйлықтың лауреаты;
Нұрғали ЖҮСІПБАЙ, Дүниежүзі түркі жастары одағы Демократия және адам құқықтары орталығының координаторы;
Бекзат СМАДИЯРОВ, ақын, Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың лауреаты;
Берік АҒЫБАЕВ, «Болашақ» қозғалысының жастар қанатының жетекшісі;
Жарылқасын ДӘУЛЕТ, сазгер, ҚР Мәдениет қайраткері;
Фазылбек ӘБСАТТАР, журналист, саясаттанушы;
Сахан ӘКЕЛЕЙ, әншi, Халықаралық әншілер конкурсының лауреаты, Ұлттық Өнер академиясының аға оқытушысы;
Еркінбек СЕРІКБАЙ, жазушы, Республикалық «Тәуелсіздік толғауы» байқауының лауреаты; Барлығы 66 адам. Қол қою әлі де жалғасуда.

1 пікір

Kan
толықтай келісемін. менде осындай пікірдемін. Тілімізді тірілтеміз деп жатқанда,құртып алмасымызға кім кепіл.
Тек тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады.