тағы да мұражай (музей) мәселесі....

Білім /
Жаңа үшінші мыңжылдық ақпараттық революция дүмпулері мен жаһанданудың буырқанған процесстеріне байланысты тұтас, іргелі өзгерістермен басталды. Қазақстанда бұл өзгерістер жоспарлы экономикадан нарықтық қатынастарға ауысты. Бүкіл Европа секілді Қазақстан да постиндустриялды экономика жағына жылжу басталды. Еліміз тәуелсіздік алған адғашқы жылдары отандық музейлердің нарыққа мүлдем дайын еместігі байқалды. Уақыт өте келе қоғамда мәдениеттің қажеттілігі сезіліп, адамдар «мәдени демалыс» үшін ақша төлеуге даяр кезеңге жеттік. Қазіргі отандық музейлердің негізгі мәселелерінің бірі – музейге келушілердің қатарын көбейту болып отыр. Ол үшін музей менеджментін, маркетингін мейлінше тереңдей игеріп, оны дамыту Қазақстан музейлерінің негізгі міндеті деп біліп, Отандық музейлерде қолдануымыз керек.
Жоспарлы экономикада мемлекет сатылған тауардың санына емес, өндірілген тауардың санына қарайтын. Мемлекет шығынының аз, көптігіне онша мән берілмейтін. Ал нарықтық қатынастарда тауардың өндірілуі сұранысты қамтамасыз етумен тығыз байланысты болып табылады. Тек ақылмен басқарып өз мүмкіндігін сауатты қолданатын музейлер осы заман үшін көкейтестілігін сақтап, дамып болашаққа шығармашылықпен келу көзіне айналуда. Музей мемлекет қаржысына тәуелді екені белгілі. Алайда музейлердің жағдайы әртүрлі. Біреулері дамиды, екіншілері кері кетеді. Музейлерді нарықтық кезеңде басқару үшін музей менеджменті, маркетингі әдістемесін пайдаланады.
Музей менеджменті музей қызметін басқаруда, үйлестіруде көптеген іс-шаралар атқарады. Қазіргі таңда отандық музейлердің негізгі және басты қаржы көзі – мемлекеттік қаржыландыру болып отыр. Музей менеджменті, маркетингі бойынша музей қосымша салалас шаруашылықтар, қызметтер ұсыну арқылы музей шығындарын азайтуға болады. Бұл жерде музейлер негізгі қызметінен ауытқымай, келушілерімізге қосымша ақылы қызметтер ұсыну арқылы музей шығындарын азайтуға болар еді.
Голландия мемлекетінде музейді басқаруды жеке тұлғаларға береді екен. Ал музейді басқарушылар музейдің байлығына тиіспейді, басқарушылар тек музейде табысты жұмыс жасап, өз қызметкерлеріне өздері тапқан табыстар есебінен төлейді екен. Голландиядағы музейді басқарушылар музейдің негізгі қызметінен ауытқымай, бизнестік жоба құрып, музейде маркетингтік, менеджменттік зерттеулер жүргізіп отырған [1].
Америка, Еуропа елдерінде музейге кететін шығындарды азайту жөнінен көптеген зерттейлер жүргізіліп келеді. 1988 жылғы АҚШ музейлерінің қаржыландырудың жалпы көлеміне сүйенсек, музей шығындарының 5% федералды бюджеттен, 5% қорлардан, 5% корпорациялардан және 85% жеке адамдар салымынан құралыпты [2].
Отандық музейлерде шығындардың орнын азайту жөнінде бірқатар жұмыстар атқарылып келеді. Орталық Мемлекеттік музейде, Ә.Қастеев атындағы Мемлекеттік Өнер музейі, Әзірет Сұлтан тарихи-қорық музейі сияқты музейлерде сувенирлік дүкендер қызметі жолға қойылып келеді. Музейлерде басқа да қызметтер ұсынуға болады. Отырар археологиялық- қорық музейінде коммерциялық жолмен музей шығындарын азайтуымызға болады. Мұны жасауға музейдің мүмкіндіктері жетеді. Музей жанынан шайхана ашып, онда келушілерімізге тарихи ортағасырлық үлгіде қызметтер көрсетсек болады. Шайханада келушілерімізге сабадан қымыз, самаурыннан шәй, тандырдан шыққан ыстық нан т.б. қызметтер ұсынып, келушілерге, шетелдік қонақтарға салт-дәстүріміздің бай екенін таныстырар едік.
Қазақтың этнографиясына байланысты ыдыстарды пайдаланып музейге келушілерге халқымыздың сан мыңжылдық мәдениетін көрсетер едік. Музейдің ауласында тұрған қазақ қайығын халқымыз қалай пайдаланғандығын таныстырып, музей ғимаратының артында ағып жатқан Арыс өзенінде жүздіріп көрсе музейге келуші демалысын жақсы өткізер еді. Бұл қызметтерді ұсына отырып музей шығындарын азайтып, музейге келушілеріміздің санын ұлғайтуға болады. Музейдің тұрақты экспозициясын тарихи құндылығымызды, мәдениет пен өнер туындыларын келушілерімізге көрсету арқылы кіріс билеттері есебінен шығындарды азайтуға тырысып келеді. Келушілеріміздің музейді тамашалауы тек экспозиция жұмысымен шектелетіні өкінішті.
Жапониядағы Токио Ұлттық музейі өздерінің экспозициясын 4-5 апта сайын ауыстырып, жаңғыртып келушілердің қызығушылығын оятады екен [3]. Қазақстан музейлері осындай экспозиция жұмысын жаңғыртып отырған жағдайда келушілеріміздің саны артпаса кемімес еді. Отандық музейлер өз арасында музейдің алмасу қорындағы, яғни қосалқы қордағы жәдігерлерін басқа музейлерге уақытша беріп, экспозициялық жұмысын жаңғыртуға болады. Музейде сонымен қатар мәдени-ағарту жұмыстарының әртүрлі формаларын ұсынуға болады. Олар: кітаптар, буклеттер, бейнефильмдер, слайдтар, полиграфиялық өнімдер және т.б. Өз келушілерімізге тек музей экспозициясын көрсетпей, осындай әртүрлі өнімдер ұсынсақ. Жапониядағы Токио Ұлттық музейі өз келушілеріне музейдегі жәдігерлердің көшірмесін, музей тақырыбына байланысты әртүрлі полиграфиялық өнімдер ұсынады екен [3]. Қазақстан музейлері де осындай түрлі қызмет ұсынса, тек шығынды азайтпай музейге келушілеріміздің қатарын көбейтіп, туризм саласын дамытар едік. Абай ақынның қара сөзінде айтылғандай «адамдардың көрсем, білсем» деген қажеттіліктерін өтеуге болар еді.
Музей шығындарының азайтудың тағы бір жолы музейде кафе-ресторандар ұйымдастырып, онда келушілерге тарихи түрде қызмет көрсету қазіргі жұртшылықты таң атқаннан қара кешке дейін жұмыс бастылықпен өткізетін адамдарға музейге келгенде, асхана, дәмханаларды ортағасырлық үлгіде қызметтер ұсынсақ. Сонда келушілерімізді орта ғасырға тап болғандай көрініс жасап, орта ғасырлық ас мәзірін әртүрлі қазақтың сусын түрлерін, тағамдарын ұсынып қызықтырар едік. Ол жерде әрбір бөлігіне дейін тиянақты ойланып жасауымыз қажет. Онда келушілерімізді қазақтың киіз үйінің ішіне кіргізіп, іште дөңгелек стол қойып, жағалай қазақтың этнографиялық бұйымдарын көрсетіп, қазақтың салт-дәстүріне байланысты бағдарламалар дайындап керемет бір демалыс ұйымдастыруға болады. Бұл тек отандық келушілерімізді ғана емес шетелдік туристтерді де тартар едік.
Қазір әлемде музей жанынан дүкен ұстап, өз келушілерін қызықтыратын, музей шығындарын азайтатын музейлер бар. Америка Құрама Штаттарындағы Нью-Иорк қаласында орналасқан Метрополитен музейінің көпке белгілі дүкендер желісі бар. Олар дүкен жұмысы арқылы шығындарының 7% осындай жолмен жабады екен [4].
Музей менеджменті мен маркетингі әдістемесініің көмегін пайдалана отырып музей қандай қызмет көрсету арқылы табысты жұмыс істейтінін зерттеп, сұранысты зерттесек музейдің табысты жұмыс істейтіні байқалар еді, келушілерімізге қандай қызмет көрсететінімізді айқындар едік.
Музейдің коммерциялық қызметі музейдің 100% шығынын жабады десек қателесеміз, алайда музей шығындарын азайтудың жолдарын іздестіреміз. Бұл мәселелерді шешуде мамандар арасында екі ұдай пікір қалыптасқан. Бұл екі бақаның айранға түсіп кетіп, шыға алмай жатқанын елестетеді. Бірі шыға алмаймын десе, екіншісі тырбаңдап шығудың жолын қарастырады, ақыры еңбегінің жемісін көріп сыртқа шығады. Осы секілді музей өз шығынын «жаба алмаймын» деп отыра берсе музей ешқашан дамымайды. Музей шығындарын азайтудың жолдары өте көп, бірақ уақыт пен қаржы ресурстарын босқа шығындамай, маркетингтік зерттеулер мен сәтті жағдайда тынымсыз іздену өлшеусіз рөл атқарады. Әлемдік музейлер тәжирбесін үйрену арқылы отандық музейлерді ХХІ ғасырға лайықтауымыз керек және оған өте зәруміз. Президентіміз айтқандай шетел технологиясын үйрену арқылы еліміз дамыған елу елдің қатарына қосылуымыз керек [5]. Еліміздің музейлері дамитынына сенеміз.

0 пікір

Тек тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады.