тәубеңе кел

Тұлғалар /
Таудан биік секілденіп талғамың,

Ардан биік секілденіп арманың,

Пенделікпен ұмытасың тәубеңді,

Сынағына шыдай алмай АЛЛАНЫҢ.

Ай мен күнге өптіргің кең шекеңді,

Көрмедім деп өкпелейсің шет елді.

Тәубеңе кел, шет ел түгіл зағиптар

Көре алмай жүр өзі туған мекенді.

Қошеметті көрмесеңіз несі бар

Бар нәрсені ақиқатпен шешіп ал,

Жылы сөзді естімеген кезіңде

Керең болып туылғанды есіңе ал.

Тәубеңе кел пенде болсаң есі бар.

Сабырсыздар қадірсіз боп тосылар.

Дүниеге қолың жетпей қалғанда,

Қос қолы жоқ пенделерді есіңе ал.

Бақыт мәңгі тұрсын десең басыңда,

Қанағат қыл, ашуланба, тасынба.

Көлігім жоқ деп ренжуің бекерлік

Аяғы жоқ пенделердің қасында.

Топ алдында төрге озғың кеп төтеден,

Тым болмаса айтпадым деп екі өлең,

Ақын болып тумадым деп налисың,

Мылқау болып туылғанда нетер ең?

Құлақ түріп әркім айтқан пікірге,

Бейберекет бой ұрасың күпірге

Тау мен тасқа соға бермей басыңды,

Аман — есен жургеніңе шукір де…

0 пікір

Тек тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады.