Қорқыт ата және түркі әлемі

Тұлғалар /
Түркі халықтарының тарихына қатысты ғылымда қыруар еңбектер жазылды.Олардың бірқатары күллі түркі өркениетінің әдебиетіне баса назар аударылған шығармалардың қатарын толықтырды. Кеңес дәуірінің өзінде де түркология ғылымына қызығып, өмірінің барлық күш-қуатын сарқа жұмсаған ғалымдар есімі жұлдыздай жарқырап тұрғаны мәлім. Бұл мәселеде түркі тектес халықтардың асыл қазыналарына қатысты айтарлықтай істер тындырған Е.Э.Бертельс, А.Н.Самойлович, С.Е.Малов, И.В.Стеблева, Ә.Н.Нәжіп есімдері ғылымда өз бағасын алған.
Қазақ халқының дарынды таланттары Ш.Уәлиханов, А.Байтұрсынов, С.Сейфуллин, М.Әуезов, С.Мұқанов, Е.Ысмайлов, С.Аманжолов, Қ.Жұмалиев, М.Ғабдуллин, Ә.Марғұлан, Б.Кенжебаев, Ә.Қоңыратбаев, Р.Бердібаев, М.Жолдасбеков, Х.Сүйіншәлиев, С.Қасқабасов, Ғ.Мұсабаев, Қ.Өмірәлиев, Ғ.Айдаров, Ш.Сатбаева, Ә.Құрышжанов, М.Томанов, А.Егеубаев, М.Мағауин, Н.Келімбетов, Ә.Кекілбаевтар және т.б. ғалымдар мен сөз зергерлері түркі тілдес халықтардың ортақ мұрасына әр қырынан үлес қоса білді. Данышпан Л.Н.Толстойдың «Білім ұлы адамды жуасытады, орташа адамды таңырқатады, күйкі адамды ісіріп кептіреді» дейтін ділмәрлықпен айтқан қанатты сөзі бар. Бұл сөздің дәлелін түркітану ілімі бере алғандай. Себебі, түркі дүниесінің сырын ашып, құндылықтарын танытуда сандаған таланттардың ғылымдағы сара жолдары сайрап жатыр. Бір белгілісі «Түрік қағанатының ұланғайыр өлкесін мекендеген сан алуан тайпалардың бәріне бірдей түсінікті ортақ тілі болғандығы» Көне ескерткіштермен жәдігерлер бұған бірден бір дәлел бола алатыны сөзсіз.Шетсіз, шексіз сайын даласының кеңдігі мен тауларының өрлігіне қарап түркі әлемін тану мейлінше тым кемелдікті, тереңдікті қажет ететінін байқаймыз.Күллі түркі жұртының әдебиетімен, салт санасымен танысу үшін біз түркологияға жүгінеміз.Түркология – табиғат берген зерделіктің нәтижесінде жаратылысы айрықша ғұламалар қалыптастырған ілімнің бірі. Бұл ілімнің басында әлемді дүр сілкіндірген В.Томсен, В.В.Радлов, Ю.Немет, Х.Н.Орхун, С.Е.Малов және т.б. жаңалықтары еске түседі. Бұл орайда «Тюркология ілімінің негізін қалауға лайықты үлес болып қосылған Радловтың алғашқы іргелі зерттеулер сериясы»болып табылатын «Түркі тайпаларының халық әдебиеті үлгілері»атты он томдық әлемге әйгілі еңбегінің орыны айтарлықтай екендігі ғылымда лайықты бағасын алған. Дарынды ғалым ең алдымен түркі халықтарының ел аузында сақталып қалған асыл мұраларын мұқият жинақтап, бірнеше томдарға айналдырып, жарыққа шығарды. Европа халықтарының тілдеріне аударып, әлемге таныстырғанының өзі де ерекше тебіреніс тудырады. Осыншалық жинақтаған мұраларға байланысты В.В.Радлов: «1869 жылдан, Алтайдағы түркі тілдерін зерттеуге кіріскен алғашқы күннен бастап-ақ тек халық шығармашылығын жинауға көңіл бөліп қойғам жоқ, мүмкіндігіне қарай мол сөз қорын жинауға да күш салдым» – деп жазады. Анығында жинақтаған қыруар мұраларымызды ғалым ғылыми тұрғыдан тексеріп, жан-жақты зерттеудің кейінгі толқынға кілтін ұстатып кетті. Иә, бұл зерттеулер ғылымға ғана үлес қосып қана қойған жоқ, сонымен қатар көне түркі шежірелерін тануда, зерттеп салыстыруда, тасқа қашалған жазу сызуларды бүгінгі күнге дейін көненің көзіндей сақтауымызға бағыт бағдар сілтегендей болды.
Қазақ елі өз тәуелсіздігіне қол жеткізгеннен бастап, күллі түркі қауымымен етене жақын байланыста бола бастады.Түркі халықтарының бір бірімен өте жақын байланыс орнатуына ғылым мен өнер басты септігін тигізді.Десек те, олардың салт дәстүрімен мәдениеттеріне қарап бір бірінен оңай ажырата алуымыз мүмкін.Кезінде ортақ тілдері болғанымен қазір ұқсас тілге айналғанын да ескереміз.Бірақ, түркілерді бір — бірінен алшақтата алмайтын, этностық қалыптасуының бір екендігін айқындайтын ерекшеліктері бар екендігін ескере кеткеніміз жөн.
Осы қатарда әсіресе ауыз әдебиеті (фольклор) мұрасындағы ұқсас фабулалар мен сарындар, поэтикадағы туыс өрнектер ерекше көңіл бөлуді керек етеді.Ауыз әдебиеті жанрларының ішінде дастаншылдық саласындағы ұқсастықтар аса елеулі.Мәселен Алпамыс батыр, Едіге батыр, Шора батыр, Ер тарғын, Көрұғлы секілді жырлардың әрқайсысы бір емес бірнеше түркі халықтарының арасында сақталып келуі түбірлестіктің шеңбері кең екенін көрсетеді.Осы орайда күллі түркі халықтарының ежелден туыстастығын айқындайтын, фольклортану ғылымының саға тартып, түркітану ілімінің толысуына елеулі ықпал еткен тақырыптардың бірі — Қорқыт екендігі айдан анық.
Қорқыт ата — түбі бір түркі халықтарының ойшылы саналатын атақты ақын, дәулескер күйші, философиялық мазмұны аса терең аңыздардың кейіпкері.Қорқыт баршамыздың рухани болмысымыздың алтын арқауы.Қорқыт ата мұрасы бүкіл түркі халқының VII – VIII ғасырдан кейінгі мәдениетіне негіз болып қаланған іргетасы.
Қорқыт ата — музыка негізін қалап қана қоймай, даналықты көксейтін, парасатты, нақыл сөздерін алтын ғаріппен жазып кетті.Қорқыттың нақыл сөздері қазақ даласындағы шаңырақтардың шайқалмауына ұйытқы болып отрғандай.Қорқыт Атаның ел аузында қалған көптеген нақыл сөздері әлі күнге дейін өз өзектілігін жоғалтпайтыны анық. «Құмды қанша үйгенмен төбе болмас, Қара есектің басына жүген таққанымен тұлпар болмас», «Күңге сарыпай шапан жапқанмен, бәйбіше болмас», «Тозған мақта боз болмас, ежелгі жау ел болмас», «Ананың көңілі балада, баланың көңілі далада», «Сырын білмеген аттың сыртынан жүрме», «Ең сүйкімді әйел – отбасының құты болған әйел» секілді қанатты сөздері қазақ халқының мақал-мәтеліне айналды. Осы нақыл сөздердің жолдары арқылы отбасындағы ананың рөліне ерекше назар аударылғандығын байқаймыз.
Қорқыт ата — бүкіл түркі жұртына ортақ имандылық пен сыйластық,әдептілік пен ізеттілік өлшемдерін кейінгі ұрпағына өсиет етіп кеткен данагөй бабамыз.Түркі жұртына ортақ қонақжайлық пен меймандостықтың, имандылық пен адалдықтың түп негізін «Қорқыт ата кітабынан»іздеп табу қиын емес.» Қорқыт ата жырлайтын әдеп пен ізет өлшемдерін барша түркі қауымынан байқауымызға болады.Себебі, осыдан он үш ғасыр бұрын баршамыз да Қорқыт ата парасатына құлақ түрген, сол дананың өсиетімен ел болған жұрттан тараған ұрпақтармыз.
«Баят руында Қорқыт Ата дейтін білікті, сәуегей адам болыпты.Тәңірі зердесіне салғын соң оның болжамдары қатесіз болған… Оғыз тайпаларында Қорқыт ата ең қиын деген мәселелерді шешкен.Қандай ғана қиын іс болмасын,Қорқыттың кеңесін алмай, ел ешбір жұмысқа қол ұрмаған.Ел оның барлық өсиетін бұлжытпай орындаған» — , деп басталады XV ғасырда хатқа түскен Қорқыт ата кітабы. Қорқыт ата кітабының ғылымда екі нұсқасы мәлім.
Ғасырлады көктеп өтіп бізге жеткен Қорқыт ата жырлары, ең алдымен елді ел етіп сақтап қалудың қамын толғайды.Батырлықты, бір сөзділікті, ел мүддесі жолында жанын беруге даяр жанпидалықты барша түрік жұртына өсиет етеді.Қорқыт — ел бірлігін нығайтқан кемеңгер қайраткер ғана емес, түркілік дүниетанымның мәйегін жасап кеткен ғұлама ойшыл,әлемдік ақыл ой мәдениетінде өз орны бар философ, гуманист.Зерттеушілер өлімнен қашқан қорқыт философиясын әйгілі шумер эпосы «Гильгамеш туралы жырдағы» Гильгамеш әрекетімен салыстырады.Ал,ұлы Мұхтар Әуезов Қорқыт аңызын гректің адамзатқа от ұрлап әкеліп сыйлайтын Прометей туралы аңызымен теңестіреді.Қалай болғанда да, мәңгілік өмір жолында күресу, күй тілімен ажалды жеңу философиясы әлемдік философиядағы оқшау ой.

2 пікір

maulen
Мен білмейтін, мен естімеген фамилиялар көп екен! «Білгенім бір тоғыз, білмейтінім тоқсан тоғыз»,-демекші енді Қорқыт ата кітабын оқуға ынтам ашылып кетті. Кез-келген осындай тұлғаларымызға арнап, осындай жазбарар жазып тұрған жөн. Жарайсыз!
zhanaai7
рахмет сүйікті көршім))
Тек тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады.