Ағылшыншаң қалай, қазақ әскері?

AitaberPress /
Әскери оқу орнындағы білім беру жүйесі қызықтыратын. Сол қызығушылық өткен апталарда Алматы қаласындағы Құрлықтағы әскер институтына алып келді. Кәсібилікке ұмтылған қазақ әскерінде ағылшын тілі қалай оқытылып жатқаны қызықтырды.

AitaberPress: Ағылшыншаң қалай, қазақ әскері?

Алматы қаласындағы Құрлық әскерлерінің Әскери институтының іргетасы өткен ғасырдың жетпісінші жылдары қаланған.




Мені Шет тілдер кафедрасының меңгерушісі Абдукаримова Захида Махмутовнаның өзі күтіп алды. Қызығушылығымды түсінген соң, әңгімесін оқу орнына қалай келгенінен бастады.




«Жолдасым әскери қызметкер болмаса, бұл жерге келмес те ме едім. Кім білген?! Қазір осы жерде сабақ беріп жүргеніме өте қуанамын. Өзге оқу орындарынан басты айырмашылығы — тәртіп. Курсанттардың бәрі тәртіпке бағынған соң, сабақ беру жеңіл. Биылдан бастап, барлық курсанттар шет тілі ретінде ағылшын тілін оқулары міндеттеліп отыр» дейді.

Тек қана курсанттар емес, сонымен қатар мұғалімнің бөлмесіндегі заттары да ерекше. Ағылшын тілі мұғалімінің бөлмесінен танкі көремін деп ойлаппын ба?


AitaberPress: Ағылшыншаң қалай, қазақ әскері?

«Біліктілігімді арттыру үшін оқу орны 2012 жылы Американың Техас Штатындағы Сан-Антонию қаласындағы әскери оқу орталығына жіберді. Мен барғанда курсанттары оқуларын бітіріп жатты. Бәрінен де америкалық курсанттардың саппен жүруі қызық көрінді. Біздің курсанттар сапта бәрі тіп-тік, бірдей аяқ алып жүрсе, америкалық курсанттар сапта жүгіріп жүреді екен» дейді Захида Махмутовна Америкадағы білім алған күндерін еске алып.


AitaberPress: Ағылшыншаң қалай, қазақ әскері?

Бірінші курс студенттеріне сабақ өтіп жатыр. Сабақ беріп жатқан апайлары бір жыл бойы Американың Техас Штатындағы арнайы әскери оқу орнына барып оқып келіпті. Қазақстанда әскери білім беру ісіне үлкен мән беретінін осыдан аңғара беріңіз. «Сонда не үйрендіңіз?» десем, «Біз тек қана тіл үйретіп қоймаймыз. Курсанттардың сөздік қорында дүниедегі қару-жарақтардың ағылшын тіліндегі атаулары болуына қатты мән беріміз. Әскери ұғымдарды еркін түсінуге баулимыз» дейді. Қызық. Курсанттардың ағылшынша сөйлеген сөздерінен де сес байқалады.



Курсанттар сабақ қиын емес дейді. Әдетте ағылшын тілін үйреткенде бір көңілді атмосфера байқалатын болса, бұл жерде ондай көңіл жоқ. Бәрі де салмақты. Әскери өмір ғана емес, оқудың өзі осыған баулиды.


AitaberPress: Ағылшыншаң қалай, қазақ әскері?

Әңгіме арасында курсанттар сабақтың оңай емес екенін, тіл сындыруға күніне бірнеше сағат уақыттарын жұмсайтынын айтты. Негізінен British English-ті оқиды. Бір группада шамамен 10-12 курсант.




Мына төрт курсанттың екеуі көрші елден келіпті. Бірі — Тәжікстаннан, ал екіншісі — Қырғызстаннан. Қазақстандағы әскери білімнің сапасы көрші елдерде жоғары бағаланады. Тәжікстаннан келген Абзал Мирзоев: «Алғашқыда үйді сағынатынмын. Қазір балармен бауыр басып, араласып кеттік. Қазақстандағы білім беру жүйесі анағұрлым озық екенін бұрыннан еститінмін. Соған көзім жетіп жүр» десе, Қырғызстаннан келген Ислам Нурланбеков: «Бұған дейін ағам осы оқу орнынан тәмамдаған. Бұл оқу орнына түсу де біздер үшін оңай емес. Қатаң ірктеуден өттік. Алғаш институтқа келгенде үлкен плац көзіме оттай басылғаны есімде. Ерекше екен»


Өзім де шетелде оқығандықтан өзге жұртта білім алу оңай емес екенін білемін. Әсірісе, мектепті бітіріп, енді ғана оқып жатқандар үшін психологиялық тұрғыдан қиын болуы мүмкін.

Дегенмен, әскери білім беру жүйесінде психологиялық дайындық жақсы жолға қойылыпты.

«Шетелден келген курсанттармен араласу біздер үшін де қызық» дейді Абзал мен Исламның курстастары. Қазір бір үйдің баласындай бауыр басып кеткен.

Араларындағы Арман Жумашев (оң жақтағысы) бұған дейін Көкшетаудағы әскери мектепті бітіріп келген. Сондықтан өзгелерге қарағанда әскери оқудың ыстық-суығын жақсы біледі. «Білгеніммен бөлісіп жүрмін. Сырттан келіп оқу бұл достарымызға да оңай емес. Қазақстандағы әскери білім беру өзге елдерде мойындалып жатқаны қуантады» дейді.




Мұхиттың арғы жағына барып, әскери білімін жетілдіруге кетіп бара жатқандардың бірі мына жігіт. Есімі — Думан Науанов. Ресми лауазымы — кіші сержант. Қазақстандағы маманданған әскери аудармашылардың бірі. Елімізде олардың саны саусақпен санарлықтай ғана.




Думанға сабақ беріп жүрген ұстазы — капитан, Еуропа тілдері кафедрасының бастығы Жанат Николайевна Бейсенбаева дүниежүзіндегі ең үздік әскери оқу орны саналатын West Point Academy-ға тек үздіктер ғана жіберілетінін айтты. Думанға West Point-қа шақырту осы айда келді. Арнайы тәжіриби жинақтауға бара жатқан Думан ағылшын тілін білуімен ғана емес, ақындығымен де ерекшеленіпті.




Думанның қасындағы курсанттар — Азиз Мұздыбаев пен Мақсат Орманов та бұған дейін Түркияның әскери оқу орнында болып, тәжірибе жинақтады.

«Түркиядағы әскери білім беруі мен Қазақстанның білім беруінде елеулі айырмашылықтар бар. Мәселен, Қазақстандағы әскери өмірде ізгілік қағидасы алдыңғы орынға қойылатынын байқайсың. Себебі Түркияның әскери оқу орнында адами қарым-қатынасты мүлдем сезбедім десе де болады. Барлығы тек қана ережемен өмір сүреді» дейді әскери аудармашы Азиз Мұздыбаев.




Кеңес Одағында Қазақстанда әскери аудармашылар дайындалмапты. Тек тәуелісіздік алғаннан кейін өзімізде арнайы мамандық ашылыпты. Оқулықтар жазылыпты. Қалыпты оқу орнымен салыстырғанда ағылшын тілін үйрену әдістерді де, кітаптары да сәл басқашалау.




Әскери аудармашылар кем дегенде екі шет тілін білуі міндетті екен. Ал суреттегі курсанттардың барлығы кем дегенде төрт тілде емін-еркін сайрап отыр.



Әскери аудармашы болу үшін мектеп бітірген соң, өзге түлектер тәрізді емтихан тапсырып, түседі. Оқу орнын тәмамдағандарға жұмыс та дайын.

Ең бастысы бұл өрендер Қазақстанның әскерінің кәсібиленуіне үлес қосатындарын жан-тәнімен түсінеді.

Шет тілін терең меңгергендіктен, әлемде болып жатқан әскери жаңалықтардан құлағдар. "Қазақстанның әскери әлеуеті мықты. Соңғы жылдары әскери реформада үлкен өзгерістер орын алып жатыр. Осының бәрі кәсібилікке бет бұрып жатқанымызды, тек қана техника сатып алумен емес, сонымен қатар әскери мамандарға ерекше назар аударылып отырғанын байқап жүрміз" дейді.




«Біз Қазақстанда дайындалған әскери аудармашылардың алтыншы түлегіміз» дейді курсанттар мақтанышпен. Қиындықтар қай мамандықта да болады. Өзіміз осы пәнді қалап түскен соң, алынбастай көрінетін қамалдың бәрін игеруге болатынын ұқтық. Ұстазымыз өте білікті маман" дейді алғыстарын жаудырып. Әскери аудармашы мамандығында курсанттар Халықаралық әскери жиындар барысында тәжірибеден өтеді.



Қазақстандағы әскери оқу орны деcе, білімнен бұрын тәртіп еске түсетін. Көзіммен көрген соң, тәртіп бар жерде сапалы білім де болатынына көз жеткіздім. Әсіресе, білімді шыңдау үшін өз еліміздегі біліммен шектеліп қоймай, оқытушыларды да, студенттерге де мұхиттың арғы жағына барып, тәжірибе жинауға мүмкіндік жасап жатқаны қуантты.

0 пікір

Тек тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады.