Бос уақыттың қадірі...

AitaberPress /
Сәлем, достар! Зымыраған уақыт, күні кеше былдырлаған балғын шақтан, міне, жастықтың жалынды сәтіне де жеткізді. Уақыт демекші, біз, жастар, осы уақытты қалай пайдаланып жүрміз? Бос уақытымызда қандай іспен шұғылданамыз. Сол секілді қаншалықты тырысқанымызбен уақытты жүйелі пайдалануға дағдыланбай жататынымыз да белгілі.

Әрбір адам үшін қоршаған ортаны тану мен өмірден өз орнын таба білуде бос уақыттың орыны ерекше. Көпшілігіміз оның қадіріне жете мән бермей жатамыз. Халық арасында «сағат сатып алсаң да, уақытты сатып ала алмайсың» деген нақыл бар. Ақиқатына келгенде, уақыт – бізге берілген үлкен мүмкіндік. Сол мүмкіндікті қазіргі заман жастары қалай пайдаланып жүр? Осы тұрғыда сауалнама жүргізгенбіз.

А.Ығылманов: көбіне бос уақытымда агентте, интернетте отырамын, кино қараймын
Н.Жұманова: кітапханаға барамын, сосын әлеуметтік желілерде боламын
Д.Сиқуат: бимен, спортпен айналысамын
Г.Арманбек: түнгі клубтарда, кафешкаларда достарыммен өткізуге тырысамын

Блиц-сауалдың нәтижесі бойынша жастардың 40 пайызы – бос уақытын ғаламтор алдында, 20 пайызы – мәдени-сауықтыру, 30 пайызы – спортпен айналысып, 10 пайызы – түнгі клубтар мен ойын алаңдарында өткізгенді құп көреді. Бұл – әрине, әркімнің өз қалауы. Өйткені, «бос уақытты тиімді өткізу – өмір сүру стилі» дейді психолог мамандар.

Гүлмира Ғұмарова, психолог: Бос уақытты тиімді пайдаланатын немесе жұмысбасты адамның бөтен пиғылды ойлауға мұршасы да болмайды. Табысты әрі тың, білімді және бақытты болғыңыз келсе өз уақытыңыздың әр минутын белгілі бір режимге сай жоспарлап қойыңыз.

Ерік-жігері күшті жастар ел ертеңі мен өз болашағы үшін бүгінгі бос уақытты қалт жібермеуіміз керек. Бос уақыт көп, жұмысымыз жоқ болып жатса, кінә өзімізден. «Қарыны тоқтық, жұмысы жоқтық, аздырар адам баласын» деп Абай ақын айтпақшы, расында да еріккен жанның ойына түрлі жамандықтар келіп, жат қылықтарға, қылмысқа бой алдырары сөзсіз. Қолы қалт еткен мезетте өзгелерге әлімжеттік танытып, түнгі клубтар мен құмар ойын ортасынан табылатын жастар да арамызда жиі кездеседі. Әрине, олардың уақыттан ұтылған жерлері өте көп.Ал, ислам діні уақытқа жанашырлықпен қарауға шақырады. Бұл тұрғыда, бос мезгілді қадірлеу жөнінде танымдық ақпараттарды алуға болады. Атырау қалалық Құспан молда мешітінің ұжымы да біз көтерген мәселеге орай бірқатар жұмыстар атқарып келеді. Мәселен, жастарға арнап апта сайын дүйсенбі, сәрсенбі күндері арнаулы спорт залдарында кіші аяқ доптан сайыстар мен жаттығулар өткізуге мүмкіндік беріп отыр.


Егер сіздің кітапқа, көркем әдебиетке деген құмарлығыңыз болса, қаламызда жағымды жаңалық. Өткен бір ай көлемінде қамбасы бай қазына кітапқа толы арнайы шағын орталық ашылған болатын. Негізгі мақсат, жастардың бос уақытын тиімді өткізіп, сана көкжиегін кеңейту болып отыр. Ғылыми прогресстің шарықтаған дәуірінде мерзімді басылымдар мен көркем әдебиетке көңіл бөлмейтініміз рас. Бірақ кітап – рухани өмір айнасы. Ол бәрімізге белгілі. Әрбір жас саналы тұрғыдан кемелденгісі келсе, осы қазынадан қол үзбегені жөн. Бүгінде «Просто хобби» деп аталатын бұл орталыққа жанына жақын туындыларды іздеп келетін жас оқырмандар көбейген. Орталық жетекшісі Әнуар Жұмабайдың айтуы бойынша ашылғанына көп болмаса да, жаңа әдебиетке сұранысы артқан. Шынында, бұл – қуантарлық жәйт. Тұтынушыға әрқашан есік ашық. Қолыңыз қалт еткенде таным көкжиегіңізді кеңейтіп, кітап оқуға келіңіз. Тек оқып қана қоймай, оны осында келушілермен бірге талқыға салып, алған әсеріңізбен бөлісесіз. Тіпті қазір ғаламторда «просто хобби» орталығының арнаулы сайты жұмыс жасап тұр.


Бос уақыттың жастар өміріндегі рөлі орасан. Жұмыс пен оқудан тыс мезетті тиімді өткізу мақсатында қазір қоғамдық бірлестіктер қандай шаралар атқарып келеді? Жастардың таным-түйсігін арттыру, денсаулығын нығайту, шығармашылыққа баулу жолдарында атқарылатын қызметтер өз үдесінен шығып жүр ме? Бұның барлығы жастарға арналған қоғамдық бірлестіктерге қойылар сұрақтар реті. Қаламыздағы «Ақжелкен» жастар клубының негізі мақсаты – Атырау жастарына қолдау көрсетіп, олардың интелектуалдық ой-өрісін, азаматтық белсенділігін арттыру. Әр бейсенбі күні кешкісін мұнда «Ақжелкен» кино клубы жұмыс жасайды. «Оскарды» иеленген үздік кинолар мен деректі фильмдер негізінен, жастар аудиториясына арналған. Кино соңынан көрермендер өз бетімен тарап кетпей, өзара талқылап, алған әсерін ортаға салады. Ендеше, жас көрермен, сізде бос уақыт болып жатса, өз замандастарыңызбен бірге кино көруге келіңіз.
Қазіргі таңда біздің қаламыздың кез келген мөлтек ауданының аулаларында осындай спортпен шұғылдануға мүмкіндік беретін алаңдар бар. Бірақ, олар көбіне бос тұрады. Фитнес клуб, спорт залдарын іздеп жүрмей-ақ достарыңызбен жиылып осы жерде бір әдемі спортық ойынын ұйымдастырып жіберіңіз. Уақытыңыз сәтті өтеді, әрі салауаттылықтың нақты бастамасы болмақ. Кейде, «әттең осындай бір мүмкіндікті ауыл жастарына да арнап салып берсе ғои» деп ойлайсың.



Бұған қоса бос уақыттағы таптырмас тәсіл – театр. Өкінішке орай, Атырауда бұған ешкім ден қоймайды. Театрға бара қалсаңыз, керілген кең залдың әр жерінен ғана азын-аулақ көрерменді көресіз. Сонда әр маусым сайын жарғақ құлағы жастыққа тимей дайындалып, қойылымды барын салып сахналайтын саңлақтардың төккен терін немен өлшейміз, берер бағамыз қандай?! Эстетикалық талғамды жоғарылатуда театрдың жалынды жастық шаққа тигізер әсері бөлек.



Уақыт қашанда адам баласы үшін қымбат нәрсе болып келеді. Біз әрдайым уақытқа кіріптар екенімізді ұмытпайық. Берілген бос уақытқа бейғам қарамай, кездескен жат қылықтан қашық жүріп, қоғам үшін қандай да бір игі іс жасауға дағдыланайық.
Қуанбаңдар жастыққа,
Елірме күлкі, мастыққа.
Сыпайы жүр де, шаруа ойла,
Даңғойланып қақтықпа». Алып Абайдың жастарға айтқан тәлімді пәлсафасы. Ұлы ақын артынан ерген ұрпағының қамын күйттеп, ақыл-ойымен бөлісуде, тегінде ада қалмаған. Сонымен, жастар, өз уақытымызды өзіміз аялап, текке өткізбейік. Өйткені, уақытты кейінге айналдыру мүмкін еместігін сіз де, біз де білеміз. Өмірге кірпіш болып қаланар жастарымыз көбейсін!

2 пікір

Jako
Жақсы жазылған,ұнады.
Madi
Уақыт, уақыт…
Бос уақытымды компьютерге байлап қоюым көбірек.Бір жағынан жұмыс, екінші жағынан…
Мына Талдықорғанда танысым да аз, ио мое…
Тек тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады.