«Қызымды «Болашаққа» біл деп бердім...»

AitaberPress /

Рас, шетелдің сапалы біліміне айтар уәжіміз жоқ. Осыдан 19 жыл бұрын Елбасының бастамасымен тағайындалған халықаралық «Болашақ» бағдарламасы бойынша шетелден білім алып, елге оралған жастардың бірқатары бүгінде мемлекеттік қызметтің күйін келістіріп жүр. Демек, «Болашақ» стипендиясы – қызметте табысты өсудің, жастардың кәсіби мамандануының кепілі іспеттес жемісті бағдарлама.

Бәрі де жақсы-ау, бірақ шетелге аттанған жастардың, әсіресе, қаракөз қыздарымыздың сабақтан тыс былайғы өмірі бізге беймәлім. «Қызым үйде, қылығы түзде» деген, олардың тәртібін кім қадағалап жатыр? Үйдегі қыздарын әрең «тұсап» отырған ата-ана шекара асып, алыстан ілім іздеген қыздарының халін қайдан білсін?!


Біз бұл әңгімені бекер қозғап отырған жоқпыз. Соңғы кездері сыртта оқып жүрген қыздарымыз туралы келеңсіз әңгімелерді жиі еститін болдық. «Шетелде оқып жатқан қыздардың басым бөлігі шетелдіктерге тұрмысқа шығуға құмар» немесе «олардың кейбіреулері жат жұртта жағымсыз қылықтармен айналысып, кім көрінгеннің қолжаулығына айналған» деген сұмдықты да еститін дәрежеге жеттік.


Шетелде оқып жатқан жастардың барлығы бірдей сол жақта қалып қоюды көздемесе де, көбіне қыздар жағы ретін тауып шетелдіктерге тұрмысқа шығып, тұрақтап қалуды мақсат ететіні өтірік емес. Дарынды жастардың білімін пайдаланып, олардың ақылын өз игіліктеріне жұмсап, қалауынша қызмет еткізу үшін өз елдерінде қалдыруға жанталасатындар да жетерлік.



Осыдан 4-5 ай бұрын Австралияда орын алған оқиғаны әлі ешкім ұмытпаған шығар. 2011 жылдың 12 қарашасында интернет арқылы сонау Австралияда 22 жастағы Сағынай Батырханова есімді қандасымызды өз күйеуі пышақтап өлтірді деген суық хабар тарады. Сол елде Таиланд азаматымен азаматтық некеде тұрып жатқан Сағынайдың үш айлық сәбиінің бар екені белгілі болды. Бүгінде жиенімізді сол елдің әлеуметтік қызметі қамқорлығына алған. Еліміздің Сыртқы істер министрлігінің мәліметінше, күдікті ретінде ұсталған күйеу жігіт қазір қамауда. Кінәсін мойындаған. Ал Шығыс Қазақстан облысының тумасы Сағынай Батырханова «Болашақ» бағдарламасы бойынша Австралиядағы Гриффит университетінің бірінші курсында оқитын еді.


Таяуда интернет беттерінде Малайзияда оқитын тағы бір қазақ қызының некесіз бала туып, шарананы қоқыс жәшігіне тастаған қылмысы әшкереленіп, құқық қорғау қызметкерлерінің құрығына ілінгені жайында ақпарат тарады. Құдай-ау, ата-анасы баласы үшін тұрып жатқан баспанасын кепілдікке қойып, бар жиған-тергенін қалтасына салып, игі тілекпен аттандырған жоқ па еді?!


Осыдан 5-6 жыл бұрын АҚШ-ты шулатқан жағдай да күні кешегідей есімізде. Америкаға аттанған жерлесіміз Әсел Әбдіғаппарова азаматтық некедегі күйеуімен (америкалық жігіт) бірлесіп жазықсыз жанды жер жастандырды. Аялдамада автобус күтіп тұрған бейтаныс әйелді екеулеп көлікке мінгізіп, қонақүйге апарып зорлықпен өлтірген күйеуіне ләм-мим деу былай тұрсын, оған дүкеннен күрек сатып әкеліп, көмісуге көмектескен Әселге Америка заңы бойынша өлім жазасы кесілген-ді. Алайда бұған еліміздің Сыртқы істер министрлігі араласып, әрең дегенде өлім жазасын «жұмсартып», қырық жылға бас бостандығынан айырды.


Әселдің ағылшын тілін дұрыс білмейтіндігін әдемі пайдаланған АҚШ-тың әділет орындары сот барысында көптеген әділетсіздіктерге жол бергендігі анықталды. Кейіннен белгілі болғандай, халықаралық білім бағдарламасы бойынша АҚШ-та білім алу үшін Әсел емес, оның туған інісі Әсет емтихан тапсырыпты. Негізі АҚШ-та Әсет оқуы керек екен. Бірақ Америкаға аттанатын сәтте Әсет аяқ астынан қолын сындырып алып, оның орнына отбасының келісімімен Әсел кетеді. Отбасының сенімін ақтай алмаған Әселдің тағдыры ақырында осылай болды… Қалай десек те, жат жерде жүрген қыздарымыз өзінің қара басын алып жүре алмаса, белгілі бір дәрежеде Қазақстан туралы теріс пікір қалыптасатыны анық. Қыздардың ұяты мен намысы елге тиеді.


Жоғарыдағы мысалдардың өзі-ақ шетелде біздің жастарды құшағын жайып қарсы алып, басынан сипап шығарып салып жатпағанының нақты дәлелі. Сондықтан, шетелге қарап аузын ашып, «Болашақ» деп есі кеткен жастардың ақырын жүріп анық басқаны абзал.


Жұмамұрат Шәмші


Толығырақ мында

3 пікір

qyrmyzy
Амигоооо, көзімді ашсам да, жұмсам да осы мақала…
NurAstana
Қайтесің енді. Көзімді ашсам да, жұмсам да менің көрерім, істерім осы
dimash
КБТУ-дың, Асфендияров атындағы, Әл-Фараби атындағы немесе Назарбаев атындағы (т.с.с) универдің дипломын құшақтаса да жаман болмас едік ғой…
Меніңше, жостарды шетел асырып оқытпай-ақ, қайта ұстаздардың біліктілігін сол мықты деген шетелдің универлерінде арттырған дұрыс болар еді. Сонда "Қасқыр да тоқ, қой да аман" болар еді…
Тек тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады.